• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

29 Маусым, 00:51:17
Алматы
+35°

25 Маусым, 2024 NEWS

Туыстарына 400 миллион теңгеден жалақы аударған: Маңғыстаудағы мұнай кәсіпорны иелері миллиардтап ақша жымқырған

Мұнай-газ саласының 5 кәсіпорнында тексеру жүргізілді. Нәтижесінде ұйымдардың 4 басшысы ұсталды. Олар өз туыстарына 400 миллион теңгеден жалақы аударғаны белгілі болды.

Фото: ашық дереккөзден

Маңғыстау облысының прокуратурасы экономикалық тергеу департаменті, сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет мұнай кәсіпорындарында тексеру жүргізген. "ҚазМұнайГаз" ҰК АҚ еншілес кәсіпорны "ОйлТранспортКорпорейшн" ЖШС-нің лауазымды тұлғалары тауар жеткізушіден 1,5 миллиард теңгеден астам сомаға бағасына сәйкес келмейтін автобустарды алғаны анықталды. Олар құнын 400 миллион теңгеге көтеріп көрсеткен.

Сондай-ақ жұмыс істемейтін арнайы техника қызметтері үшін 110 миллион теңге аударғаны белгілі болды. Ал "West Oil Software" ЖШС-де жұмыс істемегендерге 400 миллион теңгеден астам жалақы төлеген. Осылайша компания басшылығының жақын туыстарына негізсіз жалақы есептеліп келген.

“Қылмыстық кодекстің 189-бабының 4-бөлігі “Сеніп тапсырылған бөтен мүлікті ірі мөлшерде беру немесе жымқыру” бойынша 5 сотқа дейінгі тергеу басталды. Процестік прокурорлар тағайындалды. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру шеңберінде аталған ұйымдардың 4 басшысы ұсталды. Қылмыстық істер облыстық экономикалық тергеу департаментінің өндірісінде”, – деп мәлімдеді Маңғыстау облысының прокуратурасы.

Еске салайық, бұған дейін “West Oil Software" компаниясының жұмысшылары бір ай бойы ереуілге шыққан еді. 2023 жылдың 11 желтоқсанында бас көтерген қызметкерлер "ҚазМұнайГаз" Ұлттық компаниясы" АҚ құрамына қосылуды, бірыңғай жалақы жүйесін енгізуді және материалдық-техникалық базаны жаңартуды талап еткен. 

Кейін Маңғыстау облысындағы "West Oil Software" ЖШС жұмысшыларының ереуілі заңсыз деп танылған еді.  Ал 28 қаңтарда "West Oil Software" ЖШС Маңғыстау облысындағы ереуілге байланысты 50 қызметкерді жұмыстан шығарғаны белгілі болды. 

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір