• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

22 Қараша, 11:47:09
Алматы
+12°

17 Ақпан, 2014 NEWS

ЗАР ИЛЕМЕ, ЗАРҚЫН! Сен Абылайтанушы емессің!

«Қамшы» порталы – еркін ақпарат алаңы. Біз төменде Садық Смағұловтың Абылай ханға қатысты пікірін жариялап отырмыз. Мақала профессор Зарқын Тайшыбай мырзаға...

«Қамшы» порталы – еркін ақпарат алаңы. Біз төменде Садық Смағұловтың Абылай ханға қатысты пікірін жариялап отырмыз. Мақала профессор Зарқын Тайшыбай мырзаға арналып жазылыпты. Ой ортаға салынды, оқырман – таразы. Ал профессор Зарқын мырза осы жазбаға байланысты тиісті пікір білдіріп жатса, біз әрқашан жариялауға дайынбыз.

(М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің профессоры Зарқын Тайшыбайға)

Құрметті Зарқын! Бұл күнде таяқ емес, шыбық лақтырсаң профессорға тиетін болды. Соның бірі екеніңізге шүбәм жоқ. Студент кезімізде профессор Есмағамбет Ысмаиловтың көлеңкесінен қорқатынбыз. Данышпандардың бірі екеніне енді көзіміз жетті. Мен сізге арнап «Абылай кімнің баласы» деп мақала жазғанмын. Оны оқығаныңыз көрініп тұр. Өйткені мақалаңыздың аты «Абылай хан «Сабалақ» болып Төле бидің түйесін бақпағаны» рас. Он бір жасар Абылай өзінің атын білмеуі мүмкін емес. Төле бидің түнемелінен туды деген құлаққа кірмейді. Ол кезде Төле би Халдан Сереннің тұтқынында болып, екі баласын аманатқа беріп, басымен қайғы болып жүрген. Сіздің идел етіп алып отырғаныңыз – Әбілхайыр. Рас Әбілхайыр ер жүрек батыр. Қазақ-қалмақ тарихындағы ең ірі соғыс Бұланты-Аңырақай шайқасының қолбасшысы болып қалмақты талқандап бетін қайтарды. Бұндай ірі соғыс Абылай хан кезінде болған жоқ. Әбілхайыр - Қайып, Болат, Сәмеке, Әбілмәмбет төртеуінің қосындысындағы ірі хан. Бірақ, сіз запран құсып, зар илеп дәлелдейтіндей ҰЛЫ ХАН болмағандығына «Тәрбиесіз өскендіктен байбалам салып» отырғаным жоқ. Шыны сол. Ұлы хандық қожа молданың «әуминімен» сайланбаған. 1737 жылы Абылай Әбілхайырды көрген жоқ. Қызы Қарашашқа 1740 жылы Әбілмәмбет үйлендіріп Ералы сұлтанды ала келіп Атығай-Қарауылға сұлтан тағайындаған. Құрметті профессор! Хақназар хан, Есім хан, Жәңгір хан қалыптастырған, біріктірген «алты Алаш» Тәуке ханның кезінде СССР-ша ыдыраған. Қазақ үшке бөлініп Ұлы жүз – Төле бидің, Орта жүз – Қазыбек бидің, Кіші жүз – Әйтеке бидің еншісіне тиіп далалық демократия орнап Тәуке «ӘЗ» атанып ҰЛЫ ХАН болып қалған. Сіз 60-70 жылдан кейін жаңалық ашып «Алты алаштың ханы Әбілқайыр» - деп жарты әлемге жар салдыңыз. Болуға лайықты адам екеніне күмәнім жоқ. «Алты Алаштың» емес үш жүздің – қазақтың ұлы ханы бола алмады. Болдыртпады. Қаздауысты Қазыбек бидің мысы басып кетті. Әңгімені қысқа қайырып 1725 жылғы Ордабасындағы құрылтайдан бастағанда Әбілхайырдың ұлылығы ашыла түсіп еді де, Аңырақай соғысынан кейін су сепкендей басылды. Мен Әбілхайыр қайдан келді содан бастайын. Жәнібек ханның алты ұлының бірі ӨСЕКЕ. Өсекенің алтыншы ұлы Әбілхайыр Тәуке хан заманында атқа қонып сайыпқыран жауынгер, батырлық ерлігін көрсетеді. Кіші жүз жерін қалмақтардан, башқұрттардан Қанжығалы Бөгенбай басқарған 30 мың қолдың сапында Шақшақ Жәнібек, Табын Бөкенбай, Таз Жолшора, Беріш Пыштанай, Тама Есет, Адай Мырзатай батырлармен тізе қосып соғысып үлкен беделге ие болады. Мол олжамен оралған батырларын Тәуке хан лайықты қарсы алып, жеңіс тойын жасайды. Қанжығалы Бөгенбай мен Табын Бөкенбай батырдың ұсынысымен Әбілхайырды Кіші жүзге хан сайлайды. 1718 жылы Тәуке хан қайтыс болып орнына баласы Қайып таққа отырып Аягөз өзені маңындағы соғыста Ұлы жүз, Орта жүз әскерлерін көмекке шақырмай Әбілхайыр хан Жоңғар қалмақтарынан ойсырай жеңіліп, қашып құтылады. Осы соғыста алған садақ оғының жарақатынан Қайып та қайтыс болып орнына Сәмеке хан сайланып «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» зобалаңы кезінде қайтыс болған болу керек. Кәнігі мұрағатшы, профессор Болатбек Нәсенов Сәмеке ханды 1734 жылы өлді деп көрсетеді. Ал бұл рас болса «Бұлантыдағы», «Итішпестегі» соғыстарда Сәмеке хан қайда жүрді? Әбілхайыр ханның Қазыбек, Төле билерге өкпелеп майдан даласын тастап кетуге себепкер болды. Қаздауысты Қазыбек бидің ұранымен, ұйымдастыруымен Қанжығалы Бөгенбай, Қаракерей Қабанбай, Шақшақ Жәнібекетің қолдауымен Ордабасында құрылтай өткізіліп Есімхан, Жәңгірханнан кейін садақ тартып, найза ұстап ат үстінде жүрген хан тұқымы Әбілхайырды Бас қолбасшы сайлап, қазақ әскерінің билігін қолына береді. Оның қолында мықты күш бар, Кіші жүз 20-30 мың әскер шығара алатын жағдайы бар еді. «Ақтабанның...» зардабын көп тартпаған, бес қарулары түгел болатын. Осы құрылтайдан соң Түркістанды қалмақтардан босатып Болат ханды таққа отырғызу Қанжығалы Бөгенбайға тапсырылды. Орта жүз жігіттерінен құралған бір түмен әскермен қаланы босатып Болат ханды орнықтырып өзі Бетпақ дала арқылы «Ақтабаннан...» шұбырған Орта жүздің алты арыс халықын тоқтатып 1728 жылы болатын Бұланты жағасындағы қалмақтармен алғашқы соғысқа дайындық жүргізеді. Әскер жинау қамына кірісіп, Қаракерей Қабанбай да Жетісу жерімен жүріп Жалайыр, Албан-Суаннан жігіттер жинап бес-алты мың қол жинамаққа тапсырма алған. Түркістаннан шығарылған 20 мыңдай қалмақты түре қуып Кіші жүз жерін тазарта Еділ-Жайықтан асырып жіберу Есімхан, Жәңгірхан заманының ардагер батырлары Арғын Шауыпкел батырдың немересі Жолбарыс батырға, Көкбөрі Кернейдің немересі батыр Балтаға тапсырылды. Еділ қалмақтарын бері өткізбеуге, Жоңғар қалмақтарына көмектестірмеуге жарлық берілген. Жолбарыс батыр ескі Сауран қаласының түбінде оққа ұшып орнына батыр Балта 600-700 қолға түмен басы болып Жайық өзенінен, Ор өзенінен асырып тастайды. Орыс империясының әскерлері үшін Еділ-Жайық ортасында бағылып жатқан жылқыны барымталап башқұрттарды өз жеріне қуып тыққан. Біздің тілмен айтқанда батыр Балта әскери миссиясын Орта жүз батырларының қатарын Табын, Тама, Шөмекей, Адай, Ысық, Шеркеш жігіттерімен толықтырып 1743 жылға дейін тұрақтап қалады. Негізін қазақ рулары құраған Орынбор қаласы Қазақтың тұңғыш Астанасы болғаны да белгілі. Енді сіздің мақалаңыздағы долбарларға көшейін. «Долбар» дейтінім бірде бір құжаттың қай архивтен алынғанын, қай папкадан алынғанын, қай бумадан көшірілгенін көрсетпегенсіз. Мен сияқты ДАТ-ты, шежірені пайдаланды десем жылын, айын, күнін «дәл» көрсетіп отырсыз. Оған да ерлік керек. Тәуке ханның 1718 жылы өлгеніне шүбә келтірмеңіз. Өйткені, Қайып хан сайланып Аягөз соғысынан жарақат алып содан өлгенін жоғарыда айттық. Сәмеке хан болып мемлекеттік мәселе шешіпті дегенді ДАТ-тан да, аңыздан да естілмейді. Болатбек Нәсеновтың жинаған мұрағаттарынан кездессе көзайым болар едік. Болат хан «Итішпес» соғысы кезінде өлгені анық. Әбілмәмбеттің хан сайлануы осы жолы екені рас. Өйткені, битке өкпелеп Әбілхайыр хан тонын қалмақтарға тастап кеткені тағы рас. Осыдан кейін Орта жүз бен Кіші жүз араласқан жоқ. Тек Әбілхайырдың қарындасын алған Шақшақ Жәнібек хан ордасының маңайында болды. Ондайды қазақтар «күшік күйеу» дейді. Сіз «комондировать» еткен «Балтабай батыр» - дұрысы Қаракесек Бошанның Машайынан тараған-Көкбөрі Кернейдің немересі батыр Балта 15 жыл шекара күзетінде болғанын Қаракесек елі біледі. Әбілхайыр майдан даласын тастап кеткеннен кейін Қанжығалы Бөгенбайдың қайтадан қолбасшы болғанын тарихтан білеміз. Қаздауысты Қазыбек бидің айтуымен, қолбасшының рұқсатымен қайтқаны да ел құлағында. Қанжығалы Бөгенбайдың батыр Балтаны Абылай ханмен таныстырып бірнеше жорықтарға қатысқанын тәптіштеп жатудың қажеті жоқ. Ол басқа тақырып. 1771 жылы Абылайды хан көтерген жеті батырдың бірі екенін, ұрпақтары мақтаныш тұтады. Бұл әңгіме атадан балаға жалғасып келе жатқан шындық. Ел құрметіне бөленген батыр Балта 1784 жылы Түркістанға жеткізіліп жерленуі де тегін емес. 1723-1726 жылдары Сәмке хан Әбілхайырмен күш біріктіріп Еділ қалмақтарымен соғысты дегеніңіз де құлаққа кірмейтін әңгіме. Өйткені, Жоңғар қалмақтары Сырдарияға дейін ендеп кіріп жайлап алған. Ата жауы Жоңғар қалмақтарының езгісінде «Ақтабаннан...» есі ауып есеңгіреп жүрген қазақтар Сәмеке хан тірі болғанда да айдаладағы Еділ қалмақтарымен соғыса алмас еді. Әбілхайыр қалмақтармен, орыстармен жақындасуды көздеп жүргенде ондай соғысқа бармас та еді. 1730 жылға дейін Әбілхайырда Ресей бажағына кіремін деген ой болған жоқ. Бұл сұрқия ойдың барлығы ҰЛЫ ХАНДЫҚ-тың өкпесінен туған. Қазыбек биді тәубасына түсіру үшін Халдан Сереннің баласына қызын беріп, қалың малы үшін Орта жүз жеріне Септен ноян бастаған 30 мың шеріктерін Ертіс өзенін жағалатып Қарқаралы тауын жайлап отырған Қазыбек еліне келтіртіп «соғыс» аштыртады. Баласы Қазымбетті, мал жанын айдаттырып алады. Зәке, Сәмеке ханды мақтағанда Жоңғар қалмақтарын ұмыт қалдырғандайсыз. Қазыбек бидің батасымен 1731 жылы 15 желтоқсанда А. Тевкеловпен келісөз жүргізді дейсіз. Қасында кімдер болғанын айтпайсыз. Төле бидің «сабалақ, шашы өскен кір қожалақ» деген сөзін теріске шығарып Абылай жиырма жасқа келгенде «САБАЛАХ, түбірі «САБАУ, ҰРУ, СОҚҚЫЛАУ» деген сөзден шыққан деп түсіндіресіз. Сонда Төле би жарықтық қалмақша білетінін «жасырып» қалған ба? 1730 жыл Болат хан өліп, Әбілмәмбет хан сайланып, Әбілхайыр өкпелеп кеткен жыл, Қанжығалы-Бөгенбай Бас қолбасшылыққа қайта сайланып жеңіске жеткен жыл болып ел есінде қалған. Сіз 1737 жыл 2-ші қазанға дейін Сәмеке хан әлі тірі деп соғасыз. Заке, Орта жүз Керейі Бораш дегеннен сыбыс естисіз «Абылай сұлтан... жанында көп адамы бар, Әбілхайыр ханмен ақылдасуға, ұры-башқұрттармен келісімге келуге рұқсат сұрау үшін барған екен жолыға алмапты. Ол кезде Әбілхайыр Орынборға кеткен». Осы сөз профессордың сөзі ме? Үш мың шақырым жерден келген Абылай Орынборға жете алмағаны ма? Әрі қарай «Статский советник Кириловтың хаты бойынша Әбілмәмбет сұлтан, інісі Абылай сұлтанмен башқұрттарға барып, 1500 адам тұтқын алып қайтыпты.» Қалай алып қайтқаны жөнінде анықтама бере кеткеніңізде болатын еді. Қаперіңізде болмапты. «Бөлінгенді бөрі жейтінді» білген қазақтар 1737 жылы 28-ші шілде де Әбілхайырды хан сайлап алыпты. Сақталған құжаттар осылай дейді» депсіз ол қандай құжаттар көрсете кетпедіңіз бе? Тағы да жазба деректерге қарағанда «1737 жылы ерте көктемде Қаздауысты Қазыбек би, Орта жүздің Әбілмәмбет, Абылай сұлтандар бастаған қалың қауым Әбілхайыр ханның ордасына іргелес Ор және Елек өзендерінің бойына көшіп барған». Заке-ау, шыбынсыз-шіркейсіз, масасыз-сонасыз Қарқаралыдан Ор, Електің бойына «өлімге қимаса да, өкпеге қиысқан» Әбілхайырға үш мың шақырым жерден көшіп бармасы анық. Мыңғырған малды айдап барып жайлау қызығын көрмей-ақ қайта көшіп келгенше Арқаны белуардан қар басып, ақ бораны соғып тұрар еді. Мақалаңызды әрі қарай оқыған сайын ойым он саққа бөлініп не оқығанымды ұмытып қызықты фантазияларға кездесем. 1737 жылы 19 маусымда Ресей патшасына бағыну үшін Орынборға таяп Әбілмәмбет, Абылай, Барақ сұлтандар көшіп келеді. 24 маусым күні қазақтардың үлкен жиынында Орта жүздің сұлтандары, билері, батырлары ақылдаса келіп мені өздеріне хан сайлап, иіліп тағзым етті. Дұға оқып, қол жайды» деп Әбілхайырға айтқызасыз. Осындай қисынсыз өтірікті қай құжаттан тауып алдыңыз? Сол құжаттың фотокөшірмесін неге қоса баспадыңыз? Дәлелі жоқ дүние қалайша тарихи ақиқат болады? Зарқын! Орта жүз бен Кіші жүздің 1737 жыл 28 шілдедегі біріккен хан кеңесінде қабылданған «құжаттың» толық мәтінін келтіріп: «Қазақтың ханы Әбілхайыр және мына сұлтандар, билер мен батырлар: Әбілмәмбет сұлтан, Керей сұлтан, Батыр сұлтан, Барақ сұлтан, (ата жауы Барақ сұлтан қалай қатыса қойды) Нұралы сұлтан, Абылай сұлтан (алты алаштың астын сызған мен депсің З. Т.) Сонда айтып отырған алты алашың осы кісілер ме? Жоқ әлде мен дұрыс түсінбей отырмын ба? Әлқисса, сол «ұлы құрылтайда» шамамен айтқанда мына мәселелер қаралып, мәмлеге келеді екен. 1. Қазақтар жүзге бөлінбейді, бір орталықтан басқарылады, бір ханға бағынады. 2. Ол хан – Әбілхайыр. 3. 1731 жылғы Әбілхайыр берген антқа сәйкес Ресеймен татулық сақталады. 4. Қорғаныс, көрші елдермен арадағы жағдайлар келіссөзбен шешіледі, Тайпа немесе Ру өз бетімен соғыс ашпайды, бұл тек ортадан сайланған аға хан Әбілхайырдың құзырына беріледі. 5. Қазақтар орыс – башқұрт қатнастарына араласпайды. 6. Башқұрттар араша сұрап, қазақтарға келмейді, қажет болса башқұрттар өз алдына хандық құра алады, Әбілхайыр оларға хандыққа сұлтан береді. Осыдан бір ай бұрын Әбімәмбетпен Абылай сұлтандар Кіші жүз қолымен қосылып, Еділ қалмақтарынан кек алуға барған және жазығы жоқ орыстар мен башқұрттарды шапқан. «Қазақтар сол жолы 250 қалмақ пен 36 орысты әкетіпті де, қазақ арасына өткізіп жіберіпті». Әбілхайыр хан бұл жорықтан хабарсыз, ол кезде Орта жүз Әбілхайырды тыңдамайтын дейсіз. Ресейге ант беру рәсімі 1740 жылы өтті. Бұл рәсімге Әбілхайыр келген жоқ. Кіші жүз бен Орта жүздің арасы алшақтаған деп түсіндіресіз. Неге алшақтады? Ал ант қабылдағандар «Әбілхайыр хан арқылы Ресей үкіметі қандай бұйрық-жарлық берсе – орындаймыз» дегіздіресіз, бұдан артық қандай ауызбірлік керек? 1730 жылы ҰЛЫ ХАН боп сайланған Әбілмәмбеттің орнына 1735 жылы Орта жүздің ханы болып Абылай сұлтан сайланған. Орынборға Әбілмәмбетпен бірге келгенде Әбілхайыр өзі келмей Нұралы мен Ералыны жіберген. Әбілхайыр хан Бопай ханымнан туған Қарашаш сұлуды той жасап Абылайға қосу үшін қалып қалған жоқ па? Осы жолы Қарашаш сұлуды алып қайтады. Абылай хан батыс өлкесіне екі рет ат басын тірегенін білеміз. Біріншісі, Әбілмәмбет Ресей бажағы болуға ант беруде. Екіншісі, Барақ сұлтанның қолынан Әбілхайыр хан мерт болғанда Бопай ханымға келіп көңіл айтады. Мен оқыған тарихи мәліметтерде осылай көрсетіледі. Әбілхайырдың аға хан сайланар кеңесінде башқұрттарға аяушылық танытып қазақтар башқұрттардың ішкі ісіне араласпайы деп шешім қабылдатасыз. Сөйтесізде, 30 мың әскермен бүлікші Ырысай байдың және қарақшы башқұрттардың ел-жұртын талқандауға Орынбордан Әбілхайырды аттандырасыз. Соғсты ма, соғыспады ма ол жағы белгісіз. Бір шындығы сол А. Акманов жазған башқұрт тарихында Әбілхайыр да, Абылай ханда башқұрттармен соғыспаған. Тәптіштеп жазбай-ақ қояын башқұрттардың 1735 - 1738 жылдардағы ұлт-азаттық көтерілісінің басшысы «Қарасақал» Барақ сұлтанның қолында, наймандардың арасына қашып келіп паналаған. «Әбілмәмбет және Абылай сұлтандардың жіберген адамдары, қазақтар тұтқындып алған башқұрттарды қайтаратын болды» дейсіз. Қазақ арасына тарыдай шашып жіберген башқұрттарды (түрмеде отырмаса, қазақта түрме болмаған) қайдан табады. Ең соңында Әілмәмбет, Барақ сұлтанның Әбілхайырмен суынуы «Аңрақай» шайқасын тастап кетуден басталған. Іріктеп жазған аса маңызды құбылыстарыңыздың қазақ тарихында көрініс таппай отырғаны деректеріңіздің шылғи өтіріктен құрылуы. Көзі қарақты адам ғылыми айналысқа түсірмейді. Өкпелемеңіз. Осы мақалаңызды менің «Абай кз» порталында жарияланған «Сыпатайда не құн бар» деген мақалама қарсы жазып жариялап отырғаныңыз белгілі. Өйткені, мен жазушы Қабдеш Жұмаділовтің Әбілхайыр ханға қатысты Абылай ханның сөзін келтірген едім «Мен Әбілхайыр ханды ақ патшамен әмпей болып, өз елін сырттай саудалағаны үшін де емес, ең зәру шақта ел ішіне іріткі салып, бір тұтас қазақ қолын ыдыратқаны үшін кешірмеймін ЛАҒНЕТ! ЛАҒНЕТ! жаусын Әбілхайыр ханға» дегіздіреді. Сіз осы сөзге шамданып «алты Алаштың ұлы хандығына сайанғанда ӘБІЛМӘМБЕТ пен АБЫЛАЙ өздері қол көтеріп бата беріп еді, енді неге қарғыс айтады дегіңіз келеді. Абылайға қосылып қарғап сілемей-ақ, сіздің атаңыз Қаздауысты Қазыбек би: «Ашыққан – ұры. Ашынған – долы. Барақ сұлтанның ақ алмасы көптен қайраулы жүрсе де, бұл жолы Барақ сұлтан айып-анжыдан ада, қолы күнәдан таза, Әбілхайырдың бұл дүниеде құны сұраусыз» дегіздіреді. Не деген ашщы сөз! Қаздауысты Қазыбек би мен Абылай ханның соттап отырғаны Әбілхайыр хан. Соттауға тұрарлық жан. «Көпір үстінде ат ауыстырмайтынын» біле тұра, енді бір ұрандаса жеңіске жететінін біле тұра майдан даласын тастап, батырларын ертіп қайтып кетті. Оның ішінде Шақшақ-Жәнібек те бар. Әбілхайырдың өкпесі де дұрыс. Қайып, Сәмеке, Болат, Әбілмәмбеттерден өлсе өлексесі артық еді. Ел басына күн туып, «ер етігімен су кешіп, ат ауыздығымен су ішкен» алмағайып уақытта қайнап тұрған соғыс даласын тастап кету де кешірілмес күнә. Кешегі 1941-1945 жылғы Ұлы отан соғысында түгел әскерімен сатылып кеткен Власовты И.В. Сталин не күйге ұшыратып еді? Әбілхайырдың ісі одан кем емес. Ұлы жүз үшін, Орта жүз үшін Әбілхайыр хандық беделінен айырылды. Қарым қатнас үзілді. Қазақ халқының тізгіні Қазыбек бидің қолында екенін, Төле бидің оны қолдайтынын біліп екі Жүзге қаскөйлік ойлап керуендерін тонатып, елін шаптырып жымысқылық жасады. Ол кешірілмеді. Барақ сұлтанның қолынан қаза апты. Осындай ханды он бір жыл бұрын, тарих сахнасына Абылай хан шыққанда 1737 жылы Әбілхайырды «алты Алаштың ханы» сайлайсыз. Құжат бар деп құтыртасыз. Ол «құжат» Әбілхайырдың Орынбор генерал-губернаторына кездескенде айтқан сөзі, елші Тевкеловке жазып берген өзінің хаты. Ол ресми құжат емес. Құрметті профессор! Сіздің «Абылай хан» кітабыңызда салған беттен (№ 1 құжат 1718 жыл 10 желтоқсан) Абылайды қарақшы қылып көрсетесіз. «Абылай 1718 жылы «Жилин қазақ жеріндегі Қарнақ қаласында болғанда Қайып ханның інісі Абылай сұлтан Жилиннің қасындағы солдаттардың үш мылтығын, оқшантайымен бірге тартып алыпты» Япырым-ау, Зақа-ау недеген көзсіз батырсыз. Абылай 1711 жылы туған болса 7 жаста, 1713 жылы туған болса 5 жаста болады. Қалай ол солдаттардың мылтығын тартып ала алады? Бес жүз беттік «Абылай хан» атты көшірме кітабыңыз елді адастыратын зиянды кітап. Мемлекеттік мәселе шешетін бірде бір құжат жоқ. Абылай тарих сахнасына қалмақтың батыры Шарышты жекпе жекте өлтіргеннен кейін шықты. Әбілмәмбет ханның «қарына тартпағанның қары сынсын» дегендей ағалық қамқорлығынан, төрелік жанашырлығынан хандық жолды Атығай-Қарауылға сұлтан болудан бастады. Кітабыңызда Қанжығалы-Бөгенбай, Қаракерей-Қабанбай, Төле би, Қаздауысты Қазыбек би, Бұқар жырау, Қазыбектің баласы Бекболат бидің Абылайға қатысы болмаған сияқты. Қарсы болса іс әрекеттерін құжаттармен көрсетпегенсіз. Олар Абылай заманында болмаған мемлекеттік, хандық іске араласқанын көрсетпегенсіз. Қожа молданың ауызынан, кездейсоқ адамдардың емеурінінен жиған терген құжаттарыңыз арақтан басы ауырып тұрған адамның есеңгіреп отырып жазғанын елестетеді. Садық СМАҒҰЛОВ

Bilal Quanysh

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір