• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

22 Қараша, 10:29:21
Алматы
+12°

03 Маусым, 2019 Тарих

"Шипагерлік баяны": Адамның жүзіне қарап қан тобын анықтауға бола ма?

Қазіргі медицна ғылымы жалпы адамзат баласының қан тобын: О, А, B, АB – деп, төрт үлкен топқа бөледі.

Кез келген науқастың диягнозын анықтауда, бірінші кезекте осы қан құрамындағы өзгерісті анықтап алып, қалған құбылыстармен айналысады. Қажет кезінде науқас адамға қан тобына қарай өзгенің қанын құйятынын білеміз. Демек, Өтейбойдақтың «Қан жүргілігі – тіршілік, тоқтамы – өлім. Қан – пенде жаны» (Шипагерлік баян. 187-бет) – деп, жазғанындай, қан дегеніміз – жан екені рас. Сондықтан да адамзат тарихында ең алғаш ізденіс тудырған медицина ғылымында қанды анықтау, оның тобын айыра білу басты мақсаттардың ең негізгісі болған тәрізді. Нық сеніммен бұлай деуімізге «Шипагерлік баяндағы» мына пайымдар дәлел бола алатын көрінеді.

Шипагерлік баянның 218-219 бетерінде (Жалын баспасы).

қан тобы

1. «Қаптектік әйгіленімдік аңғақтық, ыстықтық бейімдеуліктер: алып бітісті, етті, өң-әлпеті толық, шырайы шиқандай қызыл, сабырлы, кем сөзді, ұрт мінез, шорт қайырылғыш, сыр бермес сызданыңқы, маңғаздау, біртоға бейімдеуліктер – аңғақтық ыстықтық жаралыстық қаптектік әйгіленгілер» – дейді. Қанық түсінікті болу үшін қазіргі тілімізде баяндасақ, мынадай: ыстық қан бейімдегілердің теріден беретін бейнесі: Алып бітісті, етті жеңді, өң- әлпеті толық, шырайы шиқандай қызыл, сабырлы, кем сөзді, тік мінез, шорт сынғыш, сызданып сыр бермейтін, маңғаздау, біртоға келетіндер – жаралысы ыстық қандылар болмақ, болады.

2. «Қаптектік әйгіленімдік аңғақтық суықтық бейімдеуліктер: өң-әлпеті қараторы, қара, өң бермейтін, шырайы толықша, сөзшең, өзінікін жөн санайтын, білгірсіген, сөз таластырғыш, даукөс, өркөкірек, алкеуделік бейімділер». Мағанасы: суық қан бейімдегілердің (салқын қанды) теріден беретін бейнесі: өң-әлпеті қараторы, қара, өңін жібермейтін, бет-әлпеті толықша, сөзшең, қашан да өзінікін жөн санағыш, білгірсіген, сөз таластырғыш, даукөс, өркөкірек, алкеуде болып келеді.

3. «Қаптектік әйгіленімдік аңғақтық суықтық бейімдегілер: өң-әлпеті әр түрлі, әр қилы, көзі шатынаған, қарадай терісіне симай, қарадай шытынап сынып ашуланғыш, басынан пенде сөзін асырғысы келмейтін, асыра білмейтін, болмашыға кек сақтаулық, өш алуға зейін мен бар зердесін арнаулық, басқаларды тәлкектік айналғылық етпек, өлтіргілік болмаққа ұрынғылық, аңсары ауғылық, біреуді өлтірсе, өзі құныкер, елі құндыкер болғылығын ойламаулық, құныкер болса да әдетін қойғысы келмегіштілік, қандық аңғақта тұрақтай алмайтын сұйықтығы басым, аумалылық, тиянақсыздық төкпеліліктегілер». Мағанасы: суық қандылар тобына жататындардың теріден беретін бейнесі: өң-әлпеті әр түрлі, әр қилы, көзі шатынаған, қарадай терісіне симай, шытынап сынып ашуланғыш, басынан пенде сөзін асырғысы келмейтін, асыра білмейтін, болмашыға кек сақтап, өш алуға бар зейін-зердесін беріп, басқаларды тәлкек етіп, өлтіруге аңсары ауып, пәлеге ұрынғыш, кісіні өлтірсе, өзі құнікер, елі құндыкер боларын ойламайтын, тіпті құныкер болса да әдетін қойғысы келмейтін, қаны тұрақтай алмайтын сұйықтау, тиянақсыз, айнығыш келеді.

4. «Қаптектік әйгіленімдік аңғақтық қоюлықтық бейімдегілер: босағадан аттап шыққысы келмейтін, үйкүшік, шілденің ыстығында қаңтардың қақылдаған аязын басына киіп, үстіне жиып алғыштығы көрнекі; титтей суық тисе, жалып ете түскіштігі аяндық; жіпсісе жадырап қалғыштықты, қаны жүрмеген, қимыл қаракеті аз болғылық, сергітпейтін, сергімейтінін, мойындамастықты суыққайт бейімдеулілер». Мағанасы: Қою қан тобына жататындардың теріден беретін бейнесі: босағадан аттап шыққысы келмейтін, үйкүшік, шілденің ыстығында қаңтардың қақылдаған аязын басына киіп, барын үстіне жиып алатын; титтей суық тисе, жалып ете түсетін, жіпсісе дереу жадырап қалатын, қаны дұрыс жүрмейтін, сергітер қимыл-әрекеті аз, сергімейтінін мойындағысы келмейтін суқайт келеді.

5. «Қаптектік аңғақтық буылмалы бейімділер: әлпеті әр түрлі болса да, өңінің соңғылық бейнесі сұрланыңқы, көз оты қайтыңқы, әдетте мінсіз бітісті пендеден айырғысыздығы уәжіптік. Ренжісерлік туылғылық болса, селкілдеп барып, серейіп түседі де,талып қалмағы шарт.» Мағанасы: Буылма қан тобына жататындардың терідегі бейнесі: Әлпеті әр түрлі болса да, сәп салған кісіге өңі сұрланыңқы, көз жанары әлсіз, әдетте мінсіз бітісті пендеден парықсыз көрінеді. Реніш туылған жағдайында, селкілдеп барып серейіп түседі де, талып қалады.

6. «Қаптектік аңғақтық уылмалы бейімдер: әлпеті ақ, шырайы шырсыз аппақ қудай, емермесі ақ бөздей ағарған, көз ажары, жанарлығы баскіл, кейбірлерінің өңі тотығыңқы, үп еткен желге ұшып кететіндей арық, беті жып-жылтыр, жүріп-тұрудан ерінбек, от басынан сөйлегені төрге естілмейтін, титтей шөгір сызған орны қанаса, тоқтаулық бермейтін, жеңілі мұрны қанағыш, басы ауырғыш, қандық шіріктік, нілсіздік бейімдегілер». Мағынасы: Уылма қан тобындағылардың теріден беретін бейнесі: әлпеті ақ, шырайы шырсыз аппақ қудай, еріндері ақ бөздей ағарған, көз ажары, көз жанары әлсіз, кейбірлерінің өңі тотығыңқы, үп еткен желге ұшып кететіндей арық, беті жып-жылтыр, жүріп-тұрудан еріншек, ошақ басында сөйлегені төрге естілмейтін, титтей шөгір сызған орны қанаса, тоқтау бермейтін, жеңілі мұрны қанағыш, басы ауырғыш, қандық ірігіш, нілсіздік болып келеді, – дейді.

Ғұлама ғалымның көз жеткізуінше, адамның қан тобы: Ыстық қанды, суық қанды, қою қанды, салқын қанды, буылма қанды және уылма қанды болып алтыға жіктеліп тұр. Әрине, ол заманда қазіргідей жоғары деңгейдегі зеттеу аппараттарының жоқтығына байланысты, тек қана нақтылы тәжірибе, философиялық ой сарабына жүгінгендігі белгілі. Бірақ, біз бүгінгі медицинамызда жоқ нәрсе деп, назардан тыс қалдырумызға болмайтындығы, осы қан тобындағы буылма қан мен уылма қаннан белгілі болып бұрғандай. Айтбақшы, бұндағы буылма қан тобы дегені; тамыр қуысында үздіксіз айналып ағып тұратын қанның кей сәтте лездік тоқтап, сосын жалғасты ағысына түсетіндігін меңзесе, уылма қан тобы дегені; арасы жақын, аталас адамдардың өзара некелесуінің салдарынан (кейде жұқпалы ауыруды жұқтырып алудан), ұқсас қан тобындағы қанның іруін, яғни қан құрамының жаңару емес ескіру, жандану емес әлсіру, тазару емес ластануын айтады. Бұл тұжырым бүгінгі; «тәбиғат  қарама- қарысылықтың бірлігінен тұрады»,  – деген философиямызға да сайып тұр. Ал, ыстық қанды, суық қанды, қою қанды, салқын қандыға келсек, ел ішінде күні кешеге дейін адамдар мінезіне қарай айтылып жүргенін көргеміз. Бұл арада жеке-жеке тоқталмадық. Сондықтан, мақала тақырыбына қарай әңгімені осы арада кілт тоқтаттық.

Шаяхмет Қали

Ақын, математик, "Шипагерлік баяны" кітабын зерттеуші  

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір