31 Шілде, 2019 Айтты-ей, бауырың!
"Назарбаевшыл" ақын Көшербаев, Байбек, Сағынтаев үшеуіне арнау жолдады
Жаңа қызметке тағайындалғандардың мәртебесін көкке көтерді
Көп ішінде "еңбегі еленбеген ақын" атанған Балтабек Нұрғалиев Мемлекет жəне қоғам қайраткері Бақытжан Əбдірұлы Сағынтаев мырзаның Алматы қаласының әкімі болып тағайындалуы құрметіне, "Нұр Отан" партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Бауыржан Қыдырғалиұлы Байбек мырзаға және Қазақстанның мемлекет және қоғам қайраткері, Алаштың ардақты азаматы Қырымбек Елеуұлы Көшербаев мырзаның Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің басшысы болып тағайындалуы құрметіне арнап арнау өлеңдерін жолдады.
Қолында билігі барлардың барлығын дерлік өлеңіне арқау ететін ақын бір күнде үш шенеунікке арнау арнап, жұрттың бір елең еткізгендей. Бұл жағымпаздық па, әлде жүректен шыққан туындылар ма халық ақ-қарасын өзі ажыратар.
Балтабек Нұрғалиев арнау өлеңдерін өз Facebook парақшасында жариялаған.
"ШЫҢДАҒЫ ШЫНАР
Қазақстанның мемлекет және қоғам қайраткері, Алаштың ардақты азаматы Қырымбек Елеуұлы Көшербаев мырзаның Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің басшысы болып тағайындалуы құрметіне арнадым!
Бір Сіздей халқымыздың панасы бар,
Бір Сіздей халқымыздың данасы бар.
Қазақтың қайсар ұлы, қамқор ұлы -
Қырымбек Елеуұлы - Аға-Шынар!
Ағажан - бір Өзіңіз - ерен-дара,
Бір Сізге сенер халық, сенер дала.
Атаңыз - Ер Көшербай - Еңбек Ері,
Əкеңіз - текті-мықты - Елеу дана!
Еңселі Ер Дәрібай – арғы баба,
Болыпты Ол Атаңыз - жан ғұлама.
Қорқыттай қадірлісіз қазақ үшін,
Бұл баға - ел бағасы - мəңгі баға.
Ерекше Өзіңізде өре-сана,
Жолыңыз - аппақ-адал жəне сара.
Мектепте мұғалімдік қызмет еткен,
Анаңыз - қасиетті Дəнеш Ана!
Еңбекті халқыңызға арнадыңыз,
Зиялы Шынар болып зауладыңыз.
Бір Алла жар болсыншы Өзіңізге,
Жүз жастан асыңызшы, ардағымыз!
Бір Сіздей халқымыздың Тұлғасы бар,
Өзіңіз - өнегелі Тұлға-Шынар!
Шың деген - биіктігі Парасаттың,
Шынардың қасиеті - шыңға шығар!
Бір Сіздей халқымыздың панасы бар,
Бір Сіздей халқымыздың данасы бар.
Қазақтың қайсар ұлы, қамқор ұлы -
Қырымбек Елеуұлы - Аға-Шынар!
Құрметпен, Балтабек Нұрғалиев"
Ақын жүрегі біртуар ағасын да естен шығармаған:
"БІРТУАР
"Нұр Отан" партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Бауыржан Қыдырғалиұлы Байбек мырзаға шын жүректен арналды бұл өлең!
Далаңыз өзіңізге дəн ырзалы,
Өзіңіз - халқымыздың ар-ұжданы.
Шын қамқор бола білген ел мен жерге,
Армысыз, Ер Байбектің Бауыржаны!
Сөз сөйлеп елдің жайын саралай кеп,
Толғанған, тебіренген: "Далам-ай!" деп.
Ардақты атаңыз ғой абыройлы,
Айбынды, асыл дана - баба Байбек!
Əкеңіз - Қыдырғали - Текті тұлға,
Жұлдыз боп биіктерге жетті тұлға.
Халқына қасиетті жарық болып,
Сəулесін жарқыраған септі тұлға.
Ағажан - Ер Байбектің Бауыржаны,
Бір Сізді ел ерекше қабылдады.
Көркейткен көсегесін кең даланың,
Шын бақыт - Сіздей тұлға табылғаны!
Жұлдыздан Жұлдыз болып ұл туады,
Ұлыдан Ұлы болып ұл туады.
Ағажан - өзіңіз ғой өнегелі,
Қазақтың қайсар ұлы - БІРТУАРЫ!
Талантты түлегісіз "Болашақтың",
Бір Сізді танығанға - Аға, шатпын!
Шабытты шəкіртісіз Елбасының,
Биігін Сізден көрдік Парасаттың!
Далаңыз өзіңізге дəн ырзалы,
Өзіңіз - халқымыздың ар-ұжданы.
Шын қамқор бола білген ел мен жерге,
Армысыз, Ер Байбектің Бауыржаны!
Құрметпен, Балтабек Нұрғалиев"
Мемлекет жəне қоғам қайраткері Бақытжан Əбдірұлы Сағынтаев мырзаның Алматы қаласының әкімі болып тағайындалуы құрметіне ізгі ілтипатпен арнадым!
Қуанышты Алматы Ағамызға,
Қуанышты Алатау панамыз да.
Жүрген жерін гүл етіп жадыратар,
Қызыр келді көрікті қаламызға!
Келді, міне, Бақытжан Əбдірұлы,
Салауатты сезілді жан жылуы.
Ағамыздың келуі - жарқын нышан -
Қаламыздың құлпырып, жаңғыруы!
Республика жұртына рас ұнаған,
Абыройлы Ағамыз - асыл адам.
Сағынтаев Бақытжан Əбдірұлы -
Қызыр-адам шуағы шашыраған!
Алматыдай қалаға əкім аға,
Шыныменен, халқына жақын аға.
Атына сай болып жүр елге БАҚЫТ,
Асылдардың жалғасы, батыр аға!
Ұлықтайды ұмытпай мəңгі дала,
Сағынтайдай Атасы - əзғұлама.
Халық қамын ойлаған қасиетті
Асылтекті Əкесі - Əбдір Аға!
Əбдір Аға - Əкесі - Еңбек Ері,
Салиқалы Тұлғаға сенген елі.
Ұлы ғибрат - Құндызай Анамыздың
Тектіліктің бесігін тербегені!
Тектіліктің ғажабын ұқты дала,
Ағамызды айбынды тұтты дана.
Қызырымыз - Бақытжан Əбдірұлы,
Қызыры бар қаламыз - құтты қала!
Құрметпен, Балтабек Нұрғалиев"
Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.
Ұсынылғандар
Пікір қалдыру
пікір