• USD 389.52
  • EUR 429.21
  • RUB 6.07
  • CNY 54.94
12 Желтоқсан, 17:23:58
Қазақстан Украинаның сауда нарығына алаңдаулы

26 Мамыр, 2018 Саясат

Сайрагүл Сауытбайдың күйеуі: Қытайға қайтарса, оны өлім жазасына кеседі

Екі баласын ертіп келген күйеуі, бүгінде Алматы облысы, Бәйдібек би ауылының тұрғыны Уәли Сіләм әйелі заң бұзған болса, Қазақстанда сотталсын деп отыр.

Қытайға қайтарылады деген Сайрагүл Сауытбайдың күйеуі «Әйелім қылмыскер болса, Қазақстанда сотталсын, Қытайға қайтарылмасын», деп қазақ жұртшылығынан көмек сұрап отыр.

Бүгін Алматыда Қытайдан Қазақстанға келіп, қайтпай қойған, сол үшін де қамауда отырған Сайрагүл Сауытбайға мемлекеттік және халықаралық деңгейде араша сұрау үшін әйелдің отбасы мен қоғам белсенділері баспасөз мәслихатын өткізді, деп хабарлайды Qamshy.kz ақпарат агенттігінің тілшісі.

Қытайдағы аз ұлттардың бүгінгі таңдағы ахуалын қоғам белсенділері «геноцид» деп бағалады әрі Елбасынан осы мәселеге қатысты кезекті мәрте араша сұрады. Ал Сайрагүл Сауытбайдың күйеуі, бүгінде Алматы облысы, Бәйдібек би ауылының тұрғыны Уәли Сіләм әйелі заң бұзған болса, Қазақстанда сотталсын деп отыр.

Уәли Сіләм

Уәли Сіләмнің айтуынша, өзі екі баласымен Қытайдан Астанаға 2016 жылы көшіп келген. Астанада бір жылдай тұрып, Алматы қаласы Еңбекшіқазақ ауданындағы Бәйдібек ауылына көшіп келіп, 2017 жылы Қазақстан азаматтығын алады.

Сайрагүл Сауытбай

Қытайда қалып қойған әйелі 10 жылда бір рет Қазақстанға келіп кеткен екен. Қытайда балабақша директоры болып қызмет етеді. Алайда Қытай тарапы әйелдің отбасы Қазақстанда екенін білген соң жұмысынан шығарып, саяси үйрену орталығындағы мұғалімдерге мемлекеттің идеологиясын үйрететін староста етіп қояды. Бұл қызметте жүрген Сайрагүл Сауытбай мемлекеттің біраз құпиясымен таныс болады. Ал Қытай үкіметі әйелдің бар құжатын тартып алған, қолында тек Қытай азаматшасы екенін дәлелдейтін құжат қана қалады. Қытай үшін маңызды адам саналған Сайрагүл биыл сәуірдің ортасында Қазақстанға, күйеуі мен балаларына келеді. Отбасына деген сағынышын басып үлгермеген шақта ҚР Ұлттық қауіпісіздік комитетінің өкілдері "Қорғас кеден бекетін заңсыз бұзып өтті" деген айыппен алып кетеді. Себебі әйел Қазақстан шекарасынан құжатсыз өткен. Ал әйелінің құжатсыз қалай өткенінен Уәли Сіләм хабарсыз. 

-21 сәуірде өздерін ҰҚК өкілдеріміз деп таныстырған екі азамат біздің үйді тауып келіп, бірнеше сауал қойып, қайта жібереміз деп Сайрагүлді алып кетті. Содан бері Сайрагүл қайтып оралған жоқ. Кейін артынан іздеп, Қорғас кеден бекетіне өзім бардым. Мені де тергеу астына алды, әйеліме қатысты және өзге де сұрақтар қойып, қинады. Соққының астына алды. Мен ештеңе айтпаған соң жіберді, бірақ әйелім қамауда қалып қойды. Енді Қытайға жібермекші. Қытайға жіберсе, әйелімді сотсыз өлім жазасына кеседі. Ол анық. Жібермесін! Сотталса да, Қазақстанда сотталсын, - дейді күйеуі Уәли Сіләм.

Жуырда Сайрагүл Сауытбай атты қандасымызды Қытайға күштеп қайтарғалы жатыр деген ақпарат тарады. Өзін Сайрагүлдің қайнысымын деп таныстырған ер адамның ел-жұрттан көмек сұраған видеосы сайтымызда жарияланған. 

Бұл оқиғаға бүкіл қазақ алаңдады. Әлеуметтік желіде Сайрагүл Сауытбайға араша сұрағандар көп болды. Осыған байланысты Qamshy.kz ақпарат агенттігі ҚР ҰҚК Шекара қызметіне ресми сауал жолдаған еді. Құзырлы мекемеден келген жауапта "Сайрагүл Сауытбайдың ҚР аумағына кіретін заңды құқығы боламаған" делінген. Ал қоғам белсенділері Сайрагүл Сауытбайды шекарадан заңсыз өткізген шекара қызметкерлерінің өздерінде гәп бар деп есептейді.

Бұл мәселеге қатысты Сайрагүл Сауытбайдың құқығын қазақстандық заңгер, адвокат Абзал Құспан қорғайтын болады. Qamshy.kz ақпарат агенттігінің тілшісі заңгермен хабарласып, алда болуы мүмкін жағдайды сұрап көрді. Абзал Құспан әйелді Қытайға жібермеу үшін барын салатынын айтты. 

-Шекара кесу барысында заң талабы бұзылуы мүмкін. Ал заң талабы қажеттілік болған жағдайда бұзылады. Біріншіден, Қазақстанда ол әйелдің некедегі күйеуі бар, екіншіден, кәмелет жасқа толмаған балалары бар. Ол өзінің отбасына, тарихи отанына келді. Қытайдың саясаты бәріне мәлім. Дәл осы жағдайда осы кісіге қатысты өтініш қанағаттандырылуы керек. Қазір бірінші кезекте осы өтінішпен айналысып жатырмын. Бүгін адвокаты ретінде тіркетемін, құжаттарды рәсімдейміз. Сайрагүл Сауытбайдың шекарадан кетіп қалуына әзірге кедергі бола тұрамыз. Өтініштердің бәрін тіркетіп үлгеремін. Алдағы дүйсенбіге дейін қағаздардың бәрі шекара қызметіне жіберіледі. Менің басты мақсатым – бұл кісінің шекарадан ары қарай сотсыз кетіп қалмауы. Өзінің Отанына қашып келген қандасымызға саяси жолмен болса да баспана беруіміз керек. Бұл - заңды жол, - деп түсіндірді заңгер. 

Былтырдан бері Қытайдағы этникалық қазақтардың жаппай қысымға ұшырағаны жайлы ақпарат дүркін-дүркін жарияланып жатыр. Арғы беттегі қандастарымыз Қазақстанға келе алмай, келгендері Қытайға қайта бара алмай отыр. Себебі Қытай билігі ештеңе түсіндірместен қазақтарды түрмеге қамап, паспорттарын жинап алған.

Дүниежүзі қазақтарының V құрылтайында қоғам қайраткері Өмірхан Алтын Қытайдағы қандастарымыздың мәселесін Елбасының алдында  көтерген болатын. Президент бұл мәселемен айналысу үшін Сыртқы істер министрлігіне тапсырма берген.

Qamshy.kz ақпарат агенттігі осы мәселеге қатысты ҚР Сыртқы істер министрі Әбдірахмановқа бірнеше сауал жолдаған еді.

Ал министрлік келіп түскен шағымдарға байланысты Қытай Сыртқы істер министрлігіне Қытай аумағында қамауға алынған Қазақстан азаматтары жайлы тиісті ноталарды жолдай отырып, ҚР азаматтарына консулдық-құқықтық көмек көрсетіп жатқанын айтқан.

 

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Баннер

Пікір қалдыру

пікір