• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

28 Қараша, 10:35:38
Алматы
+12°

17 Шілде, 2018 Ғылым-білім

Заң шықты: Ауылдағы қазақ баласының оқуға түсуі енді мұңға айналады

Қазақтың оқуы туралы «арзан» деген сөзді қолдану – ақиқатқа қиянат жасаумен бірдей...

Қазақ тәуелсіздік алғалы – жырға айналған тағы бір өзекті мәселе – жоғарғы оқудың ақылы болуы. Дәлірек айтсақ, жоғарғы оқуда оқу үшін төлененетін ақының аспандап, қымбаттап кетуі...

Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдары, бір жағынан, қазаққа тәуелсіздік сыйлап, малақайын аспанға атқызса; екінші жағынан, тірсектен теуіп, тізерлетіп тастады...
Жаңа бір мемлекеттік құрылым ойылып ортасына түсті де, жауапсыздық пен сауатсыздықтың кесірінен, елдің ахуалы күрт төмендеп, есін жия алмай қалды...
Осы бір оңтайлы сәтті өз пайдасына қолайлы пайдаланған ұры-қарылар (бүгінгіше айтсақ, сыбайлас жемқорлар) халықта жан-жақтан қанауға білек сыбана кірісті...

Ең сорақысы, балабақшаға баруға тиіс сәбиді де тізімге кіргізіп, кезекке қойып, ата-анасынан ақша бопсалай бастады...
Осы бір орасан бассыздық, ашық зәбірлі заңсыздық – әлі күнге дейін жалғасуда...
Әрине, қазақ жерінде алғашқы жекеменшік ЖОО пайда болды. Сол жекеменшік жоғарғы (арнаулы орта) оқу орындармен бірге жемқорлық пен жәбірлік те оттай лаулап шыға келді...
...Күні кеше қазақ баспасөзінде мынадай ақпарат тарады: «Жоғарғы оқу орындары жаңа заң аясында білім алудың төлем ақысын анықтады. Қазақстанда оқу төлемін білім ошақтардың өздері белгілеуге құқылы болатын жаңа заң енгізілген болатын. Бұл жаңашылдықтың арқасында оқудың ақшасы әлдеқайда төмендеуі мүмкін. Алайда, жағдай мүлде ұшығып кетуі де ықтимал. Бұған дейін қазақстандық жоғарғы оқу орындары тікелей мемлекет бекіткен жүйеге бағынатын болған. Ал, күні бүгін білім ошақтары оқу ақысын өздігінен басқаруға толықтай құқылы болды. Олар төлем мөлшерін не арзандатуы, не қымбаттатуы да өз еріктерінде. Бұл жаңашылдық – еліміздегі жоғарғы оқуды қолжетімді ете түспек. Кейбір аймақтарда білім алу – әлдеқайда арзан. Мәселен, көкшетаулық студенттердың оқу ақысы 200 мың теңгеден басталады. Тараз бен Ақтөбеде оқу – 300 мың теңгеден жоғары. Қарағандыда оқу ақысы – 400 мың теңгеден басталады. Ең қымбат оқудың төлем ақылары – Астана мен Алматы қалаларындағы білім ошақтарында – 350 мың теңгеден басталып, 1,2 миллион теңгеге дейін жетеді. Алайда, жақын арада бұл бағаларға күрделі өзгеріс енгізілуі мүмкін. Көптеген жоғарғы оқу орындары бәсекелестерін басып озу үшін төлем ақысын анағұрлым арзандатуға тырысатынын анық. «Бірақ, бұл жақсы нәтиже бермейді» дейді мамандар. Олар «Оқу ақысының мөлшері қатты шарықтап, қымбаттап кетпейді» деп сендіруге тырысуда. 2018 жылы әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нің оқу ақысы 10 пайызға өсірілген болатын. Енді бұл білім ошағына ақылы түрде түскендер 974 мыңнан бастап 1,1 млн теңгеге дейін ақша төлейді...»

Жұрттың бәрі біледі: бұл – толық та, ақиқат та ақпарат емес. Қазақ Еліндегі ауылдағы қазақ баласы – «дені сау» жоғарғы оқу орынында оқи алмайды. Оған ауылдағы бес тиын таба алмай отырған жұмыссыз әке-шешесінің шайлығы ешқашан жетпейді. Сол себепті, қазақтың оқуы туралы «арзан» деген сөзді қолдану – ақиқатқа қиянат жасаумен бірдей...

Мысалы, Алматыдағы КИМЭП пен Астанадағы Назарбаев университеттерінің жылдық оқуының төлемақысы шексіз шарықтап кеткен, шамамен, 5-6 миллион теңгеден де көп...
Сондықтан, бүгінгі күнге дейін мемлекеттік те, аралас та, жекеменшік те жоғарғы (арнаулы орта), тіпті, кей уақыттарда орта мектептерде де бағаға құрық сала алмай отырған, бетімен жіберген Білім және ғылым министрлігі «өздері белгілеуге құқылы болатын жаңа заң» қабылданса, өзін-өзі тарата салса да болады...

Ал, «оқу ақысының қымбат не арзан болуы жоғарғы оқу орындарының рейтингтеріне де байланысты болады» деген ертегіні ойлап-тауып жүрген сол жекеменшік оқу орындарының қожайындары...

Шын мәнісінде, ешқандай әділ бағалау, яғни, рейтинг деген атымен жоқ. Бұл – қазақ телеарналарының құнын құрдымға жіберген рейтинг деп аталатын қолдан жасалып, сыбайлас жемқорлыққа негізделген ертегі – жалпы қазақ баспасөзіне де, жоғарғы оқуына да аса зардапты қауіп төндіріп тұр.

Қазақтың жоғарғы, арнаулы орта және орта оқу орындарындағы арам шөптей қаптаған қалың сыбайлас жемқорлықты жою үшін түбегейлі өзгеріс, тамырымен қопаратын қуатты реформа қажет.

Мұның өзі – бүгінгі науқас жүйенің қолынан келетін шаруа емес.

Қажымұқан Ғабдолла

Zhazira Baidaly

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір