• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

24 Қараша, 17:36:53
Алматы
+12°

12 Ақпан, 2014 NEWS

Еуразиялық Одақ сыйы - қымбатшылық, тәуелділік, бодандық

Ке­­ден Одағында тауар экспорттау жағы­нан озып тұрған Ре­сей Федерация­сы бо­лып табылады, кедендік статис­тика бойын­ша оның үлесі – 62,2 %, Белоруссия –...

    Ке­­ден Одағында тауар экспорттау жағы­нан озып тұрған Ре­сей Федерация­сы бо­лып табылады, кедендік статис­тика бойын­ша оның үлесі – 62,2 %, Белоруссия – 26,6 %, Қазақстандікі – 11,2 %. Белорустардың үлесі қазақтардан екі есе көп болса, орыстардың үлесі беларус пен қазақтардың үлестерін қос­қаннан екі есе көп. Яғни, солтүстік көршіміз үшін бұл одақ тиімді. Кеден Одағына кірсек, арзан тауарларға қарық боламыз деген үмітіміз ақталған жоқ. Керісінше, қымбатшылық күн өткен сайын қал­таны қағып, алқымнан қысып барады. Оның зардаптары қандай болып жатқанын көріп жүрміз, түптеп келгенде, бұдан мемлекет те, жеке азаматтар да зиян шегуде. Кедендік Одақ ауқымында автомобильдерді экспорттау саласында да Ресейдің айдарынан жел есіп тұр. Қазақстандағы ең көп сатылатын ресейлік автомобильдер, Кедендік Одаққа кіргелі бері қазақстандық автосалондардың сату рейтингінде орыс автотехникасы бірін­ші орынды бермей келеді. Тек бір ғана «Лада» автокөлігінің қазақстандық ав­то­нарықтағы сатылу үлесі 52 % жетіп отыр. Бұған енді ГАЗ, УАЗ, КамАЗ сияқты таза ресейлік маркалар мен орыс жерінде құрастырылатын шетелдік маркаларды қоссақ, Қазақстандағы сатылатын ресейлік автоөнеркәсіп өнім­дерінің біздің ішкі нарығымызда алатын үлесі бұдан да көп. Басқаша айтсақ, Қа­зақстанда сатылатын әрбір екінші жаңа автомобиль ресейлік болып отыр. Бұл экономикалық экспансия емей немене? Негізінде, Кедендік Одақ құрудағы басты мақсат – оған мүше елдердің арасындағы сауда-экономикалық қарым-қатынастарды ашық, мөлдір және ешбір кідіріс-кедергісіз дамыту болатын. Бірақ, іс жүзінде бұл игі мақсатқа жету оңай болмай тұр. Бұл туралы қазақстандық кәсіпкерлер Кедендік Одақ жұмыс істей бастаған сәттен-ақ зарлап келеді. Тіпті, Минскіде өткен басқосуда Қазақстан Президенті Н.Назарбаев бұл одақтың қызметін сынға алғаны белгілі. Әсіресе, жүк тасымалы, тауар экспорты, кедендік рәсімдеу салаларында кедергілер әлі күнге дейін көп екен. Мысалы, Қазақстанда өндірілетін алкоголь өнімдері Ресей мен Белорусь нарығына кіре алмай отыр. Ал, бұл мемлекеттер­де өндірілген арақ-шарап еліміздің дүкен­дерінде толып тұр. Қазақстан Кедендік бақылау комитетінің төрағасы Ғұсман Әміриннің мәлімдеуінше, 2013 жылы ресейлік және беларустық алкоголь өнім­дерінің біздің елімізге импорты 22 % артқан, сөйте тұра, қазақстандық спирт­ті ішімдіктердің Кеден Одағына экспортталуы 16,5 % кеміген екен. Қазақстандық ет-сүт өнімдерінің Кеден Одағы аймағына экспортталуы да мәз емес. Минскіде өткен Жоғарғы еуразиялық экономикалық кеңесте Елбасы Н. Назарбаев осылай деп сын айтып, мұндай кедергілердің Ресей тарапынан болғанын жасырған жоқ: «Қазақстанның ет өнімдері әдейі өткізілмейтін жағдайда тұр. Өйткені, Ресейде оларға Қазақстан Республикасының санитарлық сертификаттарында жоқ нормаларды қолданып келеді. Ал Белорусь елі жаңа техникалық регламенттің енгізілуіне байланысты азық-түлік тауарларын Ресей нарығына тиісті көлемде алып шыға алмай отыр. Бірыңғай экономикалық кеңістіктегі техникалық регламентті кеңейту бизнес ортаны жақсартқысы келетін Қазақ­станның саясатына қайшы келуде». Яғни, Ресейдің мүддесіне орайластырылған жасанды бюрократиялық кедергілер Кеден Одағының кеңірдегінен қысып, өзге мүше мемлекеттер үшін тиімділігін тө­мен­детуде. Экономист маман­­дардың жал­пытанылған пікіріне сүйенсек, Кедендік Одақтың бірегей Кеден кодексі әзірленгенде Ресейдің мысы басып, ресейлік Кедендік кодекстің қағидалары мен талаптары негізге алынып кеткен. Осыдан келіп, Кедендік Одақта Ресейдің мүддесі басым тұратын сыңаржақ жағдай қалыптасты. Бұрынғы фритрейдерлік бағыттағы Қазақстанның дербес Ке­дендік кодексі аясында кедендік алым-салық айтарлықтай төмен бол­са, Кедендік Одақтың біртұтас ко­­­дексі алым-салықтардың деңгейін айтарлықтай көтеріп жіберді. Өйт­кені, оның негізінде Ресейдің про­тек­­ционистік сипаттағы бұрынғы Ке­дендік кодексі тұр. Кеден Ода­ғының аумағында жүк тасымалдаудың қиын екенін логистикалық тасымалмен айналысушылар да әуел бастан айтып келеді. Жүк тасымалымен айналысушылар кедендік рәсімдеуде әкімшілік қағазбастылық көбейіп кетуінен шека­раларды кесіп өтудің қиындағанын, ке­дендік бюрократиядан көп уақыт жо­ғалтып отырғандарын айтып наразылық білдіруде. Мұның барлығы тасымалдау шығындарын арттырып, тауарлардың бұ­зылуына ықпал етуде, түптеп келгенде, тасымалданатын тауардың бағасы шарықтап қымбаттауда. Кеден Одағындағы Ресейдің жасап отырған озбырлығына Белоруссия да наразылық білдіріп отыр. Бұл туралы 2013 жылғы қарашаның соңында Белорусь Республикасының Бірінші вице-премьері Владимир Семаш­ко мәлімдеді. Оның айтуынша, Кеден Ода­ғының заңнамасындағы шикі­ліктер­ден белорустық өнеркәсіп зиян шегуде. Әсіресе, белорустардың ауыл шаруашылық техникаларының Ресей на­рығына енуіне тосқауылдар қойылуда. Оған қоса, Ресейдің ойлап тапқан импортталатын автотехникаларға салынатын «утилизациялық салығы» беларустың МАЗ авто техникасының құнына 18% пайыздық үстеме қосуына алып келіп, бәсекелестікке төтеп беруін төмендетуде. В. Семашконың айтуынша, мұның барлығы беларустардың шаш етектен шығынға батуына ықпал етіп отыр. Минск самми­тінде Кеден Одағына Армения кіреді, одан кейін Қырғызстан, сосын Украина кіруге ынталы, тіптен, Үндістан мен Түр­кия да кірмекші-мыс деген әңгімелер айтылғаны есімізде. Бірақ, іс жүзінде бұл аталған мемлекеттердің халқы Кеден Одағына кіруге қарсы екенін әлемдік қауымдастық кейінірек біле бастады. Қазір Украинада «Евромайдан» деген атпен белгілі халық толқуы басылмай тұр, украиндықтардың талабы – Украина Евроодаққа кіруі тиіс, ал, Кеден Ода­ғына кіруіне ол елдің халқы үзілді-кесілді қарсы. Украина билігі әскер мен полицияны барынша пайдаланып, қарсылық акциясын басуға ниеттенгенімен, қару­лы қақтығыста жүздеген адам жара­қаттанса да, түрлі-түсті «майданға» үйренген украиндықтарды алған бетінен қайтару қиын болып тұр. Тіптен, күні кеше ереуілшілер Киев қаласының әкімшілігін, түрлі мемлекеттік ғимараттарды басып алып, президент әкімшілігіне шабуыл жасады. Евроинтеграцияны қолдаушылар Украинаның Кеден Одағына қосылуына қарсылық ретінде мезгілі шектелмеген қар­сылық көрсететінін жариялады. Олар Кеден Одағына кіруді – Ресейдің боданына айналумен тең деп түсінеді. Армения билігінің Кеден Ода­ғына қосыламыз деген мәлімдемесі де ол елдің ішінде қат­ты наразылық туындатып отыр. Бұл шешімге қарсылық ре­тінде азаматтық ұста­нымдарын білдіру мақсатында Армения астанасы Ереванда мыңдаған адам қатысқан үлкен митинг өтті. Митнингті ұйымдастырушы – Армения президенттігіне үміткер кандидат болған Паруйр Айрикян армяндар евроинтеграцияны қолдайтынын айтты. Оның бастамасы қоғамдық қолдауға ие болып, «Абыройлы отан» азаматтық бастама ұйымы, «Мұра» оппозициялық партиясы, Армен Мартиросян және Давид Санасарян сияқты қоғам қайраткерлері бастаған мыңдаған еревандықтардың қарсылық шеруіне ұласты.

     Кеден Одағына кірмекші болып отырған Қырғызстан 2015 жылы Еуразиялық эконо­микалық одақ жұмысын бастағанда оның толық мүшесіне айналады екен. Бұлай деп сәуегейлікпен айтқан – Ресей Президентінің кеңесшісі – Сергей Глазьев. Дегенмен, мұндай маңызды саяси шешімді қабылдау Қыр­ғызстанға оңай болып отырған жоқ. Бір жағынан қырғыздар 1998 жылғы 20 желтоқсанда Дүниежүзілік сауда ұйымына (ДСҰ) кіріп алған. Яғни, қырғыз ағайындар 15 жыл бойы ДСҰ қызығын көріп, нанын жеді, артықшылығы мен пайдасын көрді. Осы жерде: «Олай болса, Қырғызстан Кеден Одағына несіне кірмек?» деген сұрақ туындары сөзсіз. Оның сыры мынада болса керек. Қырғыз экономикасы негізінен Қытайдың тауарларын рээкспорттаумен (импортты үшінші елдерге қайта экспорттау, қазақша айтсақ, алып-сату) пайда табатыны баршамызға мәлім (Қазақстанға – «Дордой» көтерме базары, Өзбекстан мен Тәжікстанға – «Қарасу» көтерме базары арқылы). Кеден Одағы құрылғалы қырғыз шекарасына «құлып» салынды. Оштағы қырғыз-өзбек арасындағы қантөгіспен аяқталған жанжалдан соң Өзбекстан мен Қырғызстанның қарым-қатынасы да нашар. Осындай қиын жағдайдан рээкспорттық сауда дағдарысқа ұшырап, Қырғыз экономикасы абдырап қалды. Енді олар орын алған қиындықтан шығу­дың жолдарын қарастыруда. Сондай жолдың бірі – Кеден Одағына кіріп, «үлкен ағалардың» қамқорлығын көру. 2013 жылғы 19 қарашада Мәскеу қаласында өткен Еур­азиялық экономикалық комиссияның кеңесінде Қырғызстанның Кеден Одағына кіруінің «жол картасы» мақұлданды. Қырғызстанның экономика министрі Темір Сариевтің айтуынша, «жол картасы» бұл ел үшін маңызды бес мәселені қамтиды: республика кәсіпкерлерін қолдайтын арнайы қор құру, еңбекті көп қажет ететін өндірістерді дамытуға тәжірибелік көмек беру, «Дордой» және «Қарасу» көтерме базарларына қолдау көрсету, еңбек мигранттарын қорғау туралы жеке келісім жасау, Қырғызстанның сыртқы шекараларын жарақтандыруға көмек көрсетілуі. Ең бас­тысы – Қырғыздар Кеден Одағына кіргені үшін оның мүшелерінен $1,2-1,6 млрд. қайтарымсыз көмек алады екен. Алайда, билік қолдағанымен, Қырғызстанның ішіндегі бірқатар саяси күштер Кеден Одағына кіруге қарсылықтарын білдіріп, саяси шерулер өткізіп те үлгерді.

Сонымен қатар, Қытай Халық Респуб­ликасының (ҚХР) төрағасы Си Цзиньпин Бішкекке жасаған былтырғы ресми сапарында «Ұлы Жібек жолын» жаңғыртатынын айтып, бұл жобадан Қырғызстанның құр алақан қалмайтынын аңғартты. Кеден Одағына кірсе, Қытаймен қарым-қатынастары қалай болары беймәлім. Кірмеске амалы тағы жоқ. Осылайша, Қырғызстанның не істерін білмей дал болып отырғаны, ал, Кеден Одағы болса, «экономикалық маска» киген Ресейдің саяси ойыншығына айналып бара жатқаны байқалады. «Бақсам, бақа екен» демекші, Кеден Одағына кіру – пайдаға кенелу емес. Одақтың ішінде де өзара бәсекелестік пен ұлттық мүдде үшін күрес қызып тұр. Осындайда «Ортақ өгізден оңаша бұзау артық» деген аталарымыздың айтқаны тағы да ойыңа келеді. Бәлкім, Минскіде айтқан Елбасымыздың сынынан кейін Ресей өзінің амбициялық айылын жиып, Кеден Одағының жұмысы жақсарып кетер деген үмітіміз бар. Бірақ, біз мынаны ұмытпайық: болашақта құрылады деп отырған еуразиялық одақтың атына заты сай емес. Үш қана мемлекет бірік­кен шағын одақты «Еуразиялық» деп дабырайтып айтуға келіңкіремейді, Еуразияда қаншама мемлекеттер бар. Басқасын айтпағанда, Қытай, Үндістан, Жапония, Түркия сияқты ірі мемлекеттер. Менің ойымша, Қазақстан үшін өзінің геосаяси жағдайы мен транзиттік әлеуетін ұлт­тық мүддеге сай пайдалана отырып, еркін сауда мен ашық қарым-қатынасқа негізделетін жан-жақты экономикалық даму анағұрлым тиімді болар еді. Кезінде, Қазақстанда «Еуропаға жол» сияқты мемлекеттік бағдарламалар болды, бізге сондай кешенді, кең ауқымды іс-қимыл керек. Әлде, біздің «Европаға жолымыз» Ресей мен Белоруссиядан әрі аспағаны ма? Тағы бір назар аударатын мәселе, болашақта құрылады деп отырған Еуразиялық Одақтың атына заты сай еместігі. Дүниежүзілік сауда ұйымының (ДСҰ) жөні басқа, оған толыққанды мүше болуға ұмтылуымыз керек. «Дарияның түбінен құдық қазба» деген халық даналығын ескерген жөн. Әлемдік ауқымдағы сауда-экономикалық ұйым тұр­ғанда, Қазақстан қандай да бір аймақтық одаққа кіріп, кіріптар бол­май-ақ, тәуелсіз ел ретінде ДСҰ мүше болып, Еуразия кеңістігі мен Орталық Азия­дағы экономикалық хаб пен экспорт-импорт шлюзінің рөлін атқаруға, көлік-коммуникациялық инфрақұрылымды дамыта отырып, ұтымды транзиттік дәліз бен ірі қаржылық орталыққа айналуға тырысқаны жөн.

Сейілбек Мұсатаев, саяси ғылымдарының докторы

Bilal Quanysh

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір