21 Қыркүйек, 2024 NEWS
Фото: Маңғыстау облысы әкімдігі
Елімізде жасыратыны жоқ атом электр станциясының құрылысы төңірегінде дәйексіз деректерге негізделген дүдәмәл пікірлер мен негізсіз тұжырымдар толастамай тұр. Алайда атом қуаты таяу болашақта еліміздегі бірқатар экологиялық және экономикалық мәселелердің кілтіне айналады. Меншікті атом электр стансасы энергия тасымалдаушылардың импортына тәуелділікті азайтуға, елдің энергетикалық қауіпсіздігін арттыруға және энергетикалық ресурстарды неғұрлым икемді басқаруға мүмкіндік береді. Сондай-ақ отандық атом өнеркәсібін өрістету энергетикалық жүйенінің теңгерімін үйлестіруге септеседі.
Атом энергетикасын игеру төңірегінде туындаған дақпырт ескірген әрі дәйексіз мәліметтерге негізделген. Уақыт өткен сайын атом энергетикасы саласындағы технологиялар қарқынды дамып, олардың қауіпсіз және экологиялық таза энергияның қайнар көзі екеніне сенім артты.
Атом электр станцияларының қауіпсіздігіне қатысты халықтың күмәні Чернобыль (Украина) және "Фукусима 1" (Жапония) сынды АЭС орнаған алапат апаттан кейін үдей түскені мәлім . Алайда, жаһандық сарапшылардың басым бөлігі қазіргі заманғы атом электр станциялары қауіпсіздіктің ең жоғары стандарттарына сәйкес салынып жатқанын айтады. Технология уақыт өткен сайын үздіксіз даму үстінде, сондықтан қорғаныс механизмдері ықтимал апаттардың алдын алады.
Атом станциялары туралы қате түсінікті көбінесе атом бомбалары мен атом электр станцияларының құрылымы туралы білімі жоқ адамдар қалыптастырады. Ядролық бомба мен реакторлық қондырғылардың жұмыс бағдары мен принципі мүлдем екі бөлек нәрсе. Атом электр станцияларының жарылуы мүмкін еме, себебі тізбекті реакция қауіптің алдын алады.
3 + буынды реакторық қондырғылар салқындату жүйелерімен жабдықталған. Бұл электр қуаты өшкен жағдайда да бірқалыпты температураны ұстап тұруға мүмкіндік береді. Ал ол өз кезегінде апаттың болу қауіпін сейілтіп, құрылғының қалыпты жұмыс істеуіне кепілдік береді. Бұдан бөлек, реакторлық қондырғылар заманауи басқару және бақылау жүйелерімен қамтамасыз етілген.
Көптеген адамдар атом электр станциялары қоршаған ортаға зиян келтіреді деп санайды. Шындығында, атом станциялары көмір және газ электр станциялары сияқты дәстүрлі энергия көздерімен салыстырғанда ауаға көмірқышқыл газының ең аз мөлшерін шығарады. Сондай-ақ әлемдік ғылымда АЭС қалдықтарын кәдеге жарату және қайта өңдеу технологиялары дамып келеді. Экономикалық жүйесі дамыған көптеген елдер қазірдің өзінде жердің терең қабатына қалдықтарды көму тәжірибесін қолданады.
Кейбіреулер табиғи қуат көздері (мысалы, күн немесе жел) жақын арада атом электр станцияларын толығымен алмастырады деп санайды. Дегенмен, атом энергиясы электр желісіне негізгі жүктемені қамтамасыз ете алатын ең тұрақты көздердің бірі болып қала береді. Күн және жел энергиясының энергия тұрақтылығын қамтамасыз ете алмайды.
Атом электр станциясының құрылысы айтарлықтай қаржылық инвестицияларды қажет еткенімен ұзақ мерзімді перспективада мұндай станциялар арзан электр энергиясының басты көзіне айналады. АЭС іске қосылғаннан кейін пайдалану шығындары мен энергия құны дәстүрлі электр станцияларымен салыстырғанда едәуір төмен болатынын атап өткен жөн.
Қоғамда атом станциялары террористердің нысанына айналуы мүмкін деген қауіп те бар екені мәлім. АЭС сияқты сан деңгейлі стратегиялық нысандарда қорғаныс қатаң қадағаланады. Атом станциясының конструкциялары ауыр апаттарға, соның ішінде ықтимал террористік актілерге төтеп береді. Ядролық нысандардың қауіпсіздігі көптеген елдер үшін ең басты басымдық және АЭС ең қорғалған нысандардың бірі болары шүбәсіз.
Қазақстанда атом электр станциясының құрылысын жүргізу тарихи шешім болмақ. Қазақстан әлемдегі ең ірі уран қорына ие, сондықтан энергетикалық қауіпсіздікті, тұрақты экономикалық өсімді қамтамасыз ету және отын-энергетикалық шикізатқа тәуелділікті төмендету үшін өз ресурстарын тиімді пайдалануға ұмтылады.
Мемлекеттің энергетикалық әлеуетін дамытуға деген ұмтылысы ұрпақ болашағына бағытталған басты игілік деп ұғынуымыз керек. Соңғы зерттеулерге сүйенсек, ХХІ ғасырдың ортасына қарай жер жаһанда энергияны тұтыну екі есе артады. Сарапшылар Жапонияда апат салдары мен аса қайғылы оқиғаларға және одан кейінгі бейбіт атомға деген халықтың күмәнінің артуына қарамастан, атом энергетикасы ең перспективалы бағыттардың бірі болып қала беретінін айтады. Әлемдік экономиканың дамуымен бірге күннен күнге артып келе жатқан электр қуаты жаңа энергия блоктарын салуды талап етеді. Сондықтан ядролық энергетиканың негізгі ресурсы — уранға сұраныс артып келеді.
Соңғы мәліметтерге сәйкес, Қазақстан жылына шамамен 113 млрд кВт/сағ электр энергиясын өндіреді,ал 128 млрд кВт/сағ тұтынады. Көмір және газ станцияларының көміртегі шығарындылары климаттың өзгеруіне және қоршаған ортаның ластануына ықпал етеді.
Көптеген елдер қазірдің өзінде неғұрлым таза және тиімді энергия көздеріне көшуде, және Қазақстан орнықты даму және қоршаған ортаға әсерді азайту жөніндегі жаһандық мақсаттарды қолдай отырып, бұл бағытта ілгерілеу үстінде.
Сөзімізді қорыта айтар болсақ, елдегі электр қуатының тапшылығы, сондай-ақ атом өнеркәсібіне қатысты кәсіпорындардың үздіксіз жұмысын қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін табиғи ресурстардың мол қоры, Қазақстанда АЭС салу уақыт талабына сай қажеттілік екенін айғақтай түседі.
Голрох Жеменей
Маңғыстау облысы
Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.
Ұсынылғандар
Пікір қалдыру
пікір