30 Мамыр, 2012 NEWS
"Сұрапыл Сұржекейді" қашан көреміз?
Әлем тарихының ақтаңдақ беттері көп. сарғайған, сары ізденген, ұмытылмас, ұмыттырмас оқиғалар жеткілікті. Әр халық өз тарихының тереңіне бойлау үшін, өткенінен...
Әлем тарихының ақтаңдақ беттері көп. сарғайған, сары ізденген, ұмытылмас, ұмыттырмас оқиғалар жеткілікті. Әр халық өз тарихының тереңіне бойлау үшін, өткенінен сабақ алу үшін, үлгі алу үшін, өнеге алу үшін түрлі сипатта жұмыстар атқарады. Бірі ұлы әдеби шығармалар, кешенді зерттеулер, сол оқиғаны тәптіштеп ой қорытар институттар құрса, бірі кинокартинамен таңбалайды, енді бірі ескерткіш, мемориалды кешен тұрғызып, зарлы жылдардың жанарындағы жасты сорғалатады. Ол сол тарихта опат болғандар үшін емес, бүгінгі өскелең ұрпақ үшін керек шара.
Ендеше, біз биыл 80 жыл толған ашаршылық зобалаңы үшін не істедік? Онан қандай ой түйдік? Мәселенки, Украина өзінің аштық тақсыретін ұлттық қасірет деп жариялады. КСРО мұрагері Ресейден кешірім сұрауын талап етті. Аштық жайлы қаншама фильмдер, театрлық қойылымдар, мемориалды кешендер, ескерткіштер тұрғызды. Олардың боздақтарының жаны біздің қараша халықтан артық па еді? Жоқ. Бәрі бір адам баласы. Адамнан адамның артықтығы жоқ. Екі ұлттың да ұқсас қасіреті бұл. Бірақ біз бейжаймыз. Нараумыз. Немқұрайлылық етімізден өтіп, сүйегімізге жетіп қалғандай... «Ақырып теңдік сұрамасақ» та, өз хал-қадірімізше тырбанып, кино түсіріп, театрда сахналауға болар еді ғой. Ол үшін ешкім «әй,бұларың не?» демесі айдай анық. Егер Президент айтпаса, биыл да қыңқ етпей отырар ма едік? Алматыда ескерткіш орнатылады деген белгі-тасқа жылда бір гүл шоғын қоюмен шектелер ме едік, кім білсін? Біз көкейдегі осы сауалдардың бір ұшығын жазушы Смағұл Елубайға қойған едік.
– Бұл біздің ең зұлмат қасіретіміз. Бұрын-соңды қазақ көрген қырғынның ең ауыры осы – ашаршылық, –деп бастады сөзін жазушы. – Егер дәл осы қызылдар қырғыны болмағанда кез келген империяның сәлемін шалқайып алар қуатымыз болар еді. Қазақ даласында 50 миллион қарға тамырлы ел болса, оңымыздан да, солымыздан да ықпас едік. Мен-мендегендер де санасар еді бізбен. Бірақ өткенге өкпе айтқаннан өнер ештеңе жоқ. Енді болашақты ойлауымыз шарт. Боздақтардың рухына тағзым етіп, әулетімізге мұндай нәубеттер келмеуін жаратқаннан тілеуіміз, бүгінгі ұрпаққа қанды тарихтың кесапатын түсіндіріп, ұлтымыздың көрген сан қилы қасіретін ұғынуға, ұлтын, елін, Отанын сүюге баулуымыз міндет.
– Сіздің осы тақырыпты қаузап жазған «Ақ боз үй» атты романыңызды білеміз. Ауқымды еңбегіңіз көркем сөзбен қойылған ескерткіш деуге тұрарлық, опат болған 4 миллион қазаққа. Бірақ, жас ұрпақ сол қырғынды экраннан көруді қалайтыны және рас. Көбісі кітап оқымайды. Бұл жағын неге қолға алмайсыздар?
–Ашаршылық туралы деректі фильмдер бар аздаған. Ал көркемтуынды сонау 1990 жылы түсірілген. Өзің айтқан «Ақ боз үй» романының желісі бойынша екі сериалды «Сұрапыл сұржекей» атты фильм түсіріліп, қойылған болатын. 1991 жылы өткен «Бүкілодақтық кинофестивальде» көрсетіліп, жүлдеге де іліккен. Сол фильм қазақ даласындағы ашаршылық зобалаңын көрсеткен, шынайы суреттеген бірден бір фильм еді. Әрине, ол кезде ақшаның жоқтығынан, қысқа жіп күрмеуге келмей, фильмнің ең бір өзекті өртер тұстары экрандалған жоқ. Бірақ, фильм бар бізде. «Катарсис» атты киностудиясы түсірген еді.
– Шыны керек, мұны сізден бірінші рет естіп отырмын...
– Олай болатын жөні бар. Себебі, бұл фильм екі-үш рет қана көрсетілген. Кейін мүлдем көрсетілген жоқ. Кезінде киноөндірісімізді бақылап-барлаушылар, киносыншылар тәуір баға берген еді. Амал нешік, қазір «Катарсис» киностудиясы жоқ. Шығынға ұшырап, жабылып қалыпты. Ал фильмді ұсыну үшін сол кездегі директорының рұқсаты керек. Оны таба алмай жүрміз...
– Десе де, бір фильммен шектелуге болмайды ғой.
– Әрине, бұл 10, тіпті 100 фильм түсірсең де бітпейтін тақырып. Төбе шашыңды тік тұрғызар небір фактілер бар. Сол қырғынды көзімен көрген қариялардың әрбір естелігінің өзі бір-бір киноға сұранып тұр. Бейімбеттің «Күлпашын» түсіріп, күллі Алаштың ар мен жанның арпалысындағы болмысын көрсетуге болады. Бұл тақырыпты киноға айналдыруға мүмкіншілік берсе, қаражат бөлсе Үкімет, біз сценарийін жазар едік. Аштықты қалада өскен, бүгінгі технограттық заманмен миы уланған жас режиссерлер сезіне алмайды. Оған сақа, ұлтының қайғысын жүрегімен сезінетін мықты режиссерлер керек. Ондай кәсіби білікті мамандар да бар. Бірігіп жұмыс істеуге әрқашан дайынбыз.
– Биылғы еске алу шарасы қалай өтеді? Алда тағы нелерді қолға алған жөн?
– Алла бұйырса, алдағы 30-31 мамыр аралығында Астанада алқалы басқосу өтпек. Осы ретте ашаршылықтың нақты бағасын, ұлтымыздың өсуіне жасаған ащы ақиқатын сараптау басты назарда болар деп ойлаймын. Сондай-ақ, Астанадан ашаршылық құрбандарына арнап ескерткіш қойылмақ. Біз жуырда Елбасының қабылдауында болдық Алматыда. Сонда ол кісіге ашаршылық құрбандарын еске алудың мәні мен маңызы туралы айттық. Ол кісі барлық ұсыныс-тілектерімізді тыңдады.
– Қандай ұсыныс жасадыңыздар?
– Біз Елбасыға ескерткіш орнатумен шектелмеуді сұрадық. Ашаршылық, қуғын-сүргін құрбандарына үлкен мемориалды кешен тұрғызсақ деген өтініш айттық. Ол кісі: «Қайдан тұрғызған жөн?» деді. Біз Алматыны меңзедік. Өйткені, репрессияның ошағы Алматы болды ғой. Осы қалада қаншама қазақ зиялысы, ой ұстаған, сөз ұстаған марғасқалары қудаланып, атылды. Ол кісі құптайтынын білдірді. Астанада Тәуелсіздік сарайының қасынан тарихи-мемориалды кешен тұрғызылып жатқанын, соның бір қабатын осы ашаршылық пен қуғын-сүргін құрбандарына арнау керектігін айтты. Біз қуанышымызды жасыра алмадық.
– Сіздіңше, ол кешеннің жоба-жосыны қалай болғаны жөн?
– Мына Англияда Мадам Тюссо деген тарихи мұражай-кешен бар. Ағылшынның күллі ақтаңдақ тарихын бәдіздеген. Жауыздардың адам басын шапқалы тұрған сәті, дар алдындағы қылмыскер, соғыста опат болған боздақтар, бәр-бәрі балауыз құймамен құйып шыққан. Тірі адам сияқты, өте әсерлі, жанды көріністер. Англияға барғандар сол кешенге соқпай кетпейді. Оны көрген адамдар Англияның тұтас тарихынан хабар алып қайтады. Ал англиялықтар өз халқының қиын-қыстау тарихын көріп, тәубелеріне келеді. Отандарын сүюден артық бақыт жоқ екенін сезінеді. Бізге де солай істеу қажет. Егер 1917 жылдан бастап, 1921, 1931-33, 1937-38, 1941-45, 1986 жылғы әр кезеңдегі оқиғаларды, ондағы нақты адамдарды балауыз мүсіндермен арнайы рет-ретімен орнатсақ, бұл тарихымыз үшін әділетті іс болар еді. Ашаршылық құрбандарын екі күн еске алумен шектелуге болмайды. Мұны үнемі ойдан шығармау ләзім! Ешқашан ұмыт қалдыруға болмайды.
Әңгімелескен Тоқтарәлі ТАҢЖАРЫҚ
суреттер ғаламтордан алынды
Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.
Пікір қалдыру
пікір