Фото: Ашық дереккөз
Айтбек Амангелді сыныптастары жезөкшелікпен айналысуға мәжбүрлеген қызылордалық 16 жастағы оқушы қызға қаржы жинап берді. Бұл туралы ол әлеуметтік желідегі парақшасында жазды.
"Қызылордалық қызға көмектесу үшін қыздың ата-анасымен, қорғаушылармен бірлесе отырып жұмыс жасаймыз. 14-17 тамыз аралығында көмек ретінде ақша жинаған болатынбыз, қаржы қыздың әпкесіне Аидаға жіберілді. Қазіргі таңда ақша жинау тоқтатылды. Бәрінің есебін береміз. Екі жарым күннің өзінде 17 984 909 теңге жиналды", - дейді Айтбек Амангелді.
Ол ақша не үшін жұмсалғанын кез келген адам құжаттан көре алатынын жеткізді.
"Жиналған қаржы не үшін жұмсалып жатқанын ашық көрсету үшін арнайы кесте дайындадым. Қыздың ата-анасы күн сайын кестені толтырып, қаржының қайда жұмсалып жатқанына есеп беруге міндеттелді. Құжатты кез келген адам көре алады", - дейді Айтбек Амангелді.
Еске салайық, тамыз айының басында "Немолчи" қорының жетекшісі Дина Таңсәрі 16 жастағы оқушы қызды сыныптастары секс-құлдыққа салғанын мәлімдеді. Кейіннен БАҚ беттерінде қыздың анасының көмек сұраған хабарламасы тараған болатын.
Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.
Пікір қалдыру
пікір