• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

22 Қараша, 04:34:56
Алматы
+12°

20 Наурыз, 2024 Барлық аймақтар

“Салтанаттың миссиясы қазақ әйелдерін өлімнен сақтау”

Салтанат Нүкенованың қазасынан кейін тұрмыстық өмірде таяқ жеп жүрген қазақстандық әйелдердің біршамасы тиран еркектерден кетуге шешім қабылдапты. Алматы қаласында орналасқан “ЖанСая” дағдарыс орталығын және “Аналар үйін” паналаған әйелдерден qamshy.kz журналисі пікір алды.

Фото: Көрнекі сурет

Токсикоз болып, үйіміздің берекесін алдың деп ұратын

“Отау құрғанымызға 12 жыл болды. 12 жылда 4 балалы болдық. Оқыған, тоқыған азаматқа тұрмысқа шыққаныма қуанған едім. Үйленгенімізге 1 ай толғанда қол көтеріп бастады. Сондағы себебі “токсикоз болып, үйіміздің берекесін алдың” дейтін. Кейіннен болмашы түрлі себептерді айтып, ұруын үдете түсуді. Алғашында тұрмысқа жаңа шықтым ғой деп қалдым. Кейіннен аяғым ауыр ғой деп, сосын ұят болар деп жүргенімде 12 жыл өтіпті. 12 жылда толассыз қол көтерулерінен қабырғам, мұрным сынып, басымнан гематома болып ауруханаларға жатып шықтым. Кіші екі қызым әкелерінен қорыққаннан тілдері шықпай қалды. Ал ұлдарым өте агрессивный болып өсіп келеді. Орайы келсе, маңайындағы адамдарды сабап жіберуге дайын. Өзім тұқымымда жоқ эпилепсия ауруына шалдықтым. Салтанаттың өлімінен кейін 4 баламның тағдырын ойлап, кетуге шешім қабылдадым”,-дейді “ЖанСая” дағдарыс орталығын паналаған Н.есімді азаматша.

Маған ғана емес, жеңгесімен, апасына да қол көтеретін

Мен күйеуіммен 3 жыл тұрдым. 1 ұлымыз бар. Күйеуім шаңырақ көтерген соң 6 айдан кейін “киноға өз пікіріңді айттың” деп қол көтеріп бастады. Ал мен жай ғана бірлесіп көрген киномыз туралы ойымды айтқан едім. Түк түсінбей қалдым. Өзім психолог мамандығын бітіргенмін. Күйеуім де дәрігер. Осы ұрғаннан кейін қайталай берді. Менің әр күнім жылаумен өте бастады. Психолог ретінде агрессиясының себебі не екенін анықтағым келді. Сөйтсем енеме деген ашудан туған сияқты. Енем өте еркін адам, әрі ерке. Атам да еркелетіп, бар махаббатын беріп отырады. Оларды туыстар Қыз Жібек пен Төлеген дейді. Ал маған: “сен менің мамам секілді ырбық болмауың керек, мамама ұқсап бара жатырсың” деп жиі ашумен айтатын. Әрдайым “мен еркекпін” деп кеудесін ұратын. Бір күні қатты соққыдан есімнен танып қалдым. 1 апта ауруханада жатып, сотресение алдым. Онда да атам мен енемнің сөзін тыңдап кетпей қалған едім, туыс жеңгеміздің үйіне қонаққа барғанда бәріне көзім жетті. Көз алдымда жеңгесімен керісіп қалып, ұрып, шашынан сүйреді. Жеңгеміз жылап отырып, студент кезінде апасын да “жата бермей тірлік істесеңші” деген сөзінен кейін басынан ұрып тастағанын айтты. Сонда да соға бергенге әбден етім өліп қалған екен. Кетпей жүргенімде Салтанаттың оқиғасынан кейін бір түнде заттарымды жинап, дағдарыс орталығына келдім,- дейді Қ. есімді келіншек.

Енем екеуі қосылып ұратын

Аналар үйінде баламмен тұрып жатқаныма жарты жыл болды. Өзімнің аяғым ауыр. Тұрмыс құрған соң 2-3 аптадан кейін қол көтеріп бастады. Шыдап, үндемей жүрдім. Балам да толассыз таяқ жеулерден дүниеге бүйрек жеткіліксіздігімен келді. Сол диагнозды естігеннен сау бала туып беруге қауқарың жетпеді деп ұруын үдете түсті. Енем де айтақтап, ауру баласын құшақтап отыра береді, үй жылан жалағандай таза емес деп айтақтап, сабатқызатын. Кейде қосылып ұратын. Қалай шыдағанымды білмеймін, қазір ойлап отырсам, тозақта болғанмен бірдей күй кешкен екенмін. Қазір узисттер іштегі баланың денсаулығы жақсы екенін айтуда. Тағы қалсам, екінші балам да ауру болар еді. Салтанаттың оқиғасы да өміріме үлгі болды. Оның миссиясы қазақ әйелдерін өлімнен сақтау болған сияқты,-деп сөзін түйіндеді А. есімді жас ана.

Ақгүл Айдарбекқызы

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір