• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

24 Қараша, 09:23:03
Алматы
+12°

25 Сәуір, 2018 Әлеумет

Қабдеш Жұмаділов: Қытай біздің үкіметті елемей отыр

Қытай билігі біздің мемлекетті сыйласа, біздің Президентті құрметтесе, онда қандастарымызға қысым көрсетпеуі керек еді.

Былтырдан бері Қытайдағы этникалық қазақтардың жаппай қысымға ұшырағаны жайлы ақпарат дүркін-дүркін жарияланып жатыр. Арғы беттегі қандастарымыз Қазақстанға келе алмай, келгендері Қытайға қайта бара алмай отыр. Себебі Қытай билігі ештеңе түсіндірместен қазақтарды түрмеге қамап, паспорттарын жинап алған.

Мәселенің беті бері қарамай, керісінше ушығып бара жатқанына алаңдаған қоғам белсенділері Алматыда жиын өткізді. Оған оппозиция белсенділері, зиялы қауым өкілдері және Қытайда қысым көріп жатқан қазақтардың туыстары қатысты. Әрқайсысы қиын күндерді бастан өткеріп жатқан ағайындары туралы айтып, мұң-мұқтажын жеткізуге тырысты. Саясаттанушы Әміржан Қосанов бұл жағдайға қазақ билігін кінәлады.

— Бізге сөзден гөрі іс керек. Мұның артында үлкен құйтырқылық жатыр. Қытайды жау, дұшпан дей бергеніміздің салқыны ондағы бір жарым миллионнан астам қандастарымызға тиеді. Олардың да жайын ойлайық. Бізге мінез керек. Осы мәселеде президентке жүгіну керек. Халықтың жанайқайын естісін. Қоғам талап қою керек. 27 жыл ішінде Қытайға, көршімізге кіріптар болып қалдық. Мұның бәріне билік кінәлі.  

«Қазақтар шулап жатыр, жиналыс өткізіпті» деп Қытай өз саясатын таяуда өзгерте қоймайды. Ол үшін билікке біз талап қоюымыз керек! Алғашқы талап – мүмкіндігінше көшті ұлғайтып, қандастарымызды толық көшіріп алу. Ресейден, шетелден әртістерді шақырып ақша құртқанша, ұлттық капиталымызды жағдайы қиын, көмекке мұқтаж азаматтарға жұмсайық. Пугачеваны айтып мақтанбай, Қытайда қиналып жатқан отбасыларды көшіріп әкелейік.  Екіншіден, Қытай біздің мұнай мен газымызға, басқа да табиғи ресурстарымызға зәру болып отыр. Осыны пайдаланып, біздің билік көрші мемлекетке айтсын: «Жазықсыз қамалған отандастарымызды босатыңдар, әйтпесе сендерге шикізат бермейміз!» - деп. Үшіншіден, халықаралық ұйымдардың назарын осы мәселеге аударуымыз қажет. Насихат жасап, Қытайда «содыр», «сепаратист» деген атаумен түрмеге жабылған отандастарымызды босатып алайық. Еуропарламентке шығып, шетелдік белді телеарналардың көмегіне жүгінейік. Одан кейін, шеттен келген қандасымызды  «оралман» деп атауды доғару керек. Олар – біздің отандастарымыз!», - деді Әміржан Қосанов.

Ал жазушы Қабдеш Жұмаділов бұл мәселенің шешілмей жатқанына Қазақстанның Қытайға берешегі көп болғандықтан деп санайды. Сол себепті біздің тарап қазақтарға күн көрсетпей отырған Қытайға ештеңе айта алмай отыр.

— Егер Қытай билігі біздің мемлекетті сыйласа, біздің Президентті құрметтесе, онда қандастарымызға қысым көрсетпеуі керек еді. Анығында, олар біздің үкіметті елемей отыр. Меніңше, біздің Қытайға беретін берешегіміз көп. Сондықтан оларға тіс жарып, ештеңе айта алмай отырмыз. Қарызға белшеден батқан соң ләм-лим деуге қауқарымыз келмей қалды. Біздің билік шеттегі қазақтарға селқос қарайды. Көшіп келген адамға 10 жылға дейін куәлік бермей, сенделтіп қояды. Оның үстіне, куәлікті саудаға айналдырып, сатады. Сөйтіп қандастарымыздың қалтасын қағады. Бұл не масқара? Көші-қонның іркіліп қалуына осы себеп болды. Қытай түрмесінде 40 жыл отырып шыққан ұлы жазушы Қажығұмар Шабданұлы абақтыдан босап шыққан соң біздің президентке екі мәрте хат жазды. Өзінің туған жері Шығыс Қазақстан облысы Үржар ауlанынан қуықтай жер бөліп, сол жерде жерлеуін өтінді. Қаламгер қайтыс болған соң ол арманына да жете алмай кетті. Біздің билік сондай тұлғаның өзін Қазақстанға әкеліп жерлей алмады. Бұл біздің мемлекетіміздің дәрменсіз, мүсәпір екенін көрсетсе керек!», - деді жазушы.

Бұған дейін Qamshy.kz ақпарат агенттігі осы мәселеге қатысты ҚР Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахмановқа бірнеше сауал жолдаған еді. Министрлік өкілдері Қытай үкіметімен түсінісуге тырысып жатқанын, қам-қарекетсіз отырмағанын мәлімдеп, бұл мәселені ерекше қадағалайтынын айтқан.

Уақыт өтіп жатыр, ал қысым көріп жатқан қандастарымыздың шағымы күн санап артып келеді.

Gulim Zhaqan

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір