• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

22 Қараша, 09:15:57
Алматы
+12°

14 Маусым, 2019 Айтты-ей, бауырың!

Тіл ахуалы – ұлт халінің термометрі

Осынау кезеңде қазаққа қойылатын, қазақ жастарына, тұтқа ұстар буынға қойылатын талап қандай? Меніңше, бұл жағдайда өскелең ұрпаққа қойылар талапты үш кезеңге бөлген жөн.

Ult.kz

 

Уақыт парасы, заман айнасы, тілдің халі, ғылым дәуірі және біз...

          «Жас келсе, іске» деген қазақтың ұлымыз. Ұлт тарихындағы ұлы дүрбелеңдерден, қиын-қыстау күндерден аман шығып, бүгінгі күнге дейін жетуіміз – баба қанымен берілген тектілік нәтижесі. Бұл тектілік менің және барша қандас бауырымның бойында сақталған.

          Қазір елімізде «Ұлт тарихындағы ұлы бетбұрыстар» деуге келетін айтулы өзгерістер жүріп, дәуір шешімдері қабылданып жатыр. Сананың ашықтығы, руханияттың азаттығы, тілдің тазалығы, көңіл көкжиегінің кеңдігі – дәуір келбетінде бағаланатын алғашқы құндылықтар.

          Осынау кезеңде қазаққа қойылатын, қазақ жастарына, тұтқа ұстар буынға қойылатын талап қандай? Меніңше, бұл жағдайда өскелең ұрпаққа қойылар талапты үш кезеңге бөлген жөн.

          Алғашқысы – «Біз кімбіз, қайда барамыз?» деген сұрақты өзіне қойып, айналасын танып, өзін танып, күллі ғаламның бетбұрысын аңғару.

          Екіншісі – әлем халқының белгілі бір мөлшері төртінші индустриялық революцияға аяқ басып жатқанын көре білу. Соған орай адамзат баласына нәсіп болған ғылымнан ада қалмай, өз несібесін алу және сол арқылы ел дамуына сүбелі үлес қосу.

          Үшіншісі – ұлттық қазықтан алшақтамау һәм ана тіліне жанашырлық таныту. Әрбір еңбегіңді ұлт болашағы үшін, ел игілігі үшін, халық разылығы үшін жасау.

          Әсілінде, қазақты қазақ етіп келе жатқан дүниелер – тәубе мен шүкір. Әрине, барына тәубе, жоқ болса, қанағат етіп ғұмыр кешіп келе жатқан халықтың өміршең екені анық. Десек те, жас буынға үлкен міндет, жауапкершілігі жоғары парыз артылып отыр. Ол – бәсекеге қабілетті, ана тілін және әлемдік қарым-қатынас ретінде қолданыста жүрген тілдерді меңгерген, ғылымға құштар, әлеуеті жоғары азамат болу.

          Әңгіме төркінін түсінген боларсыздар. Қазақ тілінің өміршең екендігі рас. Бұл тәмсіліміз тарих қойнауындағы сан ғасырлық нәубеттермен айғақталады. Бірақ ғаламшарда төртінші индустриялық революция басталып жатқан тұста барға қанағат етіп, өлместің күнін кешіп жүруді ысыра тұрған абзал. Өйткені, әрбір азамат, әрбір жас буын өкілі – қоғамның, мемлекеттің мүшесі. Сондықтан, ана тіліміздің даму шеңберін, қолданыс аясын кеңейте түсуіміз шарт.

         Әлихан Бөкейхановтың «Қазақ» газетінде жазған бір мақаласында мынадай тәмсіл бар: «Қазақ қияметке дейін қазақ болып қала береді». Ұлт қайраткері ұртынан ұғымсыз сөз шығарсын ба?!

          Тарих - бізге қалай мақтансақ та аргумент боларлық азық. Қазақтың кім әкенін әлемге танытар, мойындатар күн жетті. Ендігі уақытта ғалам жұртшылығын ат құлағында ойнаған шабандозымызбен, таңды таңға ұрып дастан соғатын жырауымызбен, дала үрдісімен таңдандыруымыз неғайбыл.

          Әлем нені мойындайды, нендей құндылықтарға бас ұрады бүгінде? Әрине, ғылыми жаңалықтарға, үздік технологияларға, көлік өндірісінің жаңалықтарына, жасанды интеллект ерекшеліктеріне, экономикаға, ауқатты адамдардың бәсекелестігіне, еңселі әрі архитектуралық құрылысы ерекше ғимараттарға құл күллі адамзат ұрпағы. Міне, осы салалардағы ақсап тұрған ана тіліміздің ахуалын аяққа тұрғыза алсақ, бұл - біздің ұлт болашағы, ел бүгіні, келер ұрпақ алдында өтеген азаматтық парызымыз.

          Күре жолдан бұра тартып мұратқа жетпейміз. Сондықтан, әлемдік аренада экономикасы бәсекеге қабілетті елдердің отыздығына кіру үшін жоғарыда аталған бағыттарға күш салуымыз керек.

          Әлбетте, бұл сөздерім арқылы мен жалпы қазақ жұртының аспанына надандықтың қара бұлтын үйіруден аулақпын. Орысша сөйлесе орысты, ағылшынша сөйлесе ағылшынды жолда қалдырар қазақ баласының қарасы көбейіп келе жатқаны қуантады, әрине. Бірақ біз өзгелердің әлдеқашан дәлелдеп, босаға қазығын берік қаққан тілін пайдаланып, ғылымға күш салудан бөлек, өз ана тілімізді әлемдік дәргейге көтеріп, қолданыс аясын кеңейте алсақ, ғылымиландыра алсақ, технология тілімен ұштастырсақ қайырлырақ болмас па?!

 Автор: Жұлдыз Мұқанова

Author

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір