06 Сәуір, 2024 NEWS
Фото: Ақорда сайты
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев су тасқыны салдарынан қалыптасқан ауыр жағдайға байланысты үндеуі жариялады.
Президент қардың күрт еруінен қалыптасқан күрделі жағдай көлемі жағынан соңғы 80 жылдан бергі ең ірі табиғи апат екенін айтты.
Мемлекет басшысы су тасқынына байланысты елдің он аймағында төтенше жағдай жарияланғанын атап өтті. Олар: Абай, Ақмола, Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан және Ұлытау облыстары.
– Біз алапат су тасқынынан тиісті қорытынды шығаруымыз керек. Яғни, жіберілген олқылықтарды түзетіп, тиісті сабақ алуымыз қажет. Ал ондай сабақтар аз емес.
Апаттардың алдын алу жұмысындағы кемшіліктен бастап, су шаруашылығы мамандарының тапшы болуы, табиғатқа немқұрайлы қарауға дейін көп мәселені реттеу қажет. Үкімет және жергілікті атқарушы органдар су тасқынымен күресті тиімді үйлестіріп отыруға тиіс. Су басқан аумақтарда құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету қажет.
Менің бұйрығыммен апатқа қарсы күреске Қорғаныс министрлігі қосымша әскери күштерін жолдайды. Халыққа көмектесу үшін Үкіметке мемлекеттік материалдық резервті пайдалануды тапсырамын. Сондай-ақ Үкімет шығындарды өтеудің тиімді жолдарын шұғыл қарастыруға тиіс. Оны зардап шеккен азаматтарға жан-жақты түсіндіру керек. Берілетін өтемақы шығынды толық жабуы қажет, – деді президент.
Мемлекет басшысы бұқаралық ақпарат құралдарын, белсенді азаматтар және блогерлерді жұртты дүрбелеңге салатын жалған ақпараттарды таратпауға, азаматтарды тек қана ресми ақпарат көздеріне сүйенуге шақырды.
Сондай-ақ құтқарушыларға, тәртіп сақшыларына, волонтерлерге және апатпен күресуге атсалысып жатқан барша жұртқа алғысын білдірді.
Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.
Пікір қалдыру
пікір