• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

25 Қараша, 21:37:20
Алматы
+12°

25 Шілде, 2019 NEWS

Адам ағзасын заңсыз алған дәрігерге қатысты жаңа деректер

Қазақстандық дәрігердің әріптестері еліміздің Бас прокуроры мен Ішкі істер министрінен Ғани Құттымұратовты тергеу амалдары аяқталғанша, уақытша босатуды сұрап, хат жазыпты

 

Адам ағзаларын заңсыз алды деп айып тағылып, 3 айға жуық уақыт қамауға алынған трансплантолог дәрігер Ғани Құттымұратовтың ісіне қатысты тағы бір дерек анықталды, деп хабарлайды Qamshy.kz ақпарат агенттігі Zakon.kz сайтына сілтеме жасап

Бұл істе қазақстандық дәрігермен қоса қырғыз азаматы да күдікке ілінген. Ал қазақстандық дәрігердің әріптестері еліміздің Бас прокуроры мен Ішкі істер министрінен Ғани Құттымұратовты тергеу амалдары аяқталғанша, уақытша босатуды сұрап, хат жазыпты. Олар оның кінәсі жоқтығын айтып, дәлелдер келтіреді.

Күдікті тар қапаста отырып, әріптестеріне хат жолдаған екен. Онда ол "мені Израильдік компаниямен келісе отырып, шетел азаматтарына заңсыз ота жасады деп айыптауда" деп жазған көрінеді. Ал, еліміздегі белгілі ақхалаттылар кеше баспасөз мәслихатын өткізіп, "Құттымұратов тек басшылардың айтқанын орындаушы, ол шетелдік компаниялармен жеке дара келісімге келмеген" деп мәлімдеді.

"2017 жылы Израиль компаниясы Құттымұратов бөлім меңгерушісі болып жұмыс істеген ұлттық онкологиялық және трансплантологиялық орталықтың басшылығымен Қазақстанда медициналық туризмді ұйымдастыру үшін тірі донордан бүйрек трансплантациясын жүргізу және осы орталықтың базасында ауыстыруға шетелдік пациенттерді тарту бойынша транспланттау келісімшартын жасайды. Шартта барлық ұйымдастырушылық, заңдық, қаржылық аспектілер көрсетілген. Келісім жасалған сәттен бастап орталыққа шетелдік донорлар да, реципиенттер де түсе бастайды",- деді "Медицина қызметкерлерінің құқықтарын қорғау" қоғамдық бірлестігінің президенті Нұрлыбек Өсербаев.

Тіпті атақты транспантолог Юрий Пя да "тағылған кінә ақылға қонымсыз", - дейді.

"Енді Құттымұратов бүйректі ауыстырып салу бойынша жеке-дара ауруханаға жатқызуды, ұйымдастыруды және оперативтік араласуды жүргізді деп айыпталуда. Әрине, ол бөлім меңгерушісі ретінде ауруханаға жатқызуға қатысқан, бірақ ол оны ұйымдастыруы, яғни, пациенттермен келісіп, оларды тауып, олардың арасында қандай да бір келісім жасауы мүмкін емес",- дейді "Ұлттық ғылыми кардиохирургия орталығы" АҚ Басқармасының төрағасы Юрий Пя.

Айыпталушының қорғаушысы Құттымұратов 1-ші мамырдан бастап қамауда екенін айтады. Ол соттың санкциясымен 4 айға темір торға тоғытылған. Сондай-ақ, дәрігермен бірге шетел азаматы да күдікке ілініп, қолына кісен салынған.

"Қазіргі кезде екі адам қамауда отыр. Біреуі Құттымұратов - дәрігер, екіншісі - Қырғыз Республикасының азаматы. Әйел адам аудармамен шұғылданған. Басқа адам ұсталған жоқ. Енді шетелдіктер орыс тілін де, қазақ тілін де білмейді ғой. Басқа елдің азаматы болғаннан кейін сол кісілердің арасында аудармашы болып қызмет жасаған",- дейді адвокат Алдирза Қуанышкереев.

Қылмыстық кодекстің қос бабы бойынша күдікке ілінген дәрігер ісін Ішкі Істер министрлігінің тергеу комитеті жүргізуде. Тіпті мемлекетаралық тергеу тобы да құрылған.

"Адамдардың органдарын болмаса терілерін заңсыз саудалау, болмаса соған мәжбірлеу және де трансұлттық топқа қатысу арқылы қылмыс жасау бабы бойынша тергеу жүріп жатыр.Тергеу амалдарын іске асыру үшін өзара, яғни мемлекетаралық, ведомстволық тергеу тобы құрылып отыр",- дейді ҚР ІІМ ресми өкілі Нұрділда Ораз.

Қазақстанда трансплантация жасау өзге елдермен салыстырғанда арзанырақ. Мысалы, Еуропа елдерінде бүйрек трансплантациясы 80 мың доллардан 150 мың долларға дейін жетеді. Ал шетелдік азаматқа мұндай операцияны Қазақстанда жасату үшін 7-8 мың доллар көлемінде қаржы қажет екен.

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір