• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

24 Қараша, 17:56:45
Алматы
+12°

11 Ақпан, 2014 NEWS

Ләйләнің жан сыры немесе "Қырғызсайдың" киесі ақ түйеде ме?

Көптен бері көңілім құлазып жүр. Әр нәрсеге алаңдап, жоспарлаған жұмыстарымды атқаруға зауқым болмады. Әр мезгілдің адам жанына әсер ететін керемет көріністері...

  Көптен бері көңілім құлазып жүр. Әр нәрсеге алаңдап, жоспарлаған жұмыстарымды атқаруға зауқым болмады. Әр мезгілдің адам жанына әсер ететін керемет көріністері бар ғой. Бұл жолы қыстан хабар айтқан алғашқы қар да көңілімді сергіткен жоқ. Шіркін, осындайда ақтарылып әңгімелесетін дос болса ғой! Кеудеге тығылған өксіктен арылтып, тулаған жүректі жырлатып, көңілдегі тұншыққан мұңды кетіретін сырлас дос болса ғой! Мына сөзімнен мені бір түпсіз терең қайғыға батқан бейбақ екен деп қалмаңыз. Мен де сіз секілді тіршіліктің сойылын соғып, көшке ілескен көптің бірімін. "Онда неге жаның жай таппай жүр?" дейсіз ғой. Біреу көштен оза шауып, алды болуды армандайды, енді біреу көштің соңы болмауға тырысып, өмір сүреді. Тіршілік етудің мәні де сол шығар, ондайларға қарсылығым жоқ. Қапас дүниені тар санап, кеудеме сыймайтын жүрегім мен жанымды күйдірген сағынышқа дәру іздеп келемін. Менің қайғым осы. 

       Сағынышыма шипа іздеп, балалық шағым өткен ауылыма көп барушы едім. Таудың етегінде орналасқан Қырғызсайдан артық мен үшін қасиетті мекен жоқ. 3-сыныпта әкемнің қызметі бойынша осы ауылға көшіп келгенбіз. Балаға бәрі таңсық. Жаңа мектеп, жаңа достар, жаңа ортаның ұнағаны анық. Оқушы кездегі қызықты сәттердің орны тіпті бөлек. Ал, ауылымның табиғатына сүйсініп, биік таудың баурайында бала боп ойнап, қуанған кездерім ерекше мен үшін. Күнде таңертең тауға қарай сиыр айдауға ерінуші едік. Бұл жұмысты інім екеуміз кезектесіп атқаратынбыз. Таңғы ұйқыны қимай, көзді тырмалап ашып, өзі жол табатын сиырдың соңына ілесемін. Жарты жолға жеткенде таңғы ауадан бойым сергіп, ұйқым шайдай ашылады. Сиырды жайылымға жеткізіп, қайтарда жолды қысқарту үшін қырқаларды асып, төте жолмен үйге тура тартамын. Ауылдың орта тұсына жақын маңда орналасқан жартасқа шығып, қызу тіршілікке кірісіп жатқан жұртты сырттай тамашалаушы едім. «Жалғыз жүрмін-ау» деп елеңдеп, қорқу жоқ. Керісінше қиялға беріліп, сол жартаста ұзақ отыратынмын. Сосын "анам іздеп қалады-ау" деген оймен үйге қарай аяңдайтынмын. Жоғары сыныпта оқып жүрген кезімде де әлденеге көңілім толмаса, сол жартасқа кетіп қалатынмын. Сол жерден қызарып батқан күнді тамашалау маған қатты ұнайтын. 11 сыныпта оқып жүрген кезімде Қырғызсайдан аудан орталығына көштік. Көшудің әңгімесі шыққан күннен бастап, көзім құрғамады-ау. Бауыр басқан достарымды қимай қиналған едім. Көшіп бара жатып көлік ішінде өзімді тоқтата алмай жылағаным бар. Қазір сол кездегі қимас достарымның бірі де жоқ. Көре қалсам, әңгімеміз амандықтан әрі аспайды. Студент болған кезде «сол кезде неге сонша жыладым, неге сонша қимай қиналдым» деп өткенді күліп еске алып жүрдім. Бала жүрек достарынан алыстағандықтан емес, киелі мекенін қалдырып, мәңгіге жырақтап бара жатқанын сезген екен ғой. Оны мен кейін түсіндім. Әрине әркімге де туған жері, балалық шағы ыстық шығар. Бірақ бүгінде ауылынан алыстап, есейіп, ес білген қатарластарымның Қырғызсайға ат басын бұра бермейтінін жақсы білемін.

        Мерекеге қатысты үш күндік демалысты пайдаланып, ауылға баруды жөн көрдім. Сағыныштан сарғайған көңіл қаланың шуынан құтылғанша асық. Кеңдікке жетсем, серпілермін деп жұманың кешінде жолға шықтым. Бұл жолғы жоспарым бөлек. Құдай сәтін салса, Қырғызсайыма барамын. Құрбыларыммен бірге таудағы демалыс орнына барып қайтуды жөн көрдім. Жоспарлай салып, ауылда бірге өскен қыздарға ұсыныс айтқанмын.

Құрбыжан, жүрсеңші, ауылға барайық. Жұмыс деген бітпейді. Мерекеге берілген үш күн демалысты пайдаланып қалайық. Таза ауамен тыныстап, серпіліп келеміз, – деп елпілдеп тұрмын қуанып. Сөйтсем туған жерді сағынбайтындар да бар екен, құрбым ар жақтан:

    Қойшы, ауылда не бар? Үш күн демалыста ауылға барып, уақытты босқа өткізбексің бе? Одан да қалада қыдырайық, – деді таңданған дауыспен. Әлі де ойланар деген үмітпен мен де өз ұсынысымнан бас тартпаймын.

     Қалада күнде қыдыруға болады ғой. Ал тауда демалуға мүмкіндік бола бермейді. Ойлан! Ауылды сағынбадың ба?

   Қойшы, сағынғаны несі? Суықта тауда не бар? Сен шынымен барайын деп тұрсың ба? Ары-бері босқа шығындалып не керек?

    Әрине. Бармасаң өзің біл, – дедім  жалынғаннан пайда болмасын біліп. Жұрттың бәрі мен секілді сағыныштан зарықпайтын шығар деп қоямын өзімді жұбатып.

        «Есебі түзу» адам бұл күнде қалтасының қамын ойлайды. Ол да дұрыс шығар. Есебімнің бұрыстығынан ел аралап жүргенім жоқ. Тауды қатты сағынып, көңілім ауылға ауа береді. Ал ұзақ уақыт бармай қалсам, өз-өзіме жат болып, жаным күйзеледі.  Кейде «осы менің денім сау емес шығар» деп күдіктенген кездерім де аз емес. Алайда сағыныш дейтін кереметтің сан түрлі аурудың қатарына кіре қоймағандығы белгілі.  Сағынбасам, мүмкін мен де... Жоқ, қаржыға тәуелді болғаннан құдай сақтасын. Сағынышты сезінгеніме қуандым, ауылымды сағына алатын жүрегімнің барына шүкір дедім. Алматыда ауылы түгілі анасының қал-жағдайын білуге асықпайтындар баршылық қой. Себебі – біреу-ақ. Уақыттары жоқ. Құрбымның да алтын уақытын ұрлап, қиянат келтірмейін дедім. Оның үстіне:

  Туған ауылға дұрыстап барғым келеді, – деп қалды. Түкке түсінбеген мен:

    Дұрыстап барғаны несі,  – дедім таңданып.

     Аппақ джиппен ауылдың шаңын көкке көтеріп, көшеде көлікті басып айдап өтсем, шіркін! Сол дарежеге жеткен де ғана ауылға барамын, - деді сеніммен. Құрбым қалжыңдаса да шын ойын айтты. Мен оның асқақ арманына күлкім келіп:

Кімнің көзіне көрінгің кеп жүр ондай дарежемен? Ауылдағы жұрт қалаға көшіп, онда тек үлкен кісілер қалған, – дедім.

      Мейлі, сонда да, – деді құрбым менің кекесін сөзімді құлағына да қыстырмай.

Айдананың сөзіне ыза болдым.

    Мен ғой тауды сағынамын, – дедім. Басқа ештеңе айтпадым.

      Домбырам не дейді, мен не деймін. Көксегені басқа болса, көңілдің жайын қайдан ұқсын... Ақша тауып, дүниені мақсат тұтқан адам қырда қалып көнерген ауылды қайтсін? Қолды бір сілтеп, ауылға қарай тартып отырдым. Бүгінде сонша жерден зарығып жеткен де алдыңнан шығып, қарсы алатын дос та, құрдас та, қимас та қалмаған ауылда. Жүзі таныс кісілер кездесе қалса, қасынан  бас изеп өте шығамын. Арнайы барып амандасайын десем, бізге сабақ берген ұстаздардың барлығы дерлік қызметтерін ауыстырып, кейбіреуі қалаға көшіп кетіпті. Он жыл ішінде Қырғызсайда көп нәрсе өзгерген. Ал қол жайып бата сұрайтын қарттардың да қатары көрінбейді. Мен сонда да Қырғызсайға құмартып тұрамын. Осы ауылдың қырқалары мен жоталары, қарағайлы  белдері мен сайлары жане биік таулары мені құшақ жайып қарсы алып, ақ жол тілеп, шығарып салатын атам мен әжем секілді еді.

     Қасыма екі құрбымды ертіп, ауылыма жеттім. Қырғызсайдың қазіргі келбеті жанымды ауыртты. Ауылдың көркі болар жастардың барлығы дерлік қалаға кеткен. Бала кеткен соң, артынан еріп ата-анасы кеткен. Бір көшеде бірнеше үй құлазып бос тұр. Ал мұржасынан түтін көрінген үйлерде қалаға кеткен бала-шағасының тілеуін тілеген әке мен шеше ғана отыр. Ауылды аралап, бірнеше көшені айналып өттім. Не ойнаған бала, не қимылдаған қарт көрінбейді. Мүлгіген тыныштықтан жаным түршікті. Өзім тұрған үйге қарай бұрылдым. Баяғыда биік болып көрінетін «ақ сарайым» аласарып қалғандай. Қорада мал байлаулы тұрғанына қарағанда адам тұратын сияқты. "Сырт көзге күдікті көрінбей тезірек қайтайын" деп асықтым. Амандасайын десем, көршілерімнің де төбесі көріне қоймады. Терезесі көше жаққа қараған бөлмемнің ішкі көрінісін елестеттім. Мен іздеген бала Ләйләнің елесі ғана жүгіріп өткендей болды. Әрине өз ойымда ғана.

   Жоспар бойынша таудағы демалыс орнына тартып отырдық. Алдын ала келісіп, екі күнге орын алғанбыз. Қыс мезгілі болса да, қар қалың емес. Тауға қарай көлік қиналмай көтерілді. Қар жамылған жоталар өзінше әдемі. Таудың ауасын жұтқан сайын көңілім көтеріліп келеді. Барлығын ұмыттым... Реніш те, күйзеліс те, шаршау да жоқ. Керісінше еркіндікті сезініп, алып-ұшып тұрмын. Әлдекімді сағынып па едіңіз? Әлгі сағыныштан ойыңыз бөлініп, көңіліңіз құлазып, жаныңыз жай таппай, жабырқап көрдіңіз бе? Ал, сол адаммен қауышқан кезде ше? Қанша уақыттан бері сағыныштан сарғайтқан сары уайым бір сатте-ақ жоқ болып, баладай мәз болып қуанып па едіңіз? Шаттықтан жүректің дүрсілі жиілеп, адамның өз-өзінен күле беретіні бар ғой... Сосын осынша сағындырған аяулы жанның жүзіне қайта-қайта қарай бересіз. Мүмкін ақтарылып әңгімелесесіз. Айналаны түгел ұмытып, сағыныш басылғанша бақытты күйде боласыз. Міне, мен де осындай күйде болдым. Көңілімде тек қана қуаныш. Себепсіз қуаныш. Жанымның жадыраған қалпын сезініп, тауда мәңгі қалуға бармын.

      От жағып, шай қайнатып қойған күтуші апай жатын орнымызды көрсетіп шықты. Таза, жинақы, жып-жылы үйге бірден орналасып алдық. Құрбыларым да маз-мейрам. Тек "тау ортасы ғой, қасқыр болуы мүмкін" деген күдік қана көңілге қорқыныш ұялатты. Есікті іштен бекітіп алып, тамақтануға кірістік. Ұялы телефон желісі тартпайды екен, Айзада соған қуанды. – Нағыз демалыс, керемет тыныштық болды,– деп қояды күліп.  Әдетке айналған агент әлемінен аз уақытқа болса да құтылғанына қуанып жүр. Әңгімеміз жарасып, "таңға дейін ұйықтамаймыз" деп келістік. Мұнда тек мен емес, қыздар да сергек жүр, көңілдері де көтеріңкі. Түн ортасында жел соққандай болды. Таудағы ауа райын байқап көрмек болып, қорықсақ та қызық көріп сыртқа шықтық. Міне, керемет! Қапалақтап қар жауып тұр. Ауа жып-жылы. Қорқуды да, мұздауды да ұмытып, қар атысып, ойнауға кірістік.  – Туу, мынандай керемет жерге неге бұрын келмегенбіз? Бұдан былай тағы келейікші? Тіпті, кезекті мерекені осында өткізсек қайтеді, – деді сұраулы жүзбен Назым. Бұл ұсынысқа Айзада да қарсы емес: – Иа, табылған ақыл. Сөйтейік,- деп жатыр. – Ой, қыздар, қайта келуді ойлап жатырсыңдар ма? Менің ғой кететін ойым жоқ, ертең қалатын сияқтымын, – деймін күліп. Содан не керек жылы көрпеге оранып жатып, көзім ілініп кетіпті. Түс көріппін. Түсімде Қырғызсайдан аудан орталығына қарай алып баратын тас жолдың бойымен жаяу кетіп барады екенмін. «Ләйлә» деп шақырған зор дауысқа жалт бұрылдым. Сөйтсем,  әппақ түйе тұр. Әлгі түйе киізсіз, еш жамылғысыз құрылған қазақ үйдің ортасында тұр екен. Үйдің уықтары анық көрінеді. Шаңырағын да байқаймын. Сосын еш жамылғысыз, жалаңаш тұрған үйге қамалған түйеге жақындайды екенмін. Еш қорықпаймын. Сөйтсем, түйе де маған қарай жылжып келеді. Ол жүрген сайын қазақ үй де бірге жылжиды екен. Мына көрініске таңданып: "Е, қазақ үйге қамалып қалған ба десем, қазақ үйді өзі көтеріп жүр екен ғой"  деп ойлап жатырмын. Қадалып қарап тұрсам, әлгі түйе тіл қатады. Мен түйемен күнде сөйлесіп жүрген адамдай әлгінің әңгімесін қалыпты қабылдаймын. Бірақ көңілім әлденеге алаңдаулы екен, кетуге асығып тұрмын. Бағытым аудан орталығы екен. Әппақ түйе жай ғана:

– Келдің бе,– дейді. Мен бас изеймін. Бірақ кетуім керек дегенді аңғартып, жол жаққа қарай қол сілтеп жатырмын. Сөйтсем:

– Білем, сенде кетесің, қалмайсың ғой,– дейді. "Ренжіп қалды ма?" деген оймен түйеге жақындаймын. Алып түйе орнынан қозғалмайды.

–Менің ауылдан кеткеніме көп болған. Тек ел арасына кіре алмай айналып жүрмін. Мені қуып жіберген, – дейді мұңлы дауыспен арт жағына қарап. Қырғызсай жаққа көз жіберіп тұр. Мен ақ түйені адасқан екен деп ауылға қарай айдағым келеді. Бірақ түйе орнынан қозғалатын түрі жоқ.

– Мен жол бойында жүремін,- дейді орнымнан қозғама дегендей. –  Сол үшін де жастар жолда көп апат болады,- деді зор дауыспен. Сосын артқа қарай айналып, түйе жалаңаш қазақ үйді көтерген күйі ауылға қарай аяңдайды. Мен соңынан ергім кеп, бірақ «кетуім керек қой» деп екі жаққа кезек қарап тұрып оянып кеттім. Түсім ап-анық. Сөздер санамда сайрап тұр. Қайта-қайта ой елегінен өткізіп, біраз жаттым. Бұрын соңды түсімде түйені тура осылай анық көрмеген екем, ақ түйе көз алдымнан кетер емес. Таң атқан екен, терезеден жарық түсіп тұр. Ойланған күйі сыртқа үңілдім. Маған қарсы қарап тұрған биік тау ұйқымды шайдай ашып жіберді. Көзіңізді ашқан кезде дәл қарсы алдыңызда биік тау көрсеңіз қандай күйде боласыз? Елестетіңізші?!  Қар жамылған шыршалар тіпті керемет әсер береді екен. Таудың таңғы табиғатын тамашалауға асығып, сыртқа бет алдым. Тұп-тұнық ауаны құмарлана жұтып, айналаны қоршаған биік белестерге кезек-кезек көз жүгіртіп тұрмын. Құлаққа ұрған танадай мүлгіген тыныштық.

– Үнсіз тұрғаныңмен көп нәрсені айтқызбай ұғасың-ау,– дедім қарсы алдымдағы тауға қарап.  – Сыртқы қалпың қатал қарияға ұқсағанымен, сен өте мейірімдісің, – деймін таумен іштей тілдесіп.  – Сенің мейірімің ғой мені осында жиі шақыратын. Сенің баурайыңнан ғана сая табамын. Сен соны білесің бе? Қатты сағынамын, қасыңда тұрып та сағына беремін, – дедім көңілімдегі сағынышты жеткізгім кеп. Өзіммен өзім сөйлесіп тұрмын.

Кенет... кенет есіме таңда көрген түсім келе қалды. Алып, ақ түйе! Ол не деп еді? Әйтеуір, түйенің әлденеге ашуланғаны есімде. Ақ түйе осы таудың киесі болса ше? «Киесіз жер болмайды» дегенді көп оқушы едім... Мысалы, Мұқағали ақынның «Аққулар ұйықтағанда» поэмасында Жетімкөлдің киесі туралы айтылмап па еді? Өз ойымнан өзім шошып, дегбірім қашты. Жамылғысыз қазақ үйге қамалған ақ түйе көз алдымнан кетпей қойды. Тура қазір қасымда тұрғандай болып, қорқа бастадым. Жүгіріп үйге кірдім.

– Не болды, түрің бозарып кетіпті ғой, – деді Назым мендегі өзгерісті бірден байқап.

– Жай, тоңған соң шығар,– деп ештеңе білдіртпеуге тырыстым. Түсімді жайып салуға бір түрлі батылым бармады. Ал "ойымды айтсам, қорқытып алармын" деген күдігім де жоқ емес.

    Қыздар сыртқа шығып, серуендеп жүр. Ал менің ойым онға, санам санға бөлінді. Ақ түйе маған нені ескерткісі келді? Жамылғысыз қазақ үй ненің белгісі? Мен неге жолда қалдым? Неде болса, түсімді жорытуға бел байлап, үйге асықтым. Ойыма көрші апам түсті. Анда-санда үйге келіп, көрген-білгендерін, ақылын, іштей түйгенін әңгімелеп, айтып отырушы еді. Кішкентайларға дем салатыны да бар. Құраннан хабардар кісі түсімді нақты жорып берер деп түйдім. Қыздарды "кетейік" деп асықтырып, түс ауа таудан түстік. «Денсаулығым болмай тұр» деген сылтаумен келе сала көрші апама жүгірдім. Ол кісі әңгімемді асықпай тыңдап, ойланып ұзақ отырды. – Жорытқаның жақсы болған. Алладан аян алыпсың балам, – деді. – Жалпы түйе түске көп кірмейді. Түстегі түйе әруақты, киені, қасиетті аңғартады. Ол ауылдың киесі кеткен екен. Содан бері жұрттың құты қашып, берекесі болмаған-ау,сірә. Ақ түйе көтерген жамылғысыз қазақ үй осыны аңғартып тұр. Шаңырағы мен уықтарының орнында тұрғанын көргенің – жақсылықтың белгісі, ел арасында бірліктің барын көрсетеді, – деді. Ал түйенің айтқан сөздерін жорып қажет емес, ол ақиқатты айтқан. Сенің барар жеріңе кетіп қалмай, жол ортасында қалғаның – ауылыңа алаңдауың. Он сегіз мың ғаламды жаратқан Алла – барлық нәрсенің иесі. Адамды былай қойған да, ұшқан құс пен жыбырлаған жәндік те Құдайдың меншігінде. «Су иесі Сүлеймен» деп сыйынамыз, ал жер иесін жеке дара атамасақ та, барын баяғыдан білеміз. Демек, бұл ауылдың киесі бар. Жарықтық «айналып жүрмін» дегеніне қарағанда  кеткен көрінеді бір кездері. Алла жолына құрбан шалып, құран оқытқан жөн болады ауыл арасында. Кие деп құдайға серік қосты демегін, түсіңде көрген түйең елдің берекесі, ырысы, ынтымағы да болуы мүмкін, – деп көрші апам сөзін аяқтады.   Ақ түйенің сөздерін тағы да есіме түсірдім. «Мен ауылға кіре алмай айналып жүрмін. Жол бойында жүрмін. Сол үшін де жолда жастар көп апат болады». Қахарлы үн, ащы дауыс. Бірден көктемде жол апатынан қайтыс болған сыныптасым есіме түсті. Қарсы соғылған көліктегі кісі де осы Қырғызсайдың тұрғыны. Оның алдында да жол апатынан қайтыс болған адамдар аз емес. Және о дүниеге аттанып жатқандардың көпшілігі – жастар.

     Қыршыннан қиылған құрбы құрдастарымды ойлап отырмын. «Алланың жіберген ажалынан кім қашып құтылған» деп талай рет өзімізді жұбаттық. Кеудеміз өксікке толып, өзегіміз өртенсе де, қолдан келер дәрмен жоқ, талайды жер қойнына тапсырдық. Бүгінде бәрі бір-бір төмпешікке айналған. Сонда Қырғызсайдан кие кеткендіктен жастарын ажал құшты ма? Жердің киесі неге кетті? Әлде құдайдың қаһары ма? Жердің киесі еліне қорған бола ма? Жауапсыз сұрақтар тізіліп жатыр... О дүниелік болған жастардың барлығымен дерлік етене жақын араласпасам да, олардың амандығы көңілге қуат еді. Бүгінде құрбы-құрдастарымның барлығы өзінше жол тауып, тіршілікке кірпіш болып қаланып жатқаны анық. Кімнің де болса, алыстан атын естіп, хабарын біліп қалсам, «ауылдасым» деп алаңдаймын. Жалғыз мен ғана емес, Қырғызсайда өскен құрдастарымның барлығы да солай. Күнде кездесіп, жиі жүздеспесек те, бір-бірімізге іштей тілеулеспіз, білемін. Бірақ соңғы жылдары жиілеген жас өлімнен сескенетінім рас. Ажалға араша бола алмасым анық, алайда шынайы ықыласпен жасалған дұға және садақа алдағы қауіпті қайтаратынын оқығанмын. "Қалайда ауылдың киесін өз жеріне қайтару керек! Көптің тілегі қабыл ғой, ортақ ниетпен құдайға құлшылық ету керек шығар..." Аян берген Аллаға шүкір айттым. Осы шешімнен соң арқамнан ауыр жүк түскендей жеңілдеп қалдым.

      Ессіз сағынышымның себебін енді түсінгендеймін. Жаныма медет, көңіліме қуат беретін киеңнің барын баяғыдан білсемші... Аққусыз қалған Жетімкөлдей, киең кеткелі сенде құлазыған екенсің-ау, ауылым! Бауырыңнан бүтін бір ел көшпесе де, берекең болған, мерекең болған өрімдей өрендеріңнен айрылыпсың. «Бұл қонысқа асығатындай кіндігім көмілмеп еді ғой» деуші едім. "Ұланым" деп өзіңе шақырып тұратын киеңнің барын енді ғана түсіндім.

      Екі күннен соң қалаға қайттым. Мені үнемі тауға тартып тұратын жұмбақ күйден арылып, бойым жеңілдеген. Жұмысқа да құлшыныспен кірістім. Алайда ақ түйе көпке дейін ойымнан кетпей жүрді. Тіпті онымен тағы да түсімде қауышқым келді. Қырғызсайдан жырақтаған соң шығар, ақ түйе түсіме қайта кірмеді. Мейлі, ақ түйені түсімде көрмесем де, жердің киесін қасиетті топырағына қайтарып, тойы тойға ұласқан ауылдың ажарынан көретініме сенімдімін. Сол үшін аманаттай болған аянды қабылдап, перзенттік борышымды орындауға бел байладым. 

Ләйлә Ноғайбекқызы

Bilal Quanysh

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір