21 Мамыр, 2015 NEWS
Қазақ көшіне тосқауыл болған "Екі анықтама" бүгін министрлік деңгейінде талқыланды
Бүгін Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінде
Бүгін Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінде «Оралмандардың жаңа ортаға тез бейімделуі мен ықпалдасуына жағдай жасау мақсатында тұрақты тұруға рұқсат және Қазақстан Республикасының азаматтығын алу сұрақтарын жеңілдету» мәселелері жөніндегі дөңгелек үстел өтті. Бұл туралы "Қамшы" порталының Астанадағы арнаулы тілшісі Ауыт Мұқибек хабарлайды.
Басқосуға негізі вице-министр Дәулет Арғындықов төрағалық етуі керек екен. Дәулет Рашидұлының жұмыс кестесі шұғыл өзгеруіне байланысты дөңгелек үстел жиналысына Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің төрағасының орынбасары Аслан Қаржаубаев басшылық етті. Осы комитеттің сарапшысы Жақсыкүл Нусипбаева хатшылық міндетін атқарды.
Сонымен бірге, аталған отырысқа Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы Әлеуметтік-экономикалық саладағы заңдылықты қадағалау департаментінің бөлім бастығы Азамат Дүйсембеков; Ішкі істер министрлігі Көші-қон полициясы департаментінің басқарма басшысы мен аға инспекторы Ильяс Бектибаев пен Эльмира Болтаева; Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпстіздік комитетінің қызметкері Қуатжан Кабышев және екі бірдей сарапшы Азамат Артықбаев пен Талгат Сарсембаев; Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі Әлеуметтік, көші-қон саясаты және мемлекеттік органдарды дамыту департаментінің бас сарапшысы Гүльжиян Ахметова; Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі Тілдерді дамыту және қоғамдық-саяси жұмыс комитетінің бас сарапшысы Гүлфариза Мұқанова; Қоғамдық бірлестіктер мен ұйымдардың өкілдерінен Сұлтанәлі Балғабаев, Қарлығаш Қожамұрат, Қайрат Бодаухан; Жеке тұлғалардан Ауыт Мұқибек, Мақсат Нұрыпбай, Адай Сәйкен (Л.Н.Гумилов атындағы ЕҰУ-нің шетелден /ҚХР/ шақырған оқытушысы, ғылым докторы, профессор) қатарлы кісілер арнайы қатысты. Л.Н.Гумилов атындағы ЕҰУ-нен шақырылған Дукен Мәсімханұлы жеке шаруасына байланысты келе алмапты.
Қытайдан көшіп келетін этникалық қазақтардың тұрақты тіркеуге тұруына, азаматтық алуына кедергі болып отырған аты шулы ЕКІ АНЫҚТАМАны қалай біржақтылы ету – Асылан Жұмағалиұлының кіріспе сөзімен ашылған бұл жиынның күнтәртібіндегі талқыланған негізгі тақырыбы болды.
Жиналысқа арнайы шақырылған құзырлы мекемелердің жауаптылары мен сарапшы мамандарына біз – Қоғамдық ұйым мүшелері мен Жеке тұлғалар сөз алып, бұл мәселені барынша түсіндірдік және ұсыныстарымызды айттық. Өзара сұрақтар қойылып, пікір алмастық.
Атап айтар болсам, ҚХР-ның азаматтарының қолында әдеттете Төлқұжат болмайтынын, Төлқұжатты шетелге шығуға арыз берген азаматтарға ғана беретіні, оның өзінде қылмысқа және басқа себептерге байланысты жеті түрлі санаттағы тұлғаларға берілмейтінінен бастап, қаншама жылдан бері айтып, жазып келе жатқан «жарапазанды» қайта бастан тағы бір мәрте баяндадық.
Қазақстан Республикасының 2011 жылғы 22 шілдедегі №477-IV Заңының «Көшіп келушілерге Қазақстан Республикасында тұрақты тұруға арналған рұқсатты беруден бас тарту не оның күшін жою үшін негiздер» деп аталатын 49-бабының «2) сотталғанға дейiн тұрақты тұрғылықты жерi Қазақстан Республикасынан тыс болған, бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған;» және «9) ауыр немесе аса ауыр қылмыс жасағаны үшін сотталғандығы болған;» деген екі тармағын алып тастамай не өзгерпей бұл түйіннің шешілмейтінін ортаға салдық.
Егер, бұл түйін осы жолы Мәжілісте қаралып жатқан Көші-қон заңында реттелмесе, Қытайдан көшіп келетін этникалық қазақтардың тұрақты тіркеуге мүлде тұра алмайтыны, жалған «анықтама» жасайтын алаяқтардың жолы ашылатынын тәптештеп дәлелдедік.
Әлемнің ең дамыған деген жеті-сегіз елінің «Көші-қон заңында» да мұндай баптың жоқтығын алға тарттық.
Интернетте жүрген «Астана қаласы қыран кампаниясы Қарағанды қаласы нәтиже кампаниясы Қарқаралы қалалық әкімшілік іскер қоғамдық қоры қатарлы орындар Қытайдан көшіп келетін семияларға ақысыз үй, төлқұжат жасауға көмек беруге уәде беріп отыр, тезден көшіп келіңіздер байланыс: Ерғазы Тұрысбек 87017531333 жекелік сайттар жалғап таратып қойыңыздар... Алла ризалығы үшін!» (Мәтін өз күйінде көшірілді) жалған құжат жасайтын жарнаманы да оқып бердік.
«Сотталмаған», «Тіркеуден шықты» деп алып келіп жатқан қазіргі «Анықтамалардың» да түбінің шикі екенін жасырмадық.
Сөз кезегінде 2014-жылы Қытайдан көшіп келген 800 неше адамның 500 қаншасы тұрақты тұруға құжат тапсырғанын, соның 322-не тұрақты тұруға рұқсат берілгенін, қалғандарының құжатының дұрыс емес екендігін (орысшасынан шалабұшық ұққаным) Ішкі істер министрлігі Көші-қон полициясы департаментінің аға инспекторы Эльмира Болтаева өзі де мойындады.
Ал, Қытайдан 2010-жылы 6146 этникалық қазақ көшіп келсе, оның саны 2014-жылы 1381-ге күрт төмендегенін Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің төрағасының орынбасары Аслан Қаржаубаев та мысалға келтіре отырып, тұрақты тіркеуге тұруда қандастарымызға кедергінің бар екенін жайып салды.
Жинақтап айтқанда қолымыз жетпей жүрген бірнеше мекеменің жауаптылары мен сарапшы мамандарына атышулы ЕКІ АНЫҚТАМА жайындағы қиын да күрделі мәселені айтуын айттық. Көздерін жеткіздік. Алдағы жерде өздері сарапқа салып, шешім қабылдайды деген зор үміттеміз.
Сонымен, көп есікті қақанымыз, көп көкелермен кездескеніміз текке кеткен жоқ. ЕКІ АНЫҚТАМА министрлік деңгейінде талқыланды.
Шешілмесе, жұмыс мұнымен тоқтамайды, әлі жалғасады!
Ауыт Мұқибек
20.05.2015
Астана
Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.
Ұсынылғандар
Пікір қалдыру
пікір