27 Сәуір, 2019 Саясат
Қ.Тоқаев АЭС құрылысына қатысты мәлімдеме жасады
АЭС салуға Алматы облысындағы Үлкен ауылы мен Шығыс Қазақстан облысындағы Курчатов қаласы таңдалған.
Халықтың пікірі ескерілмейінше, АЭС салу шешімі жүзеге аспайды. Бұл туралы Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Семейде өткен кездесу барысында мәлімдеді деп хабарлайды Qamshy.kz ақпарат агенттігі Qazaq Times журналына сілтеме жасап.
Ресей президентінің Қазақстан аумағында АЭС туралы ұсынысына байланысты мемлекет басшысы Қ.Тоқаев: "Атом электр станциясын салу салу мәселесі қоғамда қызу талқыға түсіп, пікірталас туындап отыр. Бұл – күрделі мәселе. 2030 жылы Қазақстанда электр энергиясының жетіспеушілігі байқалуы мүмкін. Сондықтан, осы мәселені қазір шешуіміз қажет. Бұл біздің бүкіл халықтың мүддесіне қатысты болғандықтан, өте күрделі мәселе. Сондықтан халық пікірі назарға алынады. Соған қарай әрекет етеміз", – деп мәлімдеді.
Осыған дейін ҚР Энегретика министрлігі таратқан хабарламада: "2030 жылға қарай Қазақстанның Оңтүстігінде 2,7 ГВт-қа дейін базалық қуат тапшылығы күтілуде. Еліміздің оңтүстігінде бу-газ, гидро және атом станцияларын салу сияқты әртүрлі отын және энергия көздерін пайдалана отырып, базалық және маневрлік генерацияны енгізу арқылы тапшылықты жабу мүмкіндігін қарастырып отыр. Тек мүмкіндіктер және ұсынылатын жобалар тиянақты зерттелген соң ғана электр энергиясын өндіруге Қазақстан үшін неғұрлым оңтайлы және қолайлы технологиялар айқындалатын болады. Сол себепті, алдын ала даурығып, тұжырымдар жасауға және негізсіз алаңдауға себеп жоқ екенін хабарлаймыз", – делінген.
Нұр-Сұлтанға АЭС құрылысын ресейлік технологиямен жүргізуді Қазақстанның президенті Қасым-Жомарт Тоқаевпен Кремльдегі кездесуі кезінде Ресей президенті Владимир Путин ұсынған болатын. 3 сәуірде өткен жиында Путин Тоқаев екеуі "бейбіт атом саласындағы серіктестік" жайлы талқылағанын айтқан. Оның сөзінше, "уран өндіру және байыту бойынша Қазақстан мен Ресейдің бірлескен алты өнеркәсібі жұмыс істейді".
Қазақстанда салынуы ықтимал атом электр станциясына (АЭС) арналған аумақ ретінде Алматы облысындағы Үлкен ауылы мен Шығыс Қазақстан облысындағы Курчатов қаласы таңдалған. Аталған мәлімдемеден кейін, Қазақстан азаматтары станциядан төнетін орасан зор қауіпті айтып, АЭС құрылысынан бас тартуды талап етті.
Ұсынған: Әділет Мәдениет
Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.
Ұсынылғандар
Пікір қалдыру
пікір