• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

23 Қараша, 07:38:53
+12°

13 Ақпан, 2018 Саясат

ҚР СІМ Қытай қазақтарына байланысты Qamshy.kz сауалына жауап берді

Министрлік өкілдері Қытай үкіметімен түсінісуге тырысып жатқанын, бұл мәселені ерекше бақылауда ұстайтынын атап өтіпті.

Былтырдан бері Қытайдағы этникалық қазақтардың жаппай қысымға ұшырағаны жайлы ақпарат дүркін-дүркін жарияланып жатыр. Арғы беттегі қандастарымыз Қазақстанға келе алмай, келгендері Қытайға қайта бара алмай отыр. Себебі Қытай билігі ештеңе түсіндірместен қазақтарды түрмеге қамап, паспорттарын жинап алған.

Дүниежүзі қазақтарының V құрылтайында қоғам қайраткері Өмірхан Алтын Қытайдағы қандастарымыздың мәселесін Елбасының алдында  көтерген болатын. Президент бұл мәселемен айналысу үшін Сыртқы істер министрлігіне тапсырма берген.

Ал ҚР Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов өзінің мәлімдемесінде «Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев сыртқы істер министрлігіне, басқа тиісті ведомстволарға мәселеле көтерілсе, оны егжей-тегжей екі жақты қарастыру жөнінде нақты тапсырма берді. Осы тапсырманы орындау барысында бізге ресми түрде мәлімет түссе, міндетті түрде Қытай тарапымен, олардың сыртқы істер министрлігі, басқа да мекемелердегі әріптестерімізбен мәселені көтереміз. Қазақ диаспорасының шетелдегі мүдделері мен құқықтарын қорғау — бұл біздің тікелей міндетіміз», - деген болатын.

Qamshy.kz ақпарат агенттігі осы мәселеге қатысты ҚР Сыртқы істер министрі Әбдірахмановқа бірнеше сауал жолдаған еді. Сауал мазмұны төмендегідей:

• Министрлікке аталған мәселе турасында ресми мәліметтер, шағымдар түсті ме?

• Министрлік шағым түскенін күтіп отырмай, өз бетімен зерттеу жұмыстарын жүргізді ме?

• Зерттеу жұмыстары жүргізілген болса, қолда бар соңғы статистикалық мәліметтер қандай?

• Қазақстан үкіметінен ықтиярхат алған Қытайдағы этникалық қазақтардың саны қанша? Ықтиярхаты бар адамдар не себепті Қытайдан Қазақстанға өте алмай отыр?

• Министрлік деңгейінде Қытай үкіметімен аталмыш мәселеге байланысты диалог болды ма?

• Қытайдағы этникалық қазақтарға екі ел арасында құқықтық мәселелерге душар болмауы үшін қандай кеңес бересіз?

Араға екі апта салып, Сыртқы істер министрлігінен ресми жауап келді. Министрлік өкілдері Қытай үкіметімен түсінісуге тырысып жатқанын, қам-қарекетсіз отырмағанын мәлімдеп, бұл мәселені ерекше бақылауда ұстайтынын атап өтіпті. Министрліктің толық жауабы мынадай:

• Соңғы уақытта Қытайдан келіп, Қазақстан азаматтығын алғандардың Қытай билігімен арадағы мәселелер жиі көтерілуде. Қазақстан азаматтарының Қытайда ұсталғандығы жайлы Сыртқы істер министрлігіне (одан әрі – Министрлік) жолдаған ресми шағымдар саны да артуда.

• Министрлік келіп түскен шағымдар негізінде Қытай Халық Республикасы Сыртқы істер министрлігіне Қытай аумағында қамауға алынған Қазақстан азаматтары жайлы тиісті ноталарды жолдай отырып, ҚР азаматтарына консулдық-құқықтық көмек көрсетуде.

• Министрліктің басшылығы Қытайдың Қазақстандағы Елшісі Чжан Ханьхуэй және Қытайдың Қазақстандағы консулы Лю Цзянпинмен бірқатар кездесулер өткізіп, қазақстандық азаматтардың құқықтарын қорғау мақсатында Министрліктің ұстанымы жеткізілді.

• Сонымен қатар, Министрлік Қазақстан азаматтығын алып, Қытайдың азаматтығынан шықпағандықтан туындайтын қос азаматтық мәселесі бойынша Қазақстанның құзыретті органдарының ұстанымдарын сұратуда. Одан басқа, Қазақстанның Қытайдағы Елшілігі шұғыл мәселелерді шешу мақсатында Қытайдың құзыретті органдарының өкілдерімен тікелей байланыс орнатты.

 

Gulim Zhaqan

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір