24 Ақпан, 2014 NEWS
Ахметов мырза, қазақты азапқа салмай, отставкаға кетіңіз!
Дүниежүзінде өз ұлтына жаны ашымайтын, шетте жүрген қандастарының өз Отанына оралуына қарсы, Президентінің жүргізіп отырған ұлттық саясатын аяққа таптағысы...
Дүниежүзінде өз ұлтына жаны ашымайтын, шетте жүрген қандастарының өз Отанына оралуына қарсы, Президентінің жүргізіп отырған ұлттық саясатын аяққа таптағысы келіп тұратын, қазақтар арасында шу - шығаруға әуес бір үкімет болса, Ол – біздің Қазақстан Республикасының К.Мәсімов басқарған Үкіметі болған шығар деп ойлаймын!
Неге дейсіз ғой?!
Обалы не, Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев Мәңгілік Ел тұжырымдамасын алға қойып, Қазақстан атауын Қазақ Елі деп атайық деп жанталасып, күллі Алаш жұртын, бүкіл Түркі дүниесін қуантып жатыр.
Ал, Үкімет шетелден Атажұртқа көшіп келетін қазақтардың Қазақстанда тұрақты тіркеуге тұру - тұрмауын сол өзі келген елдің Қазақстандағы Елшілігі белгілейтін етіп, баяғыда Қаулы қабылдап тастаған.
Кәрім Мәсімов қол қойған сол Қаулы Мәңгілік Ел тұжырымдамасы жолға қойылғалы тіпті қатаң атқарыла бастады. Өткен жылдың соңынан бастап, мысалы, Қытай Халық Республикасынан мұнда өз күшімен көшіп келген қазақтар Астанадағы Қытай Елшілігінен мынадай орыс тілінде жазылған, қызыл мөр басылған «СПРАВКА» алған соң барып, біздің Көші - қон полициясына тұрақты тіркеуге тұруға құжаттарын зорға тапсыруда.
Сорымыздың қайнағаны соншалық, Қытай Елшілігі қазақ тілінде жазылған құжатты, басын кесіп алсаң да, қабылдамайды екен. Тек қана орыс тілінде дайындап апаруың шарт.
Нақтылап айтсақ, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2009 жылғы 14 желтоқсандағы № 2102 Қаулысымен бекітілген «Шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарды тіркеу және оларға Қазақстан Республикасында тұрақты тұруға рұқсат беру бойынша мемлекеттік қызмет стандартына» 2012 - жылы 28 - науырызда өзгертулер мен толықтырулар енгізіп, ҚР Үкіметінің № 362 Қаулысымен бекіткенде, осы Стандарттың 11- бабының 2- тармағына енгізілген: «ҚР-да өзге де заңды негізде уақытша болатын адамдар: келген елінде соттылығының бар болуын не жоқтығын растайтын құжатты; кету парағы не шетелге тұрақты тұру үшін шығуға рұқсатты растайтын басқа құжат ретінде болуы мүмкін шетелдіктің азаматтығына ие мемлекетінің жазбаша келісімін ұсынады» делінген өзгертулерде өз қандастарымыздың мүдесі мүлде ескерілмеген (http://adilet.zan.kz/kaz/docs/P090002102_#z0 ).
Бұған дейінгі Үкіметтік Қаулылардың көбінде, мәселе шетелдегі қазақтарға қатысты болған жағдайда, «этникалық қазақ өкілдерінен өзге» немесе «Бұл ұлты қазақ азаматтардан талап етілмейді» деген ескертпе сөйлем міндетті түрде қосылып келсе, Кәрім Мәсімов екінші мәрте қол қойған Қаулыда ол сызылып тасталған!!!
Міне, енді, ҚР - на көшіп келіп, Тұрақты тіркеуге тұруға өтініш берген өз қандастарымыздан да «Келген елінің рұқсат қағазы /келу парағы/ немесе ҚР - на тұрғылықты келуі жайлы рұқсат қағаз» және «Талап қағаз сотталғандығы жайлы және әкімшілік жауапкершілікке тартылғандығы жайлы» екі анықтама талап етілетін болды. Жоғарыдағы «СПРАВКА» - ны өзі келген елінен «әкелген» осы «ЕКІ АНЫҚТАМА» негізінде алады.
Басқа елді білмеймін, бұл анықтамалардың Қытайда мүлде берілмейтінін біз мына жерде (http://abai.kz/node/41201) айтқамыз.
Қысқасы, К.Мәсімов Қаулысының (28.03.2012, №362) шартына сай, Елшіліктер келісім бермесе, қазақтарды бұдан былайғы жерде тұрақты тіркеуге тұрғызып, тарихи Отанында қалдыруға Қазақстан Үкіметінің қауқары жоқ. Олар, келген еліне кері қайтуға мәжбүр...
Қазақ көшінің жирма жылдан аса тарихында елге оралған қандастарымыз дәл осындай қолдан қиындатылған кедергіге кездескен емес!
Ал, Үкімет басшысы ауысқалы, Серік Ахметов Премьер-Министр болып келгелі қашан?! Содан бері бұл мәселе БАҚ - та күн құрғатпай айтылып келеді, айтылып келеді... Бірақ, Үкіметте үн жоқ, не білген ойы барын болжау бізге қиын. Шамасы, Президент Аппараты мен Мемлекеттік Хатшылықтың тізгінін қосарлап ұстаған сол Экс-Премьер жаңа Үкіметті желкесінен әлі тұқыртып отырған болса керек!? Сондықтан мынадай мәлімдеме жасауыма тура келді:
Құрметті Серік Нығметұлы!
Кешке дейін Үлкен кісіні айғайлата бермей, бір уақ ұйқыңыздан оянып, серпілсеңізші! Сіз көш бағытын мәңгілікке түзеген Қазақстан деген Тәуелсіз елдің заңды Премьер - Министрісіз! Сізді осы елдің Парламентінің қос палатасы мақұлдаған соң барып, Елбасы тағайындаған. Сонда біз Сізге, Қазақ көшінің тамырына қан жүгіртетін шығар деп, үлкен үміт артқамыз (http://abai.kz/node/1500). Сырттан көшіп келетін әр қазақты осы елде тұрақты тіркеуге тұрғызу - тұрғызбау – өзге мемлекеттің Елшілігінің еншісінде емес, Қазақ Елінің өз Үкіметінің – Сіздің құзырыңыздағы шаруа! Еркіңізді елге неге билетесіз!!!
Көрдіңіз бе, Қазақ Үкіметі Қазақ көшін тоқтып еді, Эдуард Лимонов «Қазақстанның солтүстік аймағын қарпып қалу керек!» деп айқұлақтанып шыға келді (http://abai.kz/content/kazakstannyn-solt-stigin-karpyp-kaluymyz-kerek). Сөз жоқ, бұл – Қазақ билігінің қауқарсыздығы мен салбөкселігінің кесірінен болған іс. Сіз Қазақстанның солтүстік аймағын шеттен келеген ҚАЗАҚҚА толтырып тастаңызшы, озбыр көршінің өңешіне құм құйылады.
Содықтан, Өзіңізді шын мәніндегі Мәңгілік Елдің Премьер-Министрмін деп есептесеңіз, өз қолыңызбен тез арада қандастарымызға Қытай Елшілігі беретін ана басы артық «СПРАВКА» - ның күшін бірден жойып, «Шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарды тіркеу және оларға Қазақстан Республикасында тұрақты тұруға рұқсат беру бойынша мемлекеттік қызмет стандартын» ең алдымен қандастарыңыздың тұрақты тіркеуге тұруына тиімді етіп жаңа Қаулы шығарыңыз! Боламаса, Мәңгілік Елдің беделін түсірмей, қазақты азапқа салмай, толық құрамыңызбен отставкаға кетіңіз!!!
Ауыт Мұқибек
Астана
24.02.2014
Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.
Ұсынылғандар
Пікір қалдыру
пікір