19 Сәуір, 2019 Кәсіпкер
Кешегі бай қазақтың ұрпағы бүгін неге кедей? Қаржыгер жауап береді
Адамдар инвестицияны Қытайдан күтеді. Неге?
Qamshy.kz ақпарат агенттігінің тілшісі "Bai-Quat" инвестициялық компаниясының бас қаржы кеңесшісі - Сайлау Абайділданов азаматтардың қаржылық сауаттылығы жөнінде, ұлт қанындағы қасаң қағидалар жайында көлемді сұхбат жүргізген-ді. Оқырманға қолайлылық жасау мақсатында сұхбатты тақырыпшалармен бөліп бергенді жөн көрдік.
Сұхбаттың бірінші бөліміне сілтеме: Байлыққа ұмтылу: өз қаражатымызды тиімді басқарудың жолдары қандай?
Біз қаржы кеңесшілері адамдарды бай қыла алмаймыз. Біз де жаттықтырушы сияқтымыз. Жүгірген баланың барлығы чемпион болмайды. Бірақ жүгірген баланың 90%-ның денсаулығы жақсы, өмірге, қоғамға пайдалы адам болуы мүмкін. Біз де сол сияқтымыз. Біз қалай дұрыс жүгіру керек екенін, демді қалай ұстау керек екенін жақсы білеміз. Жеке қаржының алғашқы баспалдақтарына жол сілтейміз. Ары қарай қалай жүргізеді, оны өзі шешеді. Әрбір адамға ой салуымыз керек. Ой жүзеге асу үшін қадам жасаймыз.
Бірінші қадам – оқу, білу, іздену керек. Ізденіп, пайдаға асатын дүние тапса оны міндетті түрде істеу керек. Іске көшкен соң ол адам нәтиже шығарады. Өміріңізде нәтижеге қол жеткізсеңіз, сіз оған сенімді боласыз. Сенім сізді мол тәжірибеге алып келеді. Осы айтқандардың барлығын жасайтын болса міндетті түрде байлыққа, қаржылық сауаттылыққа қол жеткізесіз.
Қазір әйелдер де, ерлер де көлік жүргізеді. Көлік айдай алмайтын адам жоқ. Бәрі айдайды. Неге сол сияқты бәрі бай бола алмайды? Себебі көлік айдап келе жатқан адам ойланып отырмайды ғой. Оның барлығын автоматты түрде ой-санаға өткізеді. 1-2 ай көлік айдаған адам барлық іс-қимылдарын өзінің түйсігіне орнатады. Неге бізге бай болу үшін осы жүйені қолданбасқа? Мен барлығы "супер миллионер" болып кетеді деп айтпаймын. Бірақ қаржылық тәуелсіздікке қол жеткізетініміз анық.
Салт-дәстүріміздің барлығы байлыққа бастайды
Бізге қазір жеке қаржылық сауаттылық туралы жүйелі білім керек. Білім қуып оны Қазақстанда да, Ресейде де ала алмадық. Ол үшін шетелге бару керек болды. Жеке қаржының да салалары өте көп. Сала бойынша оқуларды оқыдық. Негізі білімге ақша аямау керек. Ол ең алдымен сіздің болашаққа инвестицияңыз.
Менің алған біліміммен қоғамға кішкене болса да көмегім тисе, мен өзімді бақытты есептеймін. Сол алған біліміңді қарапайым азаматтарға қаржылық терминдермен түсіндіру дұрыс емес. Өйткені жұрттың барлығы қаржыгер емес. Сіздің бір айтқан сөзіңізді түсінбей қалуы мүмкін. Оны қарапайым етіп, халыққа жақын тілге аударып жеткізуіміз керек. Ақселеу Сейдімбеков деген жазушыны әр адам оқыса деп ойлаймын. Сол кісінің жазып кеткендері қазақи рух пен қазақи көзқарасқа жақындатады.
Шетелде алып келген білімімді еліме берейін десем, біздің қазақ елінің мыңдаған жыл тарихындағы біздің салт-дәстүрлеріміз, ауыздан-ауызға атадан-балаға мұра болып келе жатқан үлкен байлығымыз, мұрамыз өте көп екен. Ол мұраның ішінен барлығын табуға болады. Мен шетелдік мамандармен көп тілдестім. Мысалы, олар тапқан табысыңыздың 10%-ын жинауды "Жинақтау қағидасы" деп айтайды, ал егер 20%-ын салсаңыз "Жинақтаудың алтын қағидасы" дейді. Мен айтам, бізде қазақтың салт-дәстүрінде 10%, 20% деген жоқ. Біздің салт-дәстүрімізде 50% деген бар. Біз мал шаруашылығымен айналысқанбыз. Мысалы, 1000 бас қойдан - 500 еркек, 500 ұрғашы болады. Соның 50%-на біздің ата-бабамыз киінген, жуынған, өзінің керек-жарағына күнделікті жұмсаған. Оның қалған 50% инвестиция жасаған. Ұрғашы тұсақтарды ары қарай капиталға қосқан. Төрт-түлік малдың барлығын осындай принциппен басқарған. Олар сіздер онда миллиардер болғансыздар ғой деп таң қалады. Біз сіздердің қалайша бай мемлекеттің басында отырғандарыңызды түсіндік дейді.
Қазақи көзқарас деген жеке қаржыда үлкен рөл атқарады. Шетелдік бизнес тренерлер міндетті түрде сіздің қолыңыз ашық болу керек дейді. Қазір әлемдегі үлкен байлардың барлығы қайырымдылық қорларына ақша береді. Біздің қазақи көзқараста ол бұрыннан бар. Мысалы көрімдік, байғазы, тиын тағу дейді. Өзгелерге беріңіз, қолыңыз ашық болсын, себебі сіз сол сәтте өзіңізге де өзгеге де жақсы көңіл-күй сыйлайсыз деп үндейді. Бізде ол әдет-ғұрпымызда бар. Ешқандай қиындық тудырмады. Мысалы, көрімдік бере саламыз. Олар таң қалады: "Сіздер, ақшалай бересіздер ме?" - дейді. Онда тұрған ештеңе жоқ. Біз үшін ол қалыпты жағдай, олар осыны түсіну үшін оқу керек.
Біздің салт-дәстүріміз өте үлкен философия жатыр. Шетелдік бір азамат өте тұшымды ой айтты. Ол: "Біздің философиямыз қағазға жазылған, бірақ біз білмейміз. Қағазға жазылды осы дұрыс деп ойлаймыз. Сіздердің философияларыңыз қағазға жазылмаған. Яғни іс пен тәжірибе арқылы мыңдаған жылдар бойы уақыт сынынан өткен", - деді. Осы орайда мынадай заңды сұрақ туындайды. Осының барлығы өзімізде бар екен, неге қазір бай емеспіз? Бізде қазір қазақтар еуропаға еліктейді, орыс болғысы келеді. Неге өйткені әрбіріміздің үйімізде төртбұрышты қара жәшік бар. Қара жәшік күнде адамдардың миын улайды. Халықтың бәрі теледидардан не айтады, соны тыңдайды. Олар күндіз-түні өзгелердің мәдениетін насихаттап жатыр. Бір естисің тыңдамайсың, екі естисің тыңдамайсың. Бірақ қайталауды ешкім шектеген жоқ. Біздің халық миын дұрыс емес ақпараттармен толтырып жатыр. Қазір дұрыс жол сілтеп жүрген қазақ тілдегі коуч-тренингтер бар. Көбіне қазақи көзқарастарды қабылдаған жөн.
Біз ұлы халықпыз
Мен семинарларда халықпен кездесу барысында қаржылық білім беріп, халықпен жақын араласамын. Сонда оларға "неге ақшаларыңыз жоқ?" десем, "біз қазақпыз ғой" дейді. Сондай сөз бар кең тараған. Мен "біз қазақпыз ғой" деген сөздің негізгі мағынасын түсінесіздер ме дедім. Енді қазақпыз ғой бәріміз дейді. Түсінемін, бірақ соны тереңірек ұғасыздар ма десем, үндемейді. "Біз қазақпыз ғой" деген сөз "біз ұлымыз ғой" деген сөз. Қазіргі жағдайда ол сөзді сіздер басқаша айтып тұрған сияқтысыздар десем, бәрі күледі. Иә, біз ұлымыз. Оған ешкімнің шүбәсі жоқ. Бірде бір шетелдік азамат біздің мықты екенімізге шүбә келтірмейді. Бірақ біз өзіміз шүбә келтіреміз. Себебі, Ресейдің отаршылдық идеологиясы бар. Содан кейін жиі айтылатын "жалқаумыз ғой" деген сөз қазақтарға келмейді. Сіз жалқау болатын болсаңыз біздің мұндай мемлекетіміз болмайды. Біздің ғасырлар бойы қалыптасқан өз философиямыз бар. Біздің өзіміздің тұрмыс-салтымыз бар.
Ел экономикасына қаржылық сауаттылық керек
Біздің қоғамымызда бүгінгі күнде дәрігерлер бар, балаларға білім беретін мұғалімдер бар, тәртіпті реттейтін заңгерлер бар. Бірақ біздің өмірімізде, біздің жеке қаржымызды басқаруға кеңес беретін адамдар жоқ. Жеке қаржы деген тек қана байлық, тек қана дәулет емес. Сіз Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес өзіңіздің қаржыларыңызды көбейте аласыз, басқара аласыз. Сондықтан біздің "Bai-Quat" инвестициялық компаниясы қаржылық институттармен таныстырады. Қаржылық институттар деген не? Көптеген қаржылық институттар бар, бірақ халық оның не үшін керек екенін де білмейді. Банк деген не оның негізгі фукциялары қандай, сақтандыру компаниялары, оның жеке басыңызға қандай пайдасы бар деген сауалдарға жауап беріп, институттардың қайсысын қай уақытта пайдалану керек екенін үйретеміз.
Құнды қағаздармен айналысатын брокерлік компаниялар бар. Біздің мемлекеттің ішіндегі қаржылық институттардың жеке басыңызға пайдасын түсіндіреміз. Қаржылық институт болған соң, қаржылық құрал бар. Ол институттар құралдар арқылы жұмыс жасайды. Олар банк, банктің депозиті, банктің несиесі, жеке басыңды сақтандыру полисі. Халықтың қаржылық сауатсыздығының арқасында ғаламторда керексіз ақпараттар көп. Сол жерде кезіп жүрген белгісіз ұйымдарға барып ақша салады. Неге? Себебі қаржылық сауаттылықтың болмауынан. Біздің басты міндетіміз қаржылық сауаттылықты халыққа жеткізу. Екіншіден, қоғамның ақшаға деген ойын өзгерту. Үшіншіден осы арқылы біздің мемлекетіміздің баюына өзіміздің септігімізді тигізу.
Біз шетелді байытып отырмыз
Қазір біз тапқан табысымыздың тең жартысын шетелге таратып отырмыз. Біздің қазіргі экономикамызда киім шығармаймыз, миллиардтаған ақшаны киімге береміз. Мысалы, киімін киіп отырған елдерге жалақымыздың 30%-ы кетеді. Тағы 30% керек емес Қытайдан кіретін ұсақ-түйек тауарларларға жұмсалады. Сосын 30% Ресейге жіберміз. Техника аламыз, трактор, машина аламыз. Бұл 30%-ды мен шамалап, мысал ретінде айтып отырмын. Сондықтан біздің мемлекетке түскен қаржының 90 пайызын шетелге жібереміз. Менің жеке ақшам шетел экономикасын байытып отыр. Бірақ шаштаразға барсам өзімізге беремін, нан сатып алсам, қымыз ішсем мемлекетте қалады. Ол бар-жоғы 10%. Біздің тапқан табысымыздың 10%-ы ғана инвестиция болып өзімізге қайтып келіп жатыр. Осы көзқарасымызды өзгертетін болсақ, біздің экономикамыз басқаша өзгереді.
Компаниялардың акцияларын сатып алуға ешкімге кедергі бола алмайды
Қоғамда үлкен бір мәселе бар. Ол - қор нарығы. Қор нарығы десең, адамдардың барлығы ол не дейді? Бұл қаржылық білімнің жоқтығынан. Көбісі қарапайым инвестиция туралы ақыл сұрайды. Менің ақылым жоғарыда айтқан екі қағида. Біріншісі - әрдайым жүйелі түрде ақша жинау, екіншіден - жиналған ақшаңызды жүйелі түрде инвестицияға салыңыз. Ақша болғаннан кейін адамдар инвестиция жасайды. Біз бәріміз өзімізді патриотпыз дейміз. Жерімізді ешкімге бермейміз деп аттандаймыз. Мен келісемін, жерді бермеу керек. Халықты қолдаймын. Бірақ сол жерімізде мыңдаған мекемелер тұр. Ал ол мекемелердің қазір акциялары бар. Акциялары жоғары бағаланып тұрған жоқ. Өйткені сұраныс жоқ. Сондықтан да мен айтамын әр халық, әр азамат патриотпын десе 100 мың теңгеге біздің мекемелердің акциясын алсыншы. Ол қалай болады?
Біздің ештеңеміз кетпейді. Шетел экономикасы миллиардтап ақша алмай қалады. Мысалы, 100 мың теңгеге өзіміздің патриоттық есебімізден "НАК "Казатомпром" АҚ, тағы да басқа компаниялардың акциясын сатып алдық. Енді өзіңіз ойлаңыз, біздің мемлекеттегі мықты мекемелердің егесі кім? Өте оңай нәрсе. Акциялардың барлығын өзіміз алсақ, барлығы өзімізде қалады. Иесі біз. Ертең олар пайда әкелетін болса, пайдасын халықпен бөліседі. Заң бойынша өз мемлекетіңізде компаниялардың акцияларын сатып алуға ешкім кедергі бола алмайды. Заңмен шектеу қойып отырған жоқ. Ең жоқ деген 100 мың теңгеге алсын, алдыңыз миллионға сатып алыңыз. Ертеңгі күні жағдай өзгереді. Барлығы халықтың қолында қалады. Ауызбен айтып ұрандамай, іспен көрсеткен дұрыс.
Бүгінгі күнде біздің Қазақстандағы жақсы компаниялардың акциялары әлі жоғары бағада емес. Бүгінгі күні қор нарығындағы акциялар бағаланбаған активтер. Сондықтан бүгінгі күні қор нарығында адамдар мүмкіндігінше өз мемлекетіміздің акцияларын сатып алған дұрыс. Сонымен қатар, адамдар инвестицияны даладан күтеді. Ол міндетті түрде Қытай болу керек. Біздің халықтың өзінде де ақша бар. Көп түкірсе көл болады демей ме? Мысалы 100 мың теңгеден бәленбай адам жинаса, оған басқа инвестордың қажеті қанша? Ал ол экономикалық тетіктер ҚР-ның заңнамаларында жазылған. Біздің кәсіпкерлер ақша сұрап шетелдерде жүр.
(Жалғасы бар)
Маржан Сәбет
Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.
Пікір қалдыру
пікір