10 Шілде, 2019 NEWS
Қазақстанда 2020 жылдан бастап медициналық көмек екі түрлі пакет бойынша көрсетілетін болады
Бұл туралы бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифинг барысында мемлекеттік әлеуметтік-медициналық сақтандыру (МӘМС) қорының Маңғыстау облысы бойынша филиалының басшысы Бақыт Исмаханбетов айтты.
-Біріншісі – кепілдендірілген тегін медициналық көмек пакеті.
Кепілдендірілген тегін көмек (ТМККК) пакеті ең минималды стандарттардан тұрады.
Оған мынадай қызметтер кіреді: дәрігерлік көмекті қажет ететін шұғыл жағдайларда көмек көрсету, жедел жәрдем, санитарлық авиация, бірқатар созылмалы ауруларды динамикалық бақылау, шұғыл жағдайда стационарда емдеу осы пакет шеңберінде жүзеге асырылады. Мұны барлық азаматтар, сақтандырылған-сақтандырылғанына қарамай пайдалана алады.
Мемлекет тарапынан кепілдік берілген көмек бойынша барлық азаматтар: емханаға қаралып, стационарда жатып емделе алады; әлеуметтік маңызы бар аурулар осы пакет негізінде тегін емделеді.
Медициналық оңалту қызметін тек туберкулезге шалдыққандарға ғана пайдалана алады. Зәру азаматтарға тегістей паллиативтік көмек көрсетіледі. Негізгі жұқпалы емес аурулар мен қоршаған ортаға қауіп төндіретін жұқпалы аурулар да осы тәртіп бойынша емделеді.
ТМККК пакеті азаматтардың бәріне, бюджет есебінен тегін көрсетіледі. Сондықтан да бұл кепілдендірілген стандарт болып саналады.
Көмектің екінші деңгейі – міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) пакеті. Бағасы қымбат болып келетін операциялар, сирек медициналық қызмет түрлері, салалық мамандардың қабылдауы сынды т.б. қызметтер кіретін МӘМС пакетін сақтандырылғандар пайдалана алады.
МӘМС пакетіне табысы орташа азаматтардың қалтасы көтере бермейтін: МРТ, компьютерлік томография, ПЦР-анализ сынды қызметтер де енгізілді. Сондай-ақ, кепілдендірілген тегін көмек пакетіне енбеген сырқаттарға шалдыққан жағдайда стационарды алмастыратын көмек пен жоспарлы стационарлық көмек те МӘМС пакеті шеңберінде көрсетіледі,-деп түсіндірді Бақыт Торғайбайұлы.
Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.
Пікір қалдыру
пікір