• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

25 Қараша, 02:12:15
Алматы
+12°

20 Қараша, 2018 NEWS

Елдің оңтүстігінде педофилдерден зәбір көргендер көбейді

Түркістан облысының Сайрам ауданында 9 жастағы баланы зорламақ болған күдікті ұсталды.

Түркістан облысының Сайрам ауданында 9 жастағы баланы зорламақ болған күдікті ұсталды. Құзырлы органдардың дерегінше, 42 жастағы ер адам ішімдік ішіп келіп, кәмелет жасқа толмаған балаға сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттер жасапты. Өңірде дәл осындай оқиға бір ай бұрын ғана болған еді. Ол кезде 56 жастағы ер адам көршісінің 7 жасар қызын зорлап, қамауға алынды. Ал бүлдіршіннің әке-шешесі сұмдық жағдай болғанда жұмыста болыпты. Мұндай кісі жанын түршіктірер қылмыстардың оңтүстік өңірде жиіліп кетуіне не себеп? Педофилдерге кастрация арқылы жаза қолданылғанымен, олар неге көбейіп барады? Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлайды. 

Қылмыстық оқиғалармен аса аты шықпаған Ақсукент ауылындағы жеке тұрғын үйлердің бірінде сұмдық оқиға болды. Мектепте оқитын 9 жастағы баланы 42 жастағы ауыл тұрғыны зорламақ болады. Оқиғаның қалай өрбігені тергеуге байланысты құпия сақталуда. Бірақ ер адамның ішімдікке тойып алып, кішкентай балаға тиіспек болғаны ақпарат құралдарында жарияланды.  

"Ішімдік ішіп алып, кәмелет жасқа толмаған баланы зорламақ болған ер адамға қатысты қылмыстық кодекстің 24-бабы, яғни "қылмысқа дайындалу және қылмысқа оқталу" және 121-бабы "сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттер" бойынша қылмыстық іс қозғалды. Күдіктіні екі айға қамауға алу туралы санкция берілді”, – дейді Сайрам аудандық сотының судьясы Дина Тойжанова.

Өткен айда ғана Шымкентте көршісінің 7 жасар қызын зорлаған 56 жастағы ер адам қамауға алынған еді. Жасы алпысты алқымдаған шымкенттік көршісінің 7 жасар қызын өз үйіне ертіп әкеп, азғындық әрекеттерін жасаған. Полицияға күдікті бұл іске араққа мас болған халде барғанын айтып ақталғысы келіпті. 

Тағы бір оқиға. Тапа-тал түсте 11 жастағы ұл баланы ұстап алып, тура подъездің ішінде зорламақ болған педофилдің әрекеті күллі елді  шошытқан еді. Есік алдында алаңсыз ойнап жүрген жеткіншекті желкелеп, өзінің азғын қиялына ерік бермек болған ер адамды тұрғындардың бірі көріп қалған. Абырой болғанда, күдікті аз уақыттың ішінде арам ойын жүзеге асырып үлгермеген.

♦Шымкентте ер адам 11 жастағы баланы зорлады: полиция пікір білдірді

“Бала сол кезде үйге кірмей ақ-қояйын, домофонмен айта қоямын деп домофонды басып тұрғанда анау артынан келеді ғой. Сөйтіп зорлықпен ішке кіргізеді. Есікті ішінен жауып қояды”, – дейді оқушының әжесі.

Өңірде айтуға ауыз бармайтын осы тектес қылмыстар жиіліп кетуіне тағы мысал. Дәл осы Түркістан облысында елімізде алғаш рет педофилді химиялық жолмен кастрация жасалды. Жалпы биыл қылмыскерлердің жыныстық қарым-қатынасқа деген құштарлығын басуға бағытталған шараларға қазына қаржысынан 9,5 миллион теңге  бөлінген еді. Бірақ жазаның жаңа түрі кесапатты азайтып жатқан жоқ дейді мамандар. Себебі ақпарат құралдарының бетінде екі күннің бірінде педофилден зардап шеккен бүлдіршіндер туралы ақпарат шығып жатады. Одан бөлек бейкүнә жеткіншектің тағдырын ойрандаған қылмыскерге егілетін препараттың күшін жоятын дәрілер де бар болып шықты. 

“Антидоттар дейді. Жаңағы химиялық кастрациядан кейін оның күшін жойып тастайтын дәрілер бар. Менің ойымша, бұл дәрілер рецепт арқылы сатылады”, – дейді уролог Марат Сыйхымбаев.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, әлі дүниетанымы қалыптасып үлгермеген бала өзге біреудің тарапынан зорлық әрекеттен зардап шексе, есейгенде депрессияға жиі ұшырайды екен. Тіпті, емі жоқ психикалық ауруларға шалдығады. Ең қорқынышытысы кейін педофил болып шығуы да мүмкін.   

«Бұл  зорлық зомбылықтың басым бөлігіне, зорлану түріне байланысты, жыныстық қатынас, ұрып-соғу болса,  ол педофильдік әрекетке дейін баруы мүмкін. Ал одан зорлық-зомбылық шектен шықпағанның өзінде ол болашақ қызметкер дайындауға толығымен әсер етеді», - дейді психолог Ақгүл Молдабекова.

Педофилия дүниежүзілік аурулар классификациясына сексуалдық қалаудың бірі ретінде енген. Психолог мамандар педофилдердің құрбаны болу деген ондаған тіпті жиырма жыл бұрын да болғанын айтады. Яғни олар өздерінің құрбан болғандарын ата-аналарына айтпаған және тәртіп сақшыларының көмегіне жүгінбеген. Ал қазіргі оларға қатысты жаза химиялық кастрация биыл ғана күшіне енді. Бірақ оның қаншалықты азғындарды жөнге салғанын ешкім айта алмайды.

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір