• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

24 Қараша, 05:19:51
Алматы
+12°

Жыл басынан бері үш мәрте жүзеге асқан "Жусан" гуманитарлық операциясы аясында елге 524 қазақстандық жеткізілді. Олардың 30-ы ер адам, 137-сі әйел, 357-сі бала. Бірі адасып, бірі шатасып теріс ағымның үгіт-насихатына ергендердің дені Сирияға 2012-2015 жылдар аралығында аттанған.

Жусан операциясы

Қазақстандықтардың Сирияда көрмеген теперіші жоқ. Қысқаша қайырса, ерлердің көбі соғыс ошағында опат болған. Оларын дін жолында шейіт болу, мәртебелі өлім деп түсінеді. Жесір қалған әйелдер өзге біреуге жар атанып кете барады. Ол жақта әйелдерді күйеулерінен тек ажал ғана айырмайды . Тояты басылып, қыздың қызығы таусылған соң "талақ" деп "әйелімен" ажыраса салу түк емес. Көңілі қаласа майдандас досына затты тарту еткендей сыйға бере салу да жиі кездесетін жағдай. Соның кесірінен бір жылда он шақты еркекке "жар" атанғандар да бар. Ақырында қыз-келіншектер "жыныстық жиһад" аталып жүрген заты кәдімгі жезөкшеліктен айырмашылығы аз жолға түседі. Балалардың ахуалы да қабырға қайыстырарлықтай күйде. Кейде тіпті әкелерінің кім екенін балалардың аналарының өзі де білмей жатады. Сол жақта дүниеге келген балалардың көбі туған тілінен мақұрым. Өзінің тегінің кім екенінен мүлде хабарсыз. Көздерін ашқалы көргені қан, шайқас, өлім. Аялы алақан, мейірім, жылулық дегеннің өмірде барынан хабарсыз олардың санасында, дүниетанымында не болып жатқанын болжаудың өзі қиын.

Сурет - BNews.kz

Елге жеткізілген соң олар алдымен бейімдеу орталықтарына жіберіліп Онда бір ай көлемінде діни оңалту шаралары жүріп, мамандар әңгімелесу арқылы теріс ағым жетегіне кеткендердің бетін бері қаратуға жұмыс істейді. Артынша тұрғылықты жеріне қарай туған-туыс, жақын адамдарының жанына таралып кетеді. Ары қарай аймақтардағы ішкі саясат басқармалары мен қауіпсіздік мекемелері қызметкерлерінің қадағалауында болады.

Сириядан елге оралғандармен жұмыс істеп жатқан белгілі дінтанушы Кеңшілік Тышқанұлы kazgazeta.kz сайтына берген сұхбатында оңалту шаралары үшін бір айдың аздық ететінін айтты.

"Бір айда адамды адам етіп шығару, бүкіл діни нәрсені дәлелдеу, діни сауаттылықты көтеру мүмкін емес. Оның үстіне бұлардың 180 градустық көзқарастарын бері жаққа қарай аудару өте қиын. Бізге берілген уақыт бір ай ғана, бұл өте аз уақыт. Өйткені адамның өзі бір тақырыпты айтқаннан кейін екі-үш күн ойланып, қорытып, қабылдауы керек. Ол сіңгеннен кейін ғана оның нәтижесі шығады. Бұдан ары қарай да бұлар теолог, психологтармен жұмыс істеулері керек" дейді ол.

Адамның имандай сеніп жүргенін бір сәтте тәрк ету, жылдар бойы өмірінің өзегі болған ойын теріске шығару қиынның қиыны. Кеңшілік Тышқанұлы теріс ағымға түскендердің өз көзқарасынан қайтпауға тырысатынын, өздерінің идеологиясына деген адалдық, көзсіз жанкештілікті байқаған. Бұлардың ең үлкен проблемасы – "шубха" деп имамдардың уағызын тыңдамаулары. Ұстаздарының "басқалардың уағызын тыңдамаңдар" деп айтқаны саналарына шегеленіп қалған. Ешқандай сыни ойлау жоқ. Ұстаздарының айтқандарының дұрыс-бұрыстығына көз жеткізбестен, ақыл таразысына салмастан қылғыта берген.

Беріш боп қатқан сенімдерінің қате екенін түйсіндіру үшін әлі қанша уақыт керек екені белгісіз. Бірақ мемлекеттің оларды ұдайы ұстай алмайтыны тағы түсінікті. Дінтанушылар осы орайда ел болып жұмылып, шалыс басқан азаматтарды жатсынбай, ортаға сіңуіне жұмыла атсалысу аса маңызды екенін айтады. Қоғам оларды бөліп, шеттете берсе олардың әлеуметтену процесі қиын жүреді. Тіпті сырт айналып кетуі де кәдік. Жат ағымның ықпалына түскендерді бұл кеселден құлан таза айықтырмаса, елде жүрген бөтен ойлы ағымдардың арбауына қайтадан түсіп кетуі әбден ықтимал дейді дінтанушы.

Қамшыгер

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір