• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

20 Сәуір, 13:41:02
Алматы
+35°

25 Мамыр, 2018 Ғылым-білім

Ақылды жастардың жаппай шетел асуына не себеп?

2000-ға жуық қазақ баласы АҚШ-тың Сан Франциско қаласында қоныстанып, тұрақты жұмыс істеп жатыр.

Әйгілі неміс физигі, Нобель сыйлығының иегері Ханс Йенсен: «Елден ғалымдар, инженерлер, дәрігерлер, ақыл-ой иелері кетсе, сол елдің сәні – интеллигенция құриды. Ондай елде бизнесмендер билікке келеді, көшедегі кім көрінген саясаткер атанады. Ал әртістер мен спортшылар, базардағы алыпсатарлар депутат болады», - депті.

Йенсеннің бұл пайымы қазіргі Қазақстанда болып жатқан үрдістердің айқын көрінісі іспетті. Мойындамасқа амалыңыз жоқ. Жас зияткерлердің жаппай шекара асып жатқаны рас. Инженерлік-техникалық және ғылыми кадрлардың дамушы елдерден дамыған елдерге көшуі ақыл ағыны деп аталады.

ҚР Ұлттық экономика министрлігінің Статистика комитеті ұсынған мәліметке сүйенсек, 2018 жылдың басынан бері Қазақстаннан 6846 адам кеткен. Көпшілігі Ресейге қоныс аударған. Германияға 500-ге тарта, АҚШ-қа 60-тан астам азамат біржола көшкен.

Ал 2017 жылы шекара асқандардың саны 38 мыңға жеткен.

Finprom.kz сарапшысы Азамат Қасымбектің дерегі бойынша елден кеткен техникалық мамандар саны – 6,6 мың, экономика мамандары – 3,6 мың, педагогика мамандары – 2,6 мың адам екен. Әр екінші қоныс аударушының жоғары білімі, әр үшіншісінің орта-кәсіптік білімі бар.

Мұндай жаппай көшу процесінің әсерінен елдегі барлық салада дилетанттар көбейіп, жұмыс сапасы мен өмір сүру сапасы төмендейтіні белгілі.

Өткен ғасырдың 70-жылдары Сингапур дәл осындай қиындыққа ұшырапты. Жыл сайын жоғары білімді жастардың 5 пайызы елін тастап кететін болған. Сингапур азаматтардың дамуы үшін ешбір мүмкіндік жасай алмайды деп есептеген олар. Сингапурдың сол кездегі премьер-министрі Ли Куан Ю өзінің естеліктерінде: «Талантты адамдар елдегі ең бағалы құндылық екенін түсіну үшін біраз уақыт қажет болды. 1965 жылы тәуелсіздігіне енді қол жеткізген 2 миллион  ғана халқы бар, жеткілікті ресурстары жоқ Сингапур үшін бұл нағыз айқындаушы фактор болды», - деп жазды. 1980 жылы мемлекет бұл жағдайды мықтап қолға алады. Жоғары білім алып жатқан сингапурлықтармен қарқынды жұмыс жүргізе бастайды. Сонымен қатар Ұлыбритания, АҚШ, Австралия, Жаңа Зеландия мен Канададан мамандар тартатын арнайы агенттік құрады. Соның арқасында Сингапур барлық кедергіні еңсеріп, елу жылдың дамыған елдер қатарына қосылған.

Қазақстанға да ақылды азаматтардың шекараның арғы бетіне жаппай ағылуын азайту керек. Бүгінде ғаламның түрлі құпияларын тану үшін тасада кітап жастанып жатудың аса қажеті жоқ.  Ғалам әр қазаққа айқара ашық. Дегенмен «Болашақ» сынды бағдарламаларды желеу қылып, шетелден елге оралмай, отанның келешегі үшін межелі жұмыстар атқаруға мүдделі болмай отырғандар баршылық. Бұған жыл сайын мың құбылған ҰБТ нәтижесінен кейін Ресей, Европа асып кететін жастарды қосыңыз.

Қазақстандағы ақыл ағыны процесіне бірден-бір мысал – 13 жасар қазақ қызы, тараздық шахматшы Бибісара Асаубаева. Қазақстанның шахмат федерациясына ренжіп, бүгінде Ресейдің намысын қорғап жүрген дарын иесіне 2016 жылы Мәскеу төрінен екі бөлмелі үй берілді. Белгісіз себептермен Қазақстанда өтетін шахмат чемпионатына қатыстырылмай, арнайы стипендиядан да қағылған Бибісараның анасы Лиана Таңжарықова қызының болашағы үшін Ресейге кетуге мәжбүр болғанын талай айтқан. Бұл күнде талапты қызға АҚШ сынды алпауыттар да қызығушылық танытып жатқан көрінеді. Қазақтан шығып, өзге тудың астында өнер көрсетіп жүрген Бибісараның есімі әлемдегі ең мықты 50 шахматшының тізіміне енген.

Ақыл ағыны мәселесінің күрделенуіне әкелген тағы бір себепші фактор – қоғам дамуының күре тамырын жансыздандырып отырған жемқорлық мәселесі. Бұл жайды біреулер экономиканың әлсіреуінен де көреді. Әлбетте, жұмыр бастының барлығы да өзіне жайлы аймақта өмір сүргісі келеді. «Жақсы өмір сүру» түсінігінің астарында адам құқығының сақталуы, қоршаған ортаның қолайлылығы сынды бірнеше шарт бар. Бұл критерийлерге сәйкес, қазақстандықтар өз отанын Еуропамен, Австралиямен және Солтүстік Америка елдерімен көбірек салыстырады. Дұрыс-ақ. Бірақ салыстырудың ешбірі Қазақстанның пайдасына шешілмейді. Себебі жастардың 70 пайызы өз отанындағы мүмкіндіктерге, «жарқын болашаққа» күмәнмен қарайды.

Ендігі кезекте «бұл процестің қарқынын бәсеңдету үшін қандай амал қолданғанымыз дұрыс?» деген күрделі сауалға жауап іздеп көрейік. Мәселенің мәнісін арыдан зерделесек, «үлкен жетістіктерге жету үшін елден кету – мәжбүрлі әрекет» деп, қолайсыз жағдай қалыптастырған билік өкілдерін сынға алмасқа амалымыз жоқ. Қарапайым тілмен айтқанда, мемлекет жастардың болашағы жарқын болатынына сенімді мотивация беруі тиіс. Сонымен қатар адам құқығын, бостандығы мен мүддесін үлкен басымдық ретінде бірінші кезекке қоятын, билік пен халық арасында сенімді байланысты көздейтін бүгінгіден мүлде басқаша саяси парадигма қажет. Яғни билік тап осы кезеңде әдеттегідей басқа құндылықтарға емес, халық үшін жұмыс істегені дұрыс.

Біздің билік әлемге ғажап ел екенімізді көрсетуі үшін ғана жұмыс істеп жатқандай көрінеді. Қазақстан өзінің табысты мемлекет екендігін ЭКСПО көрмесі, бизнес-форумдар, Азиада және Универсиада сынды даңғаза шаралар арқылы танытқысы келеді.

 Ақиқатында, қазақстандық билік жұмысының негізгі көрсеткіші қарапайым халықтың әлеуметтік жағдайы мен елдің өмір сүру сапасы болуы керек. Ал қазіргі жағдай мүлде керісінше нәтиже беріп отыр. Ақылды азаматтарды алақанымызда ұстап, елдің техника, инженерия саласын дамытып, Нобель сыйлығын алу үшін білім саласы бүгінгіден мүлде бөлек жаңа реформаны қажет етеді. Қазірдің өзінде 2000-ға жуық қазақ баласы АҚШ-тың Сан Франциско қаласында қоныстанып, тұрақты жұмыс істеп жатыр. Google, Facebook, Twitter сияқты интернет алпауыттарының кеңселері ерте жастан ерекше талабымен танылған жастарға сұраныс артып отырғанын жасырмайды.

Қазақстанда да өзінің стартап жобаларын іске асырған жастарды өз елімізде ғылымға икемдейтін жүйе қалыптасса деген тілек бар.

Araily Zhaqsylyq

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір