• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

04 Мамыр, 16:39:10
Алматы
+35°

13 Наурыз, 2015 NEWS

ҚАЗАҚТЫҢ ҰРЛЫҚ ІСТЕУІ ДЕ БІР ХИКМЕТ

Мықты болсаң Ақтай мен Бозтайдай бол, ұры болсаң Боқай мен Қостайдай бол деген мәтел бар. Осы Боқай мен Қостайдың ұлықтарынан басқа, Бай-Өлкенің Дэлүүн деген...

 Мықты болсаң Ақтай мен Бозтайдай бол, ұры болсаң Боқай мен Қостайдай бол деген мәтел бар. Осы Боқай мен Қостайдың ұлықтарынан басқа, Бай-Өлкенің Дэлүүн деген жерінде атақты Күңгейбай деген ұры болыпты. (Алла кешірсін, бұл адамның айыбын ашу емес, кейіңгі ұрпақ жадында жүрсін деген ниетпен!). Күңгейбайдың істемеген ұрлығы қалмапты. Нағыз баукеспенің өзі болған деседі жұрт. Ұрлық істеу – үлкен тапқырлықты талап ететін іс. Жалпы ұрлықтың психологиясы аса қилы. Оның терең сырына құрық бойламайды. Адам ұрылыққа жоқшылықтың кесірінен ғана ұрылыққа бой алдырмаса керек. Ол адамның жанының адамға көрімбес қалтарысында жасырынып тұратын мінез. Кейбірі атадан балаға қанмен келетін қасиет. Қазақта «қан шыққан ұры» деген сөз бар. Бұл – бір. Екінші, адамның қанағатсыздығы ұрлық істеуге әкеледі. Өйткені, ұрлық істейтін адамдарға қарап отырсаңыз тігерге тұяғы, сығарға биті жоқ кедей емес аз-мұз дәулетті келеді.

Ұрлық түбі – қорлық! Әрине ұрлықпен тапқан дүние мал болмайды. Бүгін мал болғанымен ұрпаққа мирас болып ұласпайды. Әр кәлләға Алланың жазған тағдыр-талайы бар. Керісінше келер ұрпаққа жазбай зауалын тигізеді. Ал менің санамның түкпірінде бір мазалы сауал бар... Алладан басқаның бәрінің екі жағы бар. Өмірдің бұлжымас заңдылығы «жақсы» мен «жаманнан» тұрмай ма?! Ендеше біз қазақтың ұрлық істеудегі психологиясын һәм себеп-салдарын, жақсы тұстарын қарап көрдік пе?!

Күңгейбайдың тапқырлығы

 Күңгейбай жалғанды жалпағынан басқан баукеспе малдан мал қоймаған ұры болыпты. Ұранхайлардың (Ұлт атауы) үйір-үйір жылқысын Алтайдағы қазақтарға асырады. Мұны ұстап алуға  заң-закон нақты факт таба алмамай діңкесі құрыған. Күңекең істеген ұрлығын түлкіңің қардағы ізін құйрығымен жасырып кететіні секілді жылан жалғандай қылады екен. «Жүйірікке де бір томар» деген ақыры Күңгейбайдан сезіктенген заң қызметкерлері қолындарына май шам алып ізіне түседі. Күңгейбай оңайлықпен қолға түсе қоймапты. Бір күні орталықтан төрт сақшы шығыпты да құлқын сәріде Күңекеңді сирақтан бірақ сурырыпты. Ұсталып бара жатқан Күңгейбай сақшыларға қиыла кетіпті.

– Датым бар. Сөзге қонақ!

– Ал айтыңыз,-депті сақшылар.

– Әйеліме мал-сұл, қаша-қоранымды дұрыстап тапсырып кетейінші,-деген.

Сөйтіп айдауға кетіп бара жатқан Күңгейбай бәйбішесіне айқайлап:

– Әй, қатын, үлкен екі қора ештеңе емес, кіші қораның аузын мықтап бекітіп жүр. Ішінен мал шығып кететін еді,-деген.

Сонымен Күңгейбай сотталыпты. Ол кездегі тергеу қанша қатал болғанымен Күңгейбайдан көңіл көншітерлік жауап ала алмаған. Тергеушілер көкитше тімісікіленіп Күкеңнің үй-іші-балашағасын оспақтап тергей бастайды. Әдетте қазақта «балалы үйдің ұрлығы жатпас» дейтін. Ал Күңгейбайдың ұрлығы жатпақ түігілі құмға сіңген су секілді ізім-қайым жоғалып кетеді. Ересек екеуі әкесінен өткен әккі тергеушінің жауабынан мықтап сытылады. Енді тергеушілер кішкентай баласынан сыр сурыпақтайды. Неше түрлі айламен тергейді. Алдайды. Ұрасады. Қорқытады. Тіптен Көкең өзі айтып отыр алғаным рас деді, үлкен ағаң бүй деді, шешең сүй деді деп сұрайды. Беті бүлк етпейді, неше түрлі қиғылығына да қыңқ етпейді. Жалғыз жауабы «көрмедім» дейді. Сөйтсе оның сыры Күңгейбай айдалып бара жатқанда әйеліне жақсылап тапсырған «Үлкен екі қора ештеңе етпес, кіші қораның аузын мықтап бекіт» деген. Сол екен. Күңгейбай ұсталысымен үйдегі әйелі үш баланың әсіресе кіші баланың аузын мықтап бекітіп тастаған.

Күңгейбайдың бұдан да басқа тапқырлығы көп деседі.

Мықты болсаң ұрлап көр...

 Күңгейбай ұрлапты деген хикая.

Жаз. Ел жайлауға шыққан кез. Бір бай Күңгейбаймен қоңсы қона қалыпты. Бай отырып Күңгейбайға айтатын көрінеді:

 – Сен атаққа шыққан ұры деді. Мықты болсаң менің қорамды қой бастаған, талай бораның алдында ойқастаған қойдың ішінде үлкен орсерке бар соны ұрла. Бір шартым бар, дәл бүгін ұрла. Қотандағы қой үрікпейтін болсын,-дейді. Күңгейбайдың онсызда көз жауын алып жүрген орсерке еді.

– Мақұл,-дейді де Күңгейбай үйіне қайтып кетеді. Байға ойын керек кешкісін мал қораланған кезде орсеркені ұстап, өзі жататын үйге алғызған. Күңгейбайдың айлакер екенін білетін бай серкені өзінің төсегі мен оның төмен жағына орналасқан кемпірінің төсегінің ортасына байлап қояды.

(Киіз үйді көрген адам біледі, екі төсек тізіліп қойылған кезде ортасында үш бұрыш қуыс кеңістік шығады. Серкені дәп сол араға байлаған.)

 Ал енді ұрлап көр дейді де бай жатып алады. Бай жай жатпай әлсін-әлсін байқасап күзетіп жатқан. Бай мен сереке жата тұрсын, енді Күңгейбайдың айласын қараңыз. Күңгейбай ұрлық істердің алдында ерте жатып әбден ұйқысын қандырып алатын әдетіне басып, ештеңеге бас қатырмай ұйықтап қалған. Жаздың қысқа таңы бозарып шығыстың жиегі сетіней бастағанда Күңгейбай тұрып  тышқан аңдаған мысақтай баспалап байдың үйінің іргесіне келіп сиыр боп жайылып шөп жұла жүріп, тың тыңдаған. Мыңқ етіп үре қалатын итің аузын күн бұрын алып қойған. Атып әкелген суырдың етін еппен байдың итіне тастай салған да кеткен. Мұны жеп тояттаған ит май кекіріп, құйрығын борбайына қысқан да бор-бор ұйқыға басқан. Одан келер қауіп жоқ. Сөйтіп тың тыңған Күңгейбай байдың таңғы тәтті ұйқыға беріле бастағанын білген. Күңгейбай сықырлауық есіктің де тілін тапқан... ол қотандағы қойға бармаған онда орсерке жатпайды деп жобалаған. Күңгейбай мысық табандап үйге кірген. Орсерке екі төсектің ортасында күйісін сәндеп байдың төсегіне тағылып тұрған. Күңекеңнің айласын асырып, орсеркенің бақ еткізіп ғана жанын суырған...

Сол кезде бай айқай салған:

– Әй, кемпір, серке тұр ма қаршы,-деген. Таңғы ұйқы таңдайына жұққан бал секілді бәйбішені тамсантып жатқан. Кемпірі еріне-еріне жастықтың астана тыққан шырпысын іздей бастайды. Сол кезде орсерке бырт-бырт күйсей түскен. Шырпыны жағуға ерінген кемпірі:

– Әй, қақбас тұр ғой бырт-бұрт күйсеп,-деген. Бай да құшырланып «Һым» деп аунап түскен де ұйқының келесі сериясына кіріскен. Кемпір де тісі жоқ қызыл иегі пысылдап ауаны ауызбен үрелеп демалып қорылға басқан...

...Күңгейбай орсеркені үйге әкелген де үстіне қылшық жұқтырмай сүт пісірім уақытта жәркемдеп бітіп, қазанға сала қойған.

Боз торғай таңғы әніне баса бергенде Күңгейбай баласын жіберген байдың түңілігін түр де, атам асқа шақырып жатыр де деген.

Түңілігі жарқырып ашылғанда бай серкеден айрылып қалғанын сонда көрген де санды бір-ақ ұрған.

Х Х Х

Кемпір шырпы іздеп шыр-пыр болып жатақанда сабазың саспай екі қолдың он саусағын шала бүккен де бір біріне сүйкей түскен. Құдды серкенің күйісін қайталаған.(Өзіңіз де жасап көрсеңіз). Бай кемпіріне сеңген де осылай орсеркенің орынын сыйпап қалған.

Мұны ұрлық дейміз ба, ерлік дейміз бе оны оқырман өздеріңізге қалдырдық.

Әшкере ету әдісі

 Қазақтың бұл қай адам сүйер қылығы екенін білеймін бір тамаша қылығы бар. Мұндай мінез әркім де бар деу де қиын. Ол ғажап мінезі –  қуанышты һәм өкінішті хабарды жеткізу әдісі. Сол іспетті ұрлық істеген адамның айыбын әшкере етуі де бір ғажап. Жалпы Күңгейбай ұрының ісі –  қарау байлармен болған деседі. Өшіккен адамының малына қырғидай тиген. Күңекең мал ғана емес басқада тұрмысына керекті заттарды да жымқырып қоятыны бар екен. Бір күні көрші отыратын Самарқан деген адам үй салып жатса керек. Үй салып жатқан Самаң төбеге, еденге деп жинаған тақтайлары азайып қала берген. Әп, бәлем, дәу де болса осы Күңекеңен келді деп тон тішкен де қойған. Бір күні Самарқан таңға жуық тұрып тақтайларын байқастаған. Сөйтсе Күңгейбай әдетінше таңғы тәтті ұйқының кезінде бірден-екіден тақтай қолтықтай кетеді екен. Мұны көрген Самарқан ойланған; айқай салсам талып қалып жүрер ме, әлде өшігіп ала жаздай малға маза бермей қойып жүрер. Сонықтан мұны басқаша жеткізейін дейді де бір тақтайды қолтыққа қысады да Күңгейбайдың соңына ілескен. Күңекең еш саспастан тақтайларды үйінің жанына тастай берген де Самарқан да жеткен. Самарқан өң түсін өзгертпестен Күңгейбай қойған тақтайдың үстіне қойып жатып:

– Осы жерге қоя берейін бе,-деген түк білмексіген Самарқан көрші. Не дерін білмей дағдырған Күңгейбай:

 –  Ойбай, Сама, бір ағаттық кетті, әрі менен өткен тапқырлығыңа тәнті болдым. Бұдан былай сенен, сенің үрім-бұтағыңнан сынық шеге ұралмаспын,-деп ант су ішкен екен.

Бердібек Соқпақбаевтің Боқшабай ұрысы

 Жазушы Бердібек Соқпақбаев өзінің «Балық шаққа саяхат» атты романында бір қызық эпизод бар. Өмірдегі шынай болған оқиғаға құралған тамаша көркем туындының бір бөлімінде ұры, жортуылшы Боқшабайды былай суреттейді: «Жортуыл десе көздері жайнап, арқалары қозып сілкініп шыға келетін көкжал жігіттері беснайзада көп болған. Боқшабай, Жантай деген адамдар міне осындайлар. Елге аты шыққан батырлар, өмірде қауіп-қатер болатынын елеп көрмегендер.

Боқшабай да, Жантай да бұл кезде тұғырынан тайып қартайып қалған...

...Боқшабай күдіс жонды, буырыл сақалды, еңгезердей зор адам. Алпамса денесі селкілдеп, күрк-күрк жөтеліп отырады. Онысы бұрынан бар көкжөтел. Боқшабайдың қолының үлкендігі ағаш күректің басындай, әрі саусағының жуандығы кетпенің сабындай. Біздің ауылдың ең зор адамы осы.

Баяғы жортуыл заманынң кезінде жұрт Боқшабайдан сүрайды екен:

  –  Бәке, сіз осы ұрлыққа қалай қорықпай барасыз? Күрк-күрк жөтеліңізбен барған ауылыңызды оятып, өзіңізді өзіңіз ұстап бересіз ғой?- дейді екен.

Боқшабайдың жауабы:

–  Е, жөтелетін мен ғана ма, һөһ-һөһ! Мен секілді көксау мал да болады. Қойлы ауылға барғанда, һөһ-һөһ, қойша; сиырлы ауылға барғанда сиырша жөтелем, һөһ-һөһ!

Боқшабайдың бұнысы шын сөз екені жортуылға онымен бірге қатысқан адамдар рас дейді. Қай малдың болса да даусына салып жөтелісі ғажап дейді.

Бір рет Бәкең  қалмаққа ұрлыққа барады. Түн. Көзге түртсе көргісіз қараңғы. Қалмақтың үйінің тап іргесіндегі ірі қара қамалған қораға кіреді. Иттер сезіп, шәуілдеп үре бастайды. Қалмақтар оянып, сыртқа атып-атып шығады. Қорадағы малды тексеріп қарайды.

Боқшабай бұл кезде қатар шөккен екі түйенің арасына жата қалған екен. Жөтелі құрғыр шыдатсын ба. Өңешін жыбырлатып, тіреліп кеп қалады. Дәл қасында қалмақтар жүр. Көксау Боқшабай түйе боп жөтеле бастайды. Қалмақтар ештеңе сезбейді.

Қалмақтар үйіне қайта кіріп кеткен кезде әлгәндегі «Көкжөтел түйе» қасындағы басқа екі түйені бұйдасынан жетелеп тайып отырады.»

Жазушы бұл жерде Боқшабай ұрынының тапқырлығын суреттей келе оның астындағы Жамбасқүрең деген атын да тыс қалдырмайды.

«...Ел ішінде Боқшабай туралы аңыз көп болса, күрең ат туралы одан да көп.

Иесі жортуылға шықпақ боп, жинала бастағаннан-ақ күрең ат біледі дейді. Ерттеп жатқан кезде біртүрлі көңілді оқыранып, ауыздықты қаршылдатып шайнап, сілкініп, неге де болса мен дайын дегендей қалып білдіреді. Біраз күн сапар шекпей қалса бойына ас батпайтын Бәкеңнің құдды өзі тәрізді. Көзге түртсе көргісіз қараңғыда жыныс  тоғайдың арасымен қоянжым соқпақ жолды өзі тауып өтеді. Бір бұтаны сыбдыр еткізіп, дыбыс шығарғанды білмейді. Аяғын тышқан аңдған мысықтай басады.

Алдына түскен малға иесі емес, күрең ат ие дейді білетіндер. Қос құлағын жымқырып, тістелеп, ауылға қарай қуалап айдап алады. Қашаған түгіл, одан бетер безеген мал болса да күрең ат құтқармайды.

Қауіп төнген жағдайда Боқшабай жат деп белгі берсе, күрең ат жата қалады екен. Тұр дегенде, атып тұрады. Мылдықтың оқыс атылуынан, сойылдаудан, айқай-шудан үркіп-қорқуды білмейді.

Жортуылға шыққанда Боқшабай өзінен гөрі күрең атқа көбірек сенеді екен.» (Бердібек Соқпақбаев «Менің атым қожа» Алматы «Атамұра» баспасы, 2003 ж. 168-170 бет.)

(Жалғасы бар)

Бақытбек Қадырұлы

Bilal Quanysh

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір