17 Мамыр, 2019
Қыздарымызды "Барбимен", ұлдарымызды "Тачкимен" қашанғы ойнатамыз?
Хорваттар ойыншық әлеміне қатысты ай сайын арнайы көрме өткізіп, баланың дамуына ерекше үлес қосқан кәсіп иелерін үнемі марапаттап отырады.
Біздің біраз қауым Хэнлерлер ойлап тапқан "Барби" қуыршағы қазақстандық нарыққа жеткен тұста "бұл – ұрпақты жалаңаштандырудың бір саясаты. Бұл қуыршақтардың қыз балаға берері жоқ" деп даурыққан-ды. Бірақ 1959 жылдан бері әлемдік нарықта өзіндік бренд қалыптастырып алған бұл қуыршақты қазірде кез келген кішкентай қызы бар үйден кезіктіре аласыз.
Дерек көздері әлемдегі ойын балаларының 80 пайызы осы қуыршақтың өзінде болғанын қалайтынын айқындайды(!).
Міне, бір ғана қуыршақ ойлап табу арқылы Хэнлерлер ойыншық индустриясынан ойып тұрып орын ала алды. Өзіндік бренд қалыптастырды. 1959 жылдан бері Барбидің атағы әлі дәуірлеп тұр.
Арзан ойыншық қымбат дерт
Алдымен "қазақ баласы қандай ойыншықтармен ойнап жүр?" дегенге келейікші. Расымен де, біз осы балаларымызды қандай ойыншық құралдарымен ойнатып жүрміз? Баланың өміріндегі ең маңызды дүние болғандықтан, біз сол ойыншықтардың сапасына, сертификатталғандығына, оның құрамына қосылатын химиялық заттарға қаншалықты мән беріп жатыр мыз? Бұл жөнінде арнайы деректерді келтірер болсақ, ойыншық мәселесімен "ойнап" жүргеніміздің куәсі боламыз. Мысалы, біздің елімізде өндірілетін ойыншықтардың 90 пайызы талапқа сай келмейді екен. Бұған қатысты 2018 жылдың аяғында Техникалық реттеу және метрология комитеті еліміздегі ойыншық шығарумен айналысатын 84 кәсіпорынды тексерді. Нәтижесінде 75 кәсіпорынның өнімі талапқа сай келмеген. Тексеру барысында отандық ойыншық өндірушілерге 33 миллион теңге көлемінде 1003 ойыншық топтамасы тәркіленіп, 4 миллион теңгелік айыппұл салынды.
"Сондай-ақ елдегі ойыншық саудасымен айналысатын кәсіпорындардың да қызмет көрсету сапасы сын көтермейді" деседі мамандар. Мәселен, біздегі бүгінгі баланың қолында жүрген ойыншықтардың басым бөлігі Қытай, Ресей, Беларус елдерінен әкелінеді. Ең қызығы, сол сырттан келген ойын шықтардың қауіпсіздік сертификаты да болмайды екен. Мамандар Қытайдан әкелінетін ойыншықтардың құрамында стиролдың көрсеткіші 2,5 пайызға жоғары болатынын баса айтып отыр. Ал бұл пластмасса жасауға арналған токсиндік қаупі бар сұйықтықты химиктеріміздің арасында «көп мөлшер де қосылса нағыз "у" деп атайтындар да бар.
Бұл ретте химик-ғалым Нұргүл БИМҰРАТОВА:
"Егер қандай да бір затта стирол шамадан тыс болса, адамның жүйке жүйесі сыр беріп, қан айналымы, асқорыту жүйесі бұзылады. Тіпті меҚуыршақ ойнату арқылы қыз баланы болашақ өмірге тәрбиелейміз. Қытайдан елімізге әкелінетін ойыншықтардың денінде стиролдың басым екені анықталды. Бұған қоса сырттан келетін ойыншықтардың құрамында формальдегид те бар. Бұл – адамның тыныс алу жолдары на өзіндік зардабын тигізетін улы иісті газ. Мұның барлығы арзан ойыншықтарда көбірек кездеседі. Өзіңіз білесіз, қазірде арнайы бренді бар қымбат ойыншықтарға екінің бірінің қолы жете бермейді. Сондықтан жұрттың басым бөлігі қара базардан арзан ойыншық сатып алып, баласына ұсынады. Ал ол ойыншықтарда арнайы серти фикат та болмайды. Арзан ойыншықтың қымбат дерт әкелетініне қарапайым көпшілік назар аудармайды. Сондықтан бұл жерде елімізге сырттан енетін ойын шықтарға арнайы шектеу қойған дұрыс",-деді.
Қытайда ойыншыққа қатысты заң мықты
Негізінде, шектеу қою туралы маман сөзінің жаны бар екені даусыз. Аңдасақ, сырттан келетін ойыншықтарға белгілі бір бақылау орнату қажеттілік болып тұр. Мысалы, бізге арзанын тықпалап, түрлі зиянды қоспалары бар ойыншықтарын нарыққа енгізетін сол Қытай елінде тұтынушының сатып алған ойыншығында бір грамм қорғасын көп болатын болса, әлгі тұтынушы ойыншықты шығарған компанияны заң алдында жауап беруге, ірі көлемді айыппұл төлеуіне мәжбүрлеуге толық құқылы. Сондықтан болар, Қытайдың ойыншық өндірісшілері өз елдерінде тұтынушының талап-тілегін орындауға келгенде мінсіз болып келеді. Ал сол Қытай елі сырт мемлекеттерге ойыншықтарын насихаттауға келгенде тым айлакер.
Қазір әлемнің кез келген елін жаулап алған Қытай ойыншықтары туралы тарқатар мәселе де көп. Мамандар "Қытай елі түрлі насихат жүргізу арқылы ойыншықтарының беделін арттырып отыр" деседі.
Интелектуалды ойыншықтар жоқтың қасы
Абзалында, баласына бесіктен бастап тәрбие беруді мақсат тұтқан ел екендігіміз рас. Бұл жөнінде қазірде біраз шаралар атқарылып жатыр. Ойыншық индустриясына атсалысып, ұлттық дүниетанымымызды балалардың бойына сіңіруге талпынып жүргендеріміз баршылық. Бұл ретте ұлттық қуыршақтар шығарып, оларды ұлттық тілде сөйлетіп, қазақтың ән-күйлерін сол қуыршақтарға орындату арқылы балаларымыздың танымын дамытқысы келетін азаматтарды тізбелей аламыз. Бірақ сарапшыларымыз мұның қазақ баласының ой-өресін дамытуда аздық ететінін, елімізде әлі де болса интеллектуалды ойыншықтардың тапшылығын сөз етуде.
Бұған қатысты сарапшы-маман, Айда Айдаржанова:
"Еврейлер баласына бес жасынан бастап "сен данышпансың, қолыңнан бәрі келеді" деп үйретеді. Оны барлығымыз білеміз. Олардың ойыншықтарға мән беретіні соншалық, әлемде болып жатқан жаңалықтарды интеллектуалды ойыншықтар жасау арқылы баланың санасына жеңіл енгізеді. Олардың бала сы жеті жасында әлемдік заманауи жаңалықтарды жаңғақша шағып, тақылдатып тұрады.
Біз ұлттық дүниетанымымызды жетілдіргіміз келсе, қазіргі заманға сай интеллектуалдық қарымқабілетті жетілдіретін ойыншықтарды шығаруды қолға алғанымыз жөн. Егер мұндай ойыншықтар шығарамын деген кәсіпорындар, зауыттар болса оларға арнайы жеңілдіктер берілгені де жөн. Мақсат – ол ойыншықтарды сөйлету арқылы батырлар жырын, дастандарды немесе күйлерді насихаттату емес. Біз мұндай ойыншықтарды жасау арқылы әлемдік бренд жинауға тырысқанымыз абзал. Бір ғана мүсіндерін немесе қуыршақтарын әспеттеу арқылы өзге елдер қаншама бедел жинап жатыр. Бізге де осындай идеология керек. Сондықтан ойыншық индустриясын жетілдіруге мемлекет араласуы қажет", - деді.
Расымен де, сараптап көрсек, өзге елдердің ойыншық бизнесіне қоятын талабы ерекше. Айталық, көршілес Ресейде ойыншықтарды сараптап-талдап отыратын арнайы маркетингтік зерттеу орталықтары бар. Бұл орталықтар Ресей балаларын күнделікті қандай ойыншықтарды тұтынатынын, балаларына қандай ойыншықтардың жетіспей жатқанын, нарықта қай ойыншыққа деген сұраныс артқанын ай сайын талдап, таразылап отырады. Мұндай орталықтар Германия, Хорватия, Канада елдерінде де жетіп-артылады.
Хорваттар ойыншық әлеміне қатысты ай сайын арнайы көрме өткізіп, баланың дамуына ерекше үлес қосқан кәсіп иелерін үнемі марапаттап отырады. Осыған қарап біздің де елімізге мұндай маркетингтік талдамалық орталықтардың қажеттігі сезіледі. Нақ осы ойын баласына қатысты Конфуций: "жас күнінде ойыншықпен құмары қанып, емін-еркін ойнамаған бала күні ертең ұлттық мәселелерді шешуге келгенде де емін-еркін көсіле алмайды" деген екен. Бұл ойыншықтың бала қиялын ғана ұштап қоймай, оның сенімді түрде шешім қабылдауына да әсер ететінін білдірсе керек. Ендеше болашақта ұрпағымыз керекті кезінде кесекті шешімдер айта алсын десек, ойыншық индустриясына ойлы көзқараспен қарайтын кезең жеткенін бағамдаймыз...
Қарлығаш Зарыққанқызы
Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.
Пікір қалдыру
пікір