24 Ақпан, 2014 NEWS
Шәмшәдин Керім: Ислам діні мен араб дәстүрін шатастырмау керек
ұран Кәрімде: «О, Халық! Не нәрсені де талқыла, сонда сен шындыққа жетесің» деп көрсетеді де, көзқарастар қайшылығынан ақиқатқа қол жеткізу болатынын...
Құран Кәрімде: «О, Халық! Не нәрсені де талқыла, сонда сен шындыққа жетесің» деп көрсетеді де, көзқарастар қайшылығынан ақиқатқа қол жеткізу болатынын меңзейді. Ендеше, қазіргі кең етек алған дін мен дәстүр қарым-қатынасының қандай болуы керектігі мәселесі уақыт тудырған проблемалардың бірі. Оған қоса ендігі бір тұстардағы айтылып жүрген тәңіршілдік ұстанымын алға тартсақ, онда мәселе тіпті күрделене түседі. Тәңіршілдікке келсек, оны теориялық жағынан негіздейтін кітап та, канон да жоқ. Ол бар болғаны қазақтың әдет-ғұрып, салт-дәстүр, күнделікті тыныс-тіршілігіндегі қарым-қатынасқа сіңісіп, мұсылмандықпен астасып кеткен наным-таным, айта берді сенім. Сондықтан, тәңірлік ұлттың «сәбилік» шағының белгісі. Ол халқымыздың өткен табиғи-тарихи процесі. Оған еш қайта орала алмаймыз. Демек, бүгінгі келелі кеңесте көтеріп отырған мәселеміз дін мен дәстүр қарым-қатынасының қаншалықты болып, қандай деңгейде дамуы керектігі болса, ол ешкімді де таңқалдыра қоймас. Дейтұрғанмен, соңғы уақыттағы жат ағымдардың кері әсерінен болар, дәстүріміздің дінге қайшы тұстары көп айтылып жүр. Дәстүрлі дін мен салт-санамыздың ара жігі неге ажырап бара жатыр. Бұл қоғамның өзге ағымдардың әсерінен арандауға ұшырағаны ма, әлде «дәстүрдің озығы бар, тозығы бар» демекші, салт-дәстүріміз иманға қайшы болғаны ма? Осы және өзге де дін мен дәстүрге қатысты Кеңеске «Нұр-Мүбарак» университетінің проректоры, профессор Шәмшәдин Керімнің пікірін білген едік...
Ислам діні және ұлттық дәстүр деген мәселе қазіргі қоғамымызда неліктен көкейтесті болып отыр. Бұның себебі, ислам дінінің күшеюімен байланысты. Ислам діні күшейгеннен кейін біздің елімізде жастар дінге қарай бет бұрды, сонымен бірге сырттан, әсіресе миссионерлер, дінді тарататын құралдар, формалар, дін жолын ұстанатын жастар көбейді. Осымен байланысты екінші проблема туды. Жастарымыз тек ислам жолымен, шариғат бойынша жүреміз деп, кейбір салт-дәстүрімізді шариғатта жоқ деген пікірлер айта бастады. Осыдан кейін біздің қоғамымызда дәстүрге қарсылық туды. Біздің аруаққа сену секілді әр түрлі ұғымдарымызды ислам дінінде жоқ деп шықты. Қыздардың да киім кию формалары, қазақ жігіттерінің сыртқы көріністері өзгере бастады. Сондықтан, біз қазақ елі болғандықтан, өзіміздің ұлттық болмысымызды қалай сақтап қаламыз деген үлкен сұрақ туындайды. Тек қана біздің қазақ қоғамында ғана емес, барлық әлемдік жаһандану заманында халықтардың дәстүрі өзгеріп, кейбір ұлттар жоғалып жатыр. Жаһандану дәуірінде біз көптеген дәстүрімізден қаласақ та, қаламасақ та айырыламыз. Келесі ғасырға біз қазақтығымыздан не алып барамыз деген проблема тұруы керек. Ислам діні қазіргідей кең түрде, дендеп ене бастаған кезде де біз дәстүріміздің қайсысын алып қаламыз деген тағы да мәселелер туады. Сонымен бірге, ислам діні ешқашан дәстүрге қарсы шықпаған. Сондықтан біз қазіргі дәуірде өзіміздің ұлттық дәстүрлерімізді, исламды сақтай отырып, қазіргі заманға лайық халық болып қалыптасуымыз керек. «Дәстүрдің озығы бар, тозығы бар». Қаласақ та, қаламасақ та, кейбір салт-дәстүрлер қалады. Бірақ, дәстүрімізден айырылып қалсақ, біз ұлттық келбетімізден де айырылып қалуымыз мүмкін. Бар мәселе, осы дәстүрлердің қайсысын біз болашаққа алып барамыз? Сондықтан, біздің қазіргі философтар, қоғамтанушылар да қазақ халқының ең жақсы, заманымызға лайықты құндылықтарын сақтап қалуымыз керек деген ой айтуда. Мына заманда ислам дінін берік ұстамаған жағдайда да бізге халық ретінде жоқ болып кету қаупі тағы бар. Қазіргі кезде біз он миллионнан асатын халықпыз, көп емеспіз. Жаһандану дәуірінде өзіміздің ұлттық келбетімізді сақтап қалуды ойлауымыз керек. Биыл Қазақстан Мұсылмандар діни басқармасында биылғы жыл «Дін және дәстүр жылы» деп аталады. Бұл мәселе өте өзекті. Осыған байланысты біз ұлттық дәстүріміздің дінге қайшы келмейтіндігін, үндестігін көрсетуіміз керек. Сөйтіп, бір жағынан ислам дінін ұстау болса, екінші жағынан ұлттық құндылықтарымызды сақтау, жоғалтпау мәселесі қазір көкейкесті болып отыр. Бұл кейбір біржақты діни ағымдарға тосқауыл қойылудың бір жолы деп есептеймін. Біздің ислам елдеріне барып жүрген жастардың арасында ислам діні мен арабты шатастыру бар. Араб деген 300 млн. астам халық. Олардың іштерінде де өз дәстүрімен келген халықтар бар. Қазақ секілді әртүрлі өзінің дәстүрлері мен ислам дінін қатар ұстанып келе жатқан ұлттар бар. Сондықтан, араб дәстүрінің барлығы исламға тән деп түсінбеуіміз керек. Қазақ жастары араб елдеріне барып, арабтардан көргенінің бәрін ислам деп ұғады. Біз осыдан шатаспауымыз керек. Сонымен қатар, екінші айтылатын арабтардың киім киюіне байланысты әр түрлі климаттық, географиялық жағдайларға байланысты немесе исламға дейінгі олардың қалыптасқан дәстүрлері бар. Сондықтан, кейбір жағдайда қазақтың дәстүрлері ислам діні келмегенге дейін қалыптасып және дінге сәйкес келетін дәстүрлер бар. Мысалы, аманатқа беріктік, «Уәде – Алланың сөзі» дейміз, тазалық, қайырымдылық, кешірімділік, дархандылық, қонақжайлылық сияқты мінез-құлықтары жағынан алып қарағанда біз араб халықтарынан да жоғары тұрамыз. Біз арабтармен қарым-қатынаста жиі боламыз. Олар кейде сөздерінде тұрмау, өтірік алдап кету, өтірік күлу, тағы басқаларға көп ерік береді. Сондықтан, біздің көп дәстүрлеріміз ислам дінімен сәйкесіп жатады. Біз өзіміздің жақсы құндылықтарымызды жоғалтпауымыз керек. Ал, исламға жат, Кеңес үкіметінен қалған арақ ішу, зинақорлық секілді жаман дәстүрге айналып бара жатқан әдеттерімізден арылуымыз керек. Осы орайда, бізге ислам діні көмектеседі. Біз дәстүрлеріміздің жақсы жақтарын, исламмен байланысты тұстарын айтуымыз керек. Ислам дініндегі біздің ұлтымызды алға тартатын құндылықтарын алып, ысырапшылдық, даңғойлық, қайырымсыздық, ата-анаға қарамау, біздегі суицид деген, бала сүймеу, түсік тастау секілді теріс мінездердің қажеті жоқ.Қазақты халық ретінде құртып жіберетін жау осы. Ислам діні көп балалықты жақсы көреді. Сондықтан біз исламның жақсы жақтарын насихаттауымыз қажет.
Жазып алған Жания Әбдібек
Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.
Ұсынылғандар
Пікір қалдыру
пікір