• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

09 Қараша, 04:45:25
Алматы
+12°
Жаңа тұрғын үй бағдарламасына қатысуға ниет білдірген қазақстандықтар арасында 35 жасқа дейінгі қазақстандықтар көш бастап тұр. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Алматыдағы «Отбасы банкі» АҚ директоры Данагүл Түсіпова мәлім етті.
 
Алматы, Астана және Шымкент қалаларымен қатар тұрғын үй сатып алу үшін ең көп таңдалған бес қала мен өңір қатарына Ақтөбе мен Батыс Қазақстан облыстары кірді.
 
«Наурыз» бағдарламасы бойынша өтінімдер жұмыс күндері сағат 9.00-ден 21.00-ге дейін қабылданады. Баспана маркет платформасы (otbasybank.kz) сағатына орта есеппен 400 өтінімді қабылдауға қабілетті.
 
Оның сөзінше, 15 мамырдағы жағдай бойынша барлығы 14 000 жуық өтінім сәтті қабылданды, оның ішінде Алматы қаласы бойынша 3737 өтінім. Өтінімдердің жартысы тұрғын үйге кезекте тұрған халықтың әлеуметтік осал топтарының өкілдерінен түскен.
 
Ал 2 851 өтінім қабылданбай, кері қайтарылды. Негізгі себеп – клиенттердің депозиттерінде 1 млн теңге мөлшеріндегі қажетті сома жоқ болып шыққан. Бұл «Наурыз» бағдарламасына қатысудың негізгі шарттарының бірі. Сондай-ақ, тұрғын үйі бар адамдардың да өтінімдері қабылданбады.
 
«Жуырда ғана «Отау» бағдарламасына қатысушылардың пулына кірген 8 000 қазақстандықтың есімдері белгілі болды. Қазір біз олардан төлем қабілеттілігін растау туралы өтінімдерін қабылдап жатырмыз. Екі күннің ішінде банктің 500-ге жуық клиенті несиеге мақұлдау алды. Келесі кезең-баспана таңдау. Осындай тәсілді біз "Наурыз" бағдарламасына да қолданамыз. Қазір "Отау" бағдарламасынан өтпегендер «Наурыз» бағдарламасына қатысуға өтінім бере алады. Онда мүмкіндік көбірек болмақ, себебі біз 12000 заем беруді жоспарлап отырмыз», - деді «Отбасы банк» АҚ Алматы қаласы филиалының директоры Данагүл Түсіпова.
 
Қатысушыларды дүрліктірмеу үшін өтінімдерді қабылдау мерзімі барынша ұзартылды. Үміткерлердің маусым айының соңына дейін бір жарым ай уақыты бар. Сондай-ақ өтінім беру күні мен уақыты ұпай санағанда ескерілмейтін болады.
 
Өтінімдерді қабылдау мерзімі аяқталғаннан кейін саралау басталады. Бағдарламаға қатысушылар тізіміне ең көп ұпай жинаған үміткерлер кіретін болады.
 
ӨКҚ спикері ұпайлардың қалай есептелетіндігіне тоқталып өтті:
- салым бойынша сыйақы мөлшері - әрбір 1 000 теңге үшін 1 ұпай;
- тіркелген некенің болуы - 5 ұпай;
- балалардың болуы - 10 ұпай (балалар санына қарамастан);
- халықтың әлеуметтік осал топтары (ХӘОТ) мәртебесінің болуы - 10 ұпай;
- 35 жасқа дейінгі жас (қоса алғанда) – 5 ұпай.
 
Егер екі қатысушының ұпайлар саны сәйкес келсе, онда тізімге енгізу кезінде басымдық салым сомасы көп және жинақтау мерзімі ұзағырақ адамға беріледі.
 
Саралаудан кейін клиенттер банк сайтында «Наурыз» бағдарламасы бойынша өтініш берушілердің, атап айтқанда қатысушылар пулына енгендердің және ұпайлар бойынша өтпегендердің толық тізімін көре алады. Содан кейін қатысушылардың несиеге өтінім беруге уақыттары болады.
 
Заем бойынша оң мақұлдау алған үміткердің 2024 жылдық желтоқсан айының ортасына дейін баспана іздеп, сатып алуына уақыты болады.
 
«Наурыз» бағдарламасының шарттары:
- алғашқы жарна - 20%-дан бастап;
- тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтардың әлеуметтік осал санаттары үшін кредит бойынша мөлшерлеме - 7% (ЖТСМ 7,3%-дан 8,9% дейін);
- азаматтардың барлық санаттары үшін кредит бойынша мөлшерлеме - 9% (ЖТСМ 9,3%-дан 11,8% дейін);
- несие мерзімі - 19 жылға дейін.
«Наурыз» бағдарламасы аясында тұрғын үй сатып алу бойынша келесі шарттар ұсынылады:
- алғашқы нарықтағы тұрғын үй, оның ішінде ҚТК кепілдігімен үлестік қатысу шарты және сақтандыру құралы бойынша;
- моноқалалар мен ауылдық елдімекендерде екінші нарықтағы тұрғын үй, жылына бөлінген қаражаттың жалпы көлемінің 30%-нан аспайтын көлемде.
 
«Заемның Алматы мен Астана қалалары үшін ең жоғарғы мөлшері - 36 млн теңгеге, ал қалған өңірлер үшін – 30 млн теңгеге дейін», - деді Данагүл Түсіпова.
 
Сондай-ақ, бір несие аясында сатып алынып жатқан бастапқы баспананы жөндеу жұмыстарына да ақша алуға да болады. Бастысы жөндеуге арналған қарыз сомасы тұрғын үй сатып алуға арналған кредиттің жалпы сомасының 20%-нан аспауға тиіс, бірақ қарыздың ең жоғары сомасы шегінде.
 
Бағдарламаға қатысушы пәтерді Баспана маркет порталынан таңдап, брондай алады (otbasybank.kz). Бұл қызмет жаңа тұрғын үй бағдарламасының басталуы аясында тұрғын үй бағасының жасанды өсуіне жол бермеуге арналған.
 
"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір