• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

24 Қараша, 13:42:57
Алматы
+12°

01 Тамыз, 2019 Сегіз өрім

Қазақ даласындағы тарихты Қырымда түсірген қаншалықты дұрыс?

Ай алдын миллиондаған көрерменнің назарына ұсынылған «А.Л.Ж.И.Р» сериалы көптің көңілінен шықты. «НТВ» арнасынан көк жәшікте көлбеңдеген көпбөлімді картинаның сапасы да, оқиға желісі де сын көтерерлік. Он бір бөлімін түгесе тамашалай отырып туған салмақты қос сауал бар. Екі сұрақ, дүдәмал түйткіл.

Алдымен осы мақалаға көз салуға ниет еткен оқырманның санасына салмақ түсірмей, сериал туралы бірер ауыз айта кеткен абзал.

Қаңқасына шыбын жанын жапсырған жазықсыз әйелдер...

1

1938 жылдан бастап Сталин о дүниеге аттанғанша Ақмола облысында аранын ашқан аждаһаны елестеткен әйелдер лагері түсірілген кинотуындының алғашқысы да, соңғысы да емес – біз әңгіме еткелі отырған дүние.

Алжир – темір сым құрсауындағы суық барактар «қалашығының» халық арасындағы атауы. Нысан ресми түрде «Қарағанды еңбекпен түзеу лагерінің Ақмоладағы 17-ші арнайы бөлімшесі» деп аталған. Бұл жердің «тұрғындары» - сталиндік репрессия тұсында кеңестік қудалауға ұшырап, «Халық жауы» атты айдар таққан азаматтардың әйелдері, аналары, қарындас-әпкелері, қыздары.

Хош! Әйелдердің қандай азап тартып, қаншасы суық һәм сасық барактың сабан төсегінде тұрмай қалғаны, сексуалды зорлық-зомбылыққа ұшырағаны, ананың баласынан, баланың анасынан айырылғаны тарих беттерінен аян.

Тарих парақтарындағы осынау ауыр зұлматты өскелең ұрпаққа таныстырып, таспаға тартқандарға алғыс айту керек. Кейбір «әттеген-ай» дегізетін идеялық һәм локациялық қателіктер туралы кейінірек тарқатамыз.

Кім түсірді? Кім ойнады? Кім басқарды?

2

11-бөлімнен тұратын тарихи драманы «НТВ» арнасының тапсырысымен «Киноград» кинокомпаниясы» түсірген. Кинотуындыға компанияның бас продюсері Наталия Будкина тікелей жауапты. Ал сериалдың режиссері – Александр Касаткин есімді азамат. Оның «Бежать нельзя погибнуть», «Дочь», «Бариста» атты туындылары біршама танымал.

Ал сериалдың сценарийі Мариэтта Захарян, Олег Сироткин, Наталия Будкина, Анна Бербеницкая есімді кісілердің қаламынан туған. Әуе конструкторының әйелінің (тұтқын Ольга Павлова) тағдыры баяндалған сценарий сәтті шыққан десек, жаңыла қоймаспыз, сірә.

3

Ольга Павлованың кейпін сомдаған актрисаны басты рөлде ойнады деп ресми атағанмен София Тер-Ашатурова, Эмма Лазуркина, Демеш Галиева, Аглая, Нюра Конька іспетті кейіпкерлерді тірілткен әртістердің еңбегін екінші қатарға жатқызу обал. Себеп – аталған кейіпкерлердің барлығы алғашқы бөлімнен соңғы эпизодтарға дейін ойнауы.

Ольга Павлованы Дарья Екмасова, София Тер-Ашатурованы Екатерина Гусева, әскери қызметкер Глотовты Кирилл Плетнев сомдады. Әртістердің өнеріне, кәсіби шеберлігіне мін де, сын да жоқ.

  • «Осы сериалдың түсірілуіне бір апта қалғанда мен Наталия Крупскаяны сомдап біткен едім. Жаңа кейіпкерге, өзге тағдырға жылдам ауысу біршама қиындықтар туғызды. Сонымен қатар, мен сомдайтын рөл – кәсіби тігіншінің рөлі. Ал мен бұл кәсіптің маңайынан жүрмеген адаммын. Бірақ достарымның көмегімен тігін машинасымен танысып, тәуекел деп кірісіп кеттік», - дейді Ольга Павлованы сомдаған актриса Дарья Екамасова.

Сондай-ақ, телесериалдағы Сәкен есімді қазақтың әйелі Демештің рөлін қазақстандық әртіс Дина Тасболатова сомдаған. Ойламаған жерден тұтқын болып шыға келген кейіпкердің рөлі – қазақстандыққа бұйырған санаулы орындардың бірі. Сценарийстер мен режиссердің пікірінше, сериалдағы Демеш ешқандай белгілі адамның прототипі емес-мыс.

Ал қазақстандық әртіс Дина Тасболтова бұған дейін ресейліктер түсірген «Алтын Орда» фильміне түскен. «А.Л.Ж.И.Р» - қандасымыздың мансабындағы екінші негізгі рөлі.

Сериал туралы кішігірім мәлімет беруге тырыстық. Енді мақаламыздың негізгі бөліміне қарай ойыссақ. Жазба басында оқырманның санасына сигнал берген сауалды әрі қарай тарқаталық...

Қазақ даласындағы тарихи оқиға неге шалғайдағы Қырымда таспаланды?

4

Сарыарқаның сары аязына арқасын төсеп, аптап ыстығына өкпесін күйдірген қаншама төмен етектінің, адал азаматтарға серік болған текті әйелдердің азапқа салынған, теперіш көрген жері – Ақмоладағы аждаһа «Алжир». Осы тозақ мекенде аттай он бес жыл салтанат құрған лагерьден қанша мәйіт шығарылып, қанша адам ақылынан ауысып, қанша нәрестенің қастандықпен өлім құшқаны Құдайға ғана аян.

Қарағанды еңбекпен түзеу лагерінің бір пұшпағы «Алжирдің» тарихи орынын мұражайға айналдырдық. Адам бейнелеріне дейін, тарих қойнауына кеткен уақыттағы қандала қаптаған, нәжіс сасыған барактарға дейін қайта қалқайтылды. Мұражай – ешқандай декорацияға бергісіз фон рөлін атқара алатын тарихи һәм мәдени дүние.

5

«НТВ» арнасының тапсырысымен «Киноград» кинокомпаниясы қазақ даласындағы тарихи оқиғаны Қырымда таспалайды. Ал «А.Л.Ж.И.Р» телесериалының режиссері Касаткин үшін бұл түк емес. Ол түсірілімның не себепті Қырымда болғанын екі-ақ ауыз сөзбен түсіндірмек болып, былай дейді:

  • «Алғашында туындыны Қазақстанда, тарихи орында түсіргіміз келген. Бірақ экономикалық қауқарымыз жетпеді. Қазақстанға толыққанды актерлар қосынын жеткізу, құрылғыларды алып бару қымбатқа түсті. Содан кейін түсірілім үшін Қырым таңдалып, арнайы декорациялар тұрғызылды. Тіпті, Қырым мен қазақ даласында ешбір айырмашылық жоқ. Қайта ауа-райы, таулары мен қыраттары, ыстығы мен суығы қатты ұқсас».

Режиссермен кинокомпанияның бас продюсері де пікірлес. Біздің болжам бойынша түсірілім алаңында декорация орнатқанға қарағанда дайын әрі тарихи мекеннің өзіне «қоржын» арқалап жеткен арзандау сияқты. Хош!

Ресейлік кинокомпанияның қателігін теріп, біздің елге тоң теріс қарады деп өкпелеу тағы орынсыз. Мақала басында айтылған үш сауалдың екіншісін қоятын тұс – осы.

«А.Л.Ж.И.Р» мен «Алжир. Қармен жуылған қан»: қазақтың сериалын ресейлік туынды жұтып қойған ба?

Сталиндік репрессияның келтірген кесапаты – көзі ашық, көкірек көзі ояу азаматтардың дене түршіктірер жаралы жері. Етегіне сүрінген тұтқын әйел, жетім бала, аштан қырылған халық... сұмпайы көрініс.

«А.Л.Ж.И.Р» сериалының YouTube видеохостингіне шыққанына айдан аса уақыт өтті. Қырық күнге толар-толмас уақыт ішінде кинотуындының әрбір бөлімін орта есеппен 1 миллион 700 мың адам тамашалаған.

Дәл осы Ақмолада орналасқан «Халық жауы» атанған азаматтардың отбасындағы бұрымдыларды азаптаған ажалды лагерь туралы қазақстандық киноөндірушілер де картина жасауға ниет жасаған. Ниет іске ұласып, нәтижесінде «Алжир. Қармен жуылған қан» атты бес бөлімнен тұратын телесериал Qazaqstan Ұлттық арнасынан көрсетілді.

Қазақстандық сериал оқиғаның тарихи орынындағы мұражайда түсірілген. Сюжет те, мүдде де ұқсас һәм ортақ. Өйткені, репрессия дәуіріндегі тарих – посткеңестік мемлекеттердің ортақ мұрасы. Дегенмен, қазіргі тәуелсіз заманда әркім өз жыртығын жамайтыны, өз тарихын насихаттайтыны белгілі ғой.

Әне, орыс соғыстан бастап, тарихтағы барлық атаулы оқиғаларды ұрпағына дәріптеп, көгілдір экраны мен интернетіне шығарып отыр. Бізде ше?

6

«Алжир. Қармен жуылған қан» атты бес бөлімді телесериал Ұлттық арнадан бір жылт етті де жоқ болды. Қазір интернеттің іздеу функциясынан тіл ауыстырып, түрлі құйтырқылықпен сұрасаң да, бұл дүниені тауып бере алмай отыр.

Бүгінгі уақыт – оқырман мен көрерменнің талғамының, сұранысының деңгейі дамыған уақыт. Лента жағалап, сырғыған көрерменнің көз алдына көлденең тартпасаң, шедевр де шаң басып тасада қалмақ. Қайтпек керек?

Әлеуметтік желі, интернеттегі сайттар, видеохостингтер – тарихты да, мәдениетті де, әдебиетті де, бәрін-бәрін насихаттауға мүмкіндік беретін санаулы платформалар. Осынау дүниелерді жөнді пайдалана білсек, өскелең ұрпаққа білім, тарихқа құрмет, мұраға жауаптылық болар еді, бәлки?!

Дәуір тынысы, замана болмысы, ғұмыр ағысының бағыты – қадағалауды қажет ететін тіршілік, құбылыс. Тарихымызға, бабадан қалған мұраға иелік ету – парыз. Таспаға түскенді талқандай алмайсың. Бір ғана жол, бір ғана мүдде. Ақпараттық һәм технологиялық заманда тұтынушыны баурай білу шарт. Таспаланар тарихымыз телегей-теңіз. Бекем болмақ керек!

Әділет Мәдениет

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір