• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

22 Қараша, 07:11:17
Алматы
+12°

30 Қазан, 2015 Аймақтар

ҚҰСМҰРЫН – ШОҚҚАРАҒАЙ ТӨТЕ ТЕМІРЖОЛЫ: ДАҒДАРЫСҚА ҚАРСЫ СОҚҚЫ МЕН ТИІМДІ ТӘСІЛ

Құсмұрын-Шоққарағай теміржолын салуды қолға жақында ғана Хромтауда ашылған теміржол рельс зауыты өнімдерінің тоқтаусыз шығуына, сұраныстың артуына да септігін...

Құсмұрын-Шоққарағай теміржолын салуды қолға жақында ғана Хромтауда ашылған теміржол рельс зауыты өнімдерінің тоқтаусыз шығуына, сұраныстың артуына да септігін тигізеді. Дәл осындай мәселені Хромтау-Ақтөбе арасына қатысты да айтуға болады. Екі бағытқа бас-аяғы 200 шақырымдық теміржол рельсі керек. Қостанай мен Ақтөбе өңірлері темірге де, хромға да бай. Сондықтан «Темірді қызған кезде соқ» дегендей, еліміз экономикалық дағдарысқа тап болған кезде, осындай ірі жобаларды «Нұрлы жол» бағдарламасының жалғасы ретінде жалғастыра алсақ, өте дұрыс шешім болар еді.


Қазақстан – шығысы Алтайдан батыстағы Жайыққа, оңтүстігі Алатау мен қазыналы Қаратаудан солтүстіктегі ойдым-ойдым орманы жайқалған Сібір ойпаттарына дейін созылған кең байтақ ел. Жерінің территориясы көлемінен әлемде 9 орында. Территориясының байтақтығымен қатар Азия мен Еуропаның кіндігінде орналасқан транзиттік тиімділігі тағы бар. Бірақ кезінде Қазақстанның ішкі аймақтарының транспорттық, темір жол арқылы өзара байланысы кемшін дамыды. Себебі КСРО Қазақстан Республикасын шикізат өндіретін одақ мүшесі ретінде қабылдады да, барлық транспорттық жолдар шикізатты өңдейтін Ресейге қарай тікелей бағытталып салынды. Сондықтан Қазақстанның оңтүстігімен солтүстігін тікелей байланыстыратын я теміржол, я көлік жолы болмады. Күре жолдар я оңтүстік өлкені жағалап бұрылатын, ал батыстан солтүстікке қарай шығатын теміржол да, автожолда жоқ болатын.
Рас, еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін мұндай күрделі мәселелер біртіндеп шешіле бастады. Мысалы, Қазақстанның солтүстігі мен батыс өлкесін жалғайтын Алтынсарино-Хромтау теміржолы салынды. Бірақ бір өкініштісі, солтүстіктен шыққан теміржолды Хромтау мен Ақтөбе арасындағы 90 шақырымдық бөлікке түсірмей, бұрынғы Қандыағаш арқылы жүретін жолға қоса салған. Соның салдарынан Астанадан Ақтөбеге шыққан жолаушы Қандыағаш арқылы 7-8 сағат айналып жүреді. Жол алғаш ашылғанда Астанадан Ақтөбеге бет алған жолаушылар жапырыла Хромтаудан түсіп қалып, такси арқылы бір сағат ішінде Ақтөбеге жетіп баратын. Көк вагонды пойыздар әрі қарай салдырап бос кететін. 
«Байдың асын байғұс қызғанады» дегендей, таксишілердің күн көріп жүрген нәпақасын артық көрген, дәлірек айтқанда, өз пайдасынан айырылған ҚТЖ компаниясы Хромтауға пойыздарды тоқтамайтын етіп тастады. Батысқа бет алған пойыздар қазіргі таңда бүйірдегі Қандыағашқа өтіңкіреп, Никельтау станциясына барып бірақ аялдайды. Мұны біз неге тәпіштеп жазып отырмыз. Себебі бұл көрініс біз қозғап отырған тақырыпқа тікелей қатысы бар. Бұл – бір. 
Екіншіден, біздегі ірі жобалар кей уақытта таза экономикалық тиімділікті ойлап, адамға тікелей қолайлы мәселелерді, яғни жанама пайдаларды ескере бермейді. Бұл өз кезегінде сөз әлемдегі ең басты байлық–адами ресурстарды (капиталды) тиімді пайдалана білмеуге әкеліп соқтырады. Кейбір тұста тікелей тиімділіктен уақыт сала келе арта түсетін жанама әсерлерді де ескерген абзал.
Дәл осындай көрініс – Қазақстанның солтүстік-батыс өңіріне орналасқан Қостанай аймағына да қатысы бар. Бірақ бұл - жаңа Қазақстанның олқылығы емес, кеңес дәуірінен мұра болып қалған жағдай. Облыс орталығы Қостанайға оңтүстік өңірден келетін теміржол батысқа қарай едәуір бойлап барып, Тобыл станциясы арқылы Қостанайға кейін шегініп бұрылады. Себебі өткен ғасырдағы Сталиндік индустриализация кезеңінде Тобыл станциясы  Қазақстанның оңтүстігі мен орталығынан шығатын қорғасын, мыс, көмір шикізаттарын Ресейдің оңтүстік Орал өңіріндегі зауыттарда өңдеу үшін тасымалға қажетті жол ретінде салынған еді. Сондықтан Қазақстан ішіндегі жол қатынасы есепке алынбай, облыс орталығы Қостанай бір бүйірде қалып қояды. 50-жылдардың соңында Тобылға Қостанай бағыты қосылады. Сол себепті қазіргі таңда Қостанай қаласының тура өкпе тұсында тұрған Құсмұрын, Аманқарағай станциялары жолаушыларға «қол бұлғап» қала береді. Осылайша оңтүстік өңірден немесе Астанадан Қостанайға келген жолаушы 5 сағаттық уақытты айналма жолға «құрбан» етеді. Алматы, Астанадан Қостанайға бет алған кейбір қолы ұзын, мүмкіндігі кең жолаушылар Аманқарағайдан түсіп қалып көлікке отырады немесе Астанаға баратын болса Аманқарағайға дейін көліккпен барып, әрі қарай пойызға мініп кетіп жатады. Өйткені автожолмен жүргенде Қостанай мен Аманқарағай арасы - 100 шақырым. Бұл - жоғарыда біздер сөз еткен Хромтаудағы көрініске аса ұқсас. 
Тәуелсіз Қазақстан кеңестік дәуірден қалған осы бір «мұраны» жөндеп, облыс орталығын үлкен теміржол бағыттарына қосу қажет. Бұл - саяси де, экономикалық мәні бар мәселе.

 
Қазақстан Президентінің 2015 жылға арналаған Қазақстан халқына жолдауында қабылданған «Нұрлы жол – болашаққа бастар» бағдарламасы бас қала Астанадан байтақ еліміздің төрт құбыласына (батыс, шығыс, солтүстік, оңтүстік) қарай ішкі байланысын нығайтатын көлік, темір, әуе жолдарын тереңдете дамыту болып табылатыны белгілі.
 
Бұрын Мәскеуге қарап сағат түзеген бүгінгі тәуелсіз Қазақстан енді барлық бағытын Елордадан түйінделген мақсаттарға орай қимылдауы тиіс. Осы орайда, Астана арқылы оңтүстік өңірді Қостанай қаласымен байланыстыратын теміржолды Тобыл арқылы айналдырмай Құсмұрын (Аманқарағайға жақын станция) тұсынан бұрынғы «Целинный» теміржолына (орталық Қазақстанды солтүстікпен байланыстыратын жол, қазіргі Көкшетау-Қостанай бағыты) «Шоққарағай» станциясы тұсынан қосып, төте жол салынса, жол қашықтығы едәуір қысқарар еді. Бұл аралық, шамамен, 90 шақырымдай. Егер осы аралық теміржолмен жалғасса, оның мынадай экономикалық-әлеуметтік пайдасы болар еді:
1.    Астана мен Қостанай арасы едәуір қысқарып, жолаушылардың уақыты әрі қаржысы үнемделеді. Бұл - адам капиталын дамытуға қосылған ерекше үлес. Жолаушының жол шығынынан үнемделген қаржысы басқа салаларға салынып, әсіресе, адамның өзін-өзі жетілдіретін салаға бағытталар еді (білім, денсаулық, туризм т.б.). Қазіргі таңда Астана-Ақтөбе, Атырау бағытында жүретін «Тальго» жүрдек пойызы Тобыл станциясына дейін 7 сағат жүреді. Егер ол Құсмұрыннан Қостанайға тура кетсе, әрі кеткенде сол 7 сағаттың о жақ, бұ жағында облыс орталығынан төбе көрсетер еді. Қысқарған қашықтық елордасы Астана мен астықты аймақтың орталығы Қостанай арасындағы алыс-берісті жаңа жолға қоятыны сөзсіз. Сонымен қатар Торғай аймағының орталығы болып саналатын Арқалық пен Қостанай арасындағы теміржол қашықтығы да кемінде 5 сағатқа қысқарар еді. Арқалық қаласы Шұбартау-Бейнеу теміржолына қосылатынын және алдағы уақытта ол жолмен жолаушылар пойызы да жүретінін ескеру қажет. Тобыл арқылы жүретін теміржолдың Құсмұрын мен Қостанай станциялары арасындағы қашықтығы – 140 км болса, Тобыл мен Қостанай арасы 100 шақырым. Барлығы – 240 шақырым. Ал Құсмұрын мен  Шоққарағай, арасы жоғарыда аталғандай, 90 шақырым. Айырмашылық – едәуір;
2.    Астанадан Батыс Қазақстанға қарай жүретін пойыздар облыс орталығы Қостанай арқылы өтіп (қазір олар бүйірдегі Қостанайға бұрылмай, Тобыл станциясы арқылы өтіп жатыр) қаланың транзиттік мүмкіндігі артар еді. Бұл – бір. Екіншіден, бұл жұмыстар өз кезегіде бір бүйірде оқшау тұрған Қостанайды Қазақстанның оңтүстік және батыс аймақтармен түрлі бағытта тығыз байланысуына жол ашып, бизнестік байланыс, әріптестіктің жандануына септігін тигізері анық;
3.    Құсмұрын станциясы маңында тез жанатын қоңыр көмір кенінің үлкен қоры бар. Оған көрші Ресейдегі Троицк ГРЭС-і қызығушылық танытып жүр. Темір жол тура Қостанайға тартылса, Троицкіге шығатын қашықтық қысқарады. Көмір кенінің екінші тынысы ашылады. Ал солтүстік аймақтағы ең үлкен көл Құсмұрын балық шаруашылығын дамытуға да қолайлы;
4.    Құсмұрыннан облыс орталығына тура тартылған теміржол табиғаты сұлу Қостанайдың ең әдемі жерлерінің бірі, курортты аймақ «Сосновый бордан» (Арақарағай орманынындағы «Шоққарағай» станциясы) өтуі тиіс. Бұл деген сөз «Сосновый бор» курортына оңтүстік және батыс өңірлерден келеушілердің санын күрт асырады. Қазіргі таңда олар аталмыш курортқа жету үшін Қостанайға келіп, әрі қарай 50 шақырым көлікпен баруға тура келіп жүр, екінші сөзбен айтқанда, қиыншылық, жол азабын тартып жүр. Айтпақшы, «Сосновый бор» курортының емдік суының қасиеті даңқты Карлово Вародан кем емес. Еуропаның аталмыш курортына емделетін кісілерге дәрігерлер «Сосновый борды» да ұсынады; 
5.    Жаңа теміржол егін және мал шаруашылығымен айналысатын Әулиекөл, Қарасу, Алтынсарин аудандарының тыныс-тіршілігіне теміржол өзгеше екпін, өзгерістер алып келері сөзсіз. Өйткені теміржол Әулиекөл, Алтынсарин аудандарының үстінен өтіп, Алтынсарин ауданының орталығы Обағанның арқылы Шоққарағайға аялдайды. Шағын Шоққарағай Көкшетаудағы Бурабай станциясы сынды алыс-берісі мол теміржол бекетіне айналып, сол маңдағы шағын ауылдардың тіршілігін жандандырар еді (таксишілер, сауда орындары, қызмет көрсету т.б.). Дәл осындай нәрсе табиғаты сұлу, қазыналы Құсмұрынға да туары анық;
6.    Құсмұрын мен Қостанай қаласы аралығын «Сосновый бор» үстімен теміржол арқылы қосу  ішкі туризмді (өлкетанулық саяхат, балық аулау, табиғат аясындағы демалыс) жандандырады. Себебі Құсмұрын –  орманды, табиғаты көркем, жері бай тарихи мекен. Мұнда атақты Абылай ханның немересі Шыңғыс Уәлиханов Аманқарағай округінің дуанбасы болып қызмет етіп, қазақтың атақты ғалымы Шоқан Уәлихановтың балалық шағы өткен. Бала Шоқан осы өлкеде түркі халықтарына ортақ мұра, атақты «Едіге батыр» жырын жазбаға түсірген. Құсмұрын көлінің маңынан демалыс орындарын да ашуға әбден болады. Оған облыс орталығының тұрғындары да, «Сосновый бор» курортына келген демалушылар да қыдырып бару мүмкіндігі ашылады; 
7.    Елімізде 2014 жылдан бастап Елбасы Н. Назарбаевтың «Мәңгілік ел» идеясын жүзеге асыруды және еліміздің болашағы жастарды жұмыспен қамтамасыз етуді көздейтін, «Мәңгілік ел жастары - индустрияға» деген ұранды жанына жалау еткен «Серпін-2050» әлеуметтік жобасы қолға алынған болатын. Жобаның басты мақсаты – жұмыспен қамтамасыз етудегі әлеуеті төмен, бірақ демографиялық өсімі жоғары оңтүстік пен батыс өңірі жастарын индустриялды-инновациялық бағдарламаның ірі жобалары жүзеге асырылып жатқан солтүстік және шығыс аймақтарда орналасқан жоғары оқу орындарында білім алуға жәрдем етіп, кейін оларды сол өңірдегі бос жұмыс орындарына орналастыру. Басқаша айтқанда, еңбек ресурстарын тиімді пайдалануды жолға қою. Екі жылдың ішінде Қостанайдың ЖОО-лары мен колледждеріне 1200 жуық жасөспірімдер келіп, білім алуда. Олардың алды индустрализация картасына енген нысандарға жұмысқа орналасып та жатыр. Бірақ Қостанайға «Серпін -2050» жобасымен келуші жастарға да, олардың ата-анасының жанына бататын жағдай – жолдың алыстығы. Қалған нәрсенің барлығы ауаның тазалығы, табиғаттың сұлулығы, елдің мәдениеті, оқу орындарының жағдайы – бәрі оларға ұнайды. Жолдың қашықтығы қысқарса, оңтүстіктегі ағайындардың солтүстікке келіп орналасу ағыны арта түсер еді. Қостанай сынды шекаралық аймақтың демографиялық, еңбек ресурстары тұрғысынан қауіпсіздігі - «Мәңгілік ел» идеясының терең  астарының бірі. Сондықтан бұл өлкеге Қазақстанның өзінің ішкі ресурстары есебінен инвестиция салу – елдің болашағына бағытталған нақты қадам. Сондай инвестицияның бірі – «Құсмұрын – Шоққарағай» темір жолы;
8.    Құсмұрын-Шоққарағай теміржолын салуды қолға жақында ғана Хромтауда ашылған теміржол рельс зауыты өнімдерінің тоқтаусыз шығуына, сұраныстың артуына да септігін тигізеді. Дәл осындай мәселені Хромтау-Ақтөбе арасына қатысты да айтуға болады. Екі бағытқа бас-аяғы 200 шақырымдық теміржол рельсі керек. Қостанай да, Ақтөбе өңірлері темірге де, хром да бай. Сондықтан «Темірді қызған кезде соқ» дегендей, еліміз экономикалық дағдарысқа тап болған кезде, осындай ірі жобаларды «Нұрлы жол» бағдарламасының жалғасы ретінде жалғастыра алсақ, өте дұрыс шешім болар еді;
9.    Құсмұрын-Шоққарағай теміржолы еліміздің ішкі байланысын арттыра отырып, инфрақұрылымдарды дамытуға да,  шетел инвестициясын кең тартуға  да жол ашады.
Кризистің ауыр күрзісін оңтайлы әдіспен, шалт қимылмен тікелей тигізбеу – дағдарысқа қарсы жүргізетін басты шаралардың бірі. Тарихи мекен, қазыналы Құсмұрын мен Қостанай аралығын теміржол арқылы қосу – дағдарысқа қарсы бағытталған тура соққы болып, жұмыссыздықпен күресетін тиімді әдістің бірі болып табылар еді. Құдайға шүкір, қазіргі таңда Қазақстан теміржол төсеуге қажетті шикізаттарды (құм, қиыршық тас), дайын өнімдерді (рельс, шпаль, цемент) өзі толық өндіре алатын жағдайға жетті. Ендігі кезеке оны елдің болашағына бағытталған үлкен жобаларға бағыттай білуіміз қажет. 

Алмас Әбсадық, филология ғылымдарының докторы, Қостанай қаласы.

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір