12 Тамыз, 2019 Аймақтар
Qamshy.kz ақпарат агенттігі аймақтағы жағдайды оқырмандарға толыққанды хабардар ету үшін әкімдермен сұхбат сериясын бастағаны мәлім. Көп күттірген жоқ. Бұл жолғы кезекті сауалымызға Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Құмар Іргебайұлы Ақсақалов жауап берді. Сонымен...
– Президент Тоқаев қазіргі уақытта әкімдерге ерекше талап қойды. Әкімдердің халыққа жақын болуын ескертті. Бюрократиядан арылу керек екенін айтты. Ал Сіз әкім ретінде халыққа қаншалықты жақынсыз?
– Әкімдердің, мемлекеттік органдардың ашықтығы, халыққа жақын болуы – қазіргі заманның талабы, біздің жұмысымыздың басым бағыты. Қазір облыста "Ашық бюджет" жобасы жүзеге асуда. Әкімшіліктің интернет сайтында азаматтар бюджеттің қалай жұмсалып жатқанын көріп, салық төлеушілердің ақшасы қайда бағытталатын бақылап отыра алады. Бар ақпарат тұрғындарға қолжетімді болады.
Айта кететін бір жайт, бүгінде интерактивті карта жасалуда, ол жерде құрылыс және жөндеу жұмыстарының орындалу барысын қадағалауға мүмкіндік туады.
Бізде жауынды және қарлы күндерде де жолдардың жөнделу фактілерін бақылауға алуға болады. Қазір әр адамда ұялы телефон бар. Егер осындай жайттар тіркелсе, оны түсіріп алу керек. Оған мемлекеттік орган тиісінше жауап береді.
Сондай-ақ қазіргі уақытта мемлекеттік органдар құжат айналымын электрондық жүйеге ауыстыруда. Мемлекеттік қызметтерді автоматтандыру – жемқорлық қатерін төмендетіп, азаматтардың өтініштерін шұғыл түрде қарастыруға мүмкіндік береді. "Қызылжар – адалдық алаңы" жобалық кеңсесі осының барлығын үйлестіріп, жүйелі жұмыс жүргізбек.
Облыста дәстүрлі ашық қоғамдық қабылдау өткізіп тұрамыз. Бұл шара басталғаннан бері 700-ден аса адам қабылданды. Өз басым жүздеген азаматтың мұң-мұқтажын тыңдап, ол шешімін тапты. Ашық қоғамдық қабылдау – халықпен кері байланыс жасаудың тиімді жолы. Біз азаматтарымыздың мәселелерін шешеміз, түсіндіру жұмыстарын жүргіземіз.
– Көп балалы аналардың, әлеуметтік жағынан аз қорғалған азаматтардың баспана мәселесі өңірде қалай шешіліп жатыр?
– Көпбалалы отбасылар, әлеуметтік аз қамтылған адамдарға көмек көрсету, олардың баспана мәселесін шешу жергілікті биліктің басты назарында.
Жалпы осы жылы облыс бойынша 2240 пәтерді қолданысқа беру жоспарланған, осының арқасында 126 көпбалалы отбасы өз баспаналарына қол жеткізеді, ал 205 пәтер әлеуметтік аз қамтылған адамдарға берілмек.
– Тоқаев халықпен тікелей байланысты күшейту үшін әлеуметтік желіні пайдалануды ұсынды. Бұл орайда сіз қаншалықты белсендісіз?
– Қазіргі таңда әлеуметтік желі өміріміздің ажырамас бөлігіне айналды. Әсіресе, Facebook жариялылық пен ашықтық саясатының нышаны іспетті. Атқарушы билік пен халық арасында көпір орнатқан таптырмас желі. Осының барлығын ескере отыра, мен Facebook әлеуметтік желісінде жеке парақшамды ашуды ұйғардым. Кейін инстаграм желісіне де тіркелдім. Жеке парақшаларымда Солтүстік Қазақстан облысының өміріндегі тың жаңалықтармен, өңіріміздің дамуына қатысты өз ойларыммен бөлісемін. Аймақтың дамуы мен тұрғындардың әл-ауқатын жақсартуға қатысты ұсыныстар мен ескертулерді қабылдаймын. Менің парақшам ашық диалог алаңы. Көп тұрғындар өз бұйымтайларын посттың астына жазып жатады. Біз мемлекеттік органдардың басшыларымен бірігіп, тез арада жауап беріп, мәселені шешуге тырысамыз.
– Жуырда Алматыда, Нұр-Сұлтанда, Арыста, Теңіз кенішінде және тағы басқа өңірлерде әлеуметтік теңсіздікке байланысты әртүрлі наразылық шеруі өткені белгілі. Ал Сіз өз аймағыңыздағы жағдайдан толық хабардарсыз ба? Мұндай жағдай Сіз басқарып отырған өңірде де қайталануы да мүмкін ғой...
– Сөзсіз, жергілікті тұрғындардың мәселелері бұқаралық ақпарат құралдарында, әлеуметтік желілерде, жиналыстарда көтеріледі. Дегенмен, олар жергілікті атқарушы органдармен бейбіт жолмен шешіледі. Біздің өңірде халықпен кері байланыс дұрыс жолға қойылған, ұдайы ашық есік күнін, жеке қабылдауларды өткіземіз, елдімекендерге, жұмыс орындарына барып, азаматтармен бетпе-бет кездесеміз. Облыс пен аудандарда қоғамдық кеңестер мен өзге де консультативтік органдар қызмет етеді, олардың құрамында азаматтық сектор өкілдері бар.
– Сіздіңше, қазіргі уақытта аймақ үшін басты проблема не? Оны шешудің жолы қандай?
– Облыстың ең негізгі проблемаларының бірі – еңбекақының төмендігі. Биыл Елбасының тапсырмасымен жалақыны өсіру бойынша жұмыс жүргізілді, Нәтижесінде 141 мың адамның еңбекақысы өсті, олардың ішінде 48 мың адам – бюджеттік сала қызметкерлері.
Халықты жұмыспен қамту және жаңа жұмыс орындарын ашу мақсатында 2019 бірінші жарты жылдығында 7600 жаңа жұмыс орны ашылып, 14900 адам жұмыспен қамтамасыз етілді. Болжам бойынша, жыл соңына дейін 12000 жаңа қызмет орындары пайда болмақ.
– Президент Тоқаев тамыз айында Ұлттық қоғамдық кеңестің алғашқы отырысы болатынын жария етті. Алматы қаласында да әкімнің жанынан құрылған арнайы қоғамдық кеңес бар. Мұнда негізінен тұрғындардың талап-тілегі айтылып, мұң-мұқтажы ескеріледі. Бұл орайда сіз басқарған әкімдік халықтың талабына қаншалықты құлақ асып отыр?
– Осындай қоғамдық кеңес біздің облыста да жұмыс істейді. Бұл кеңестің басты мақсаты – халықты толғандыратын өзекті мәселелерді көтеру, талқылау және шешімін табуға ықпал ету. Кеңес жұмысына қоғамның әртүрлі өкілдері қатысады.
Жыл басынан бастап 6 отырыс өтті. 56 нормативті құқықтық акті қаралып, мемлекеттік органдар басшыларының 9 есебі тыңдалды.
– Сіздің аймақтағы шетелдіктер басқаруға алған өндіріс орындары мен кәсіпорындағы отандық жұмысшылардың жағдайы қалай? Олардағы жалақы айырмашылығының бар екені Сізді алаңдатпай ма?
– Үстіміздегі жылғы 1 шілде күнгі жағдай бойынша облыстың 5 кәсіпорны шетелдік жұмыс күшін тартқан. Берілген рұқсат бойынша 8 шетелдік маман, оның ішінде алты 3 санатты ("Богатырскийпродукт" сауда үйі" ЖШС, "Агро Хим Сервис Плюс" ЖШС, "TinOneMining" АҚ, "Тайынша Май" ЖШС) маман және 1 санатты екі маман ("Даксин Қазақстан" ЖШС, "Тайынша Май" ЖШС) жұмыс істейді.
Соңғы жылдары менің атыма, осыған жауапты облыстық мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасына шетелдік жұмыс күшін тартқан кәсіпорын қызметкерлерінен еңбек заңнамасы мәселелері бойынша шағымдар мен өтініштер түскен жоқ.
– Ұлттық, мемлекеттік тақырып мәселесі өте өзекті, Бұл орайда республикалық деңгейдегі қазақ сайттары белсенді жұмыс істеуде. Осыған орай Сіз басқарған әкімшілік республикалық ауқымдағы қазақ сайттарымен қаншалықты маңызды байланыс жасап отыр?
– Облыс әкімшілігі еліміздің бірқатар республикалық интернет сайттарымен, басылымдармен, БАҚ-пен жұмыс жасайды. Олардың ішінде "Казинформ" халықаралық ақпарат агенттігі, "Закон.кз" агенттігі, Егемен Қазақстан, БАҚ.кз, сайттарында облыс туралы ақпарат жиі жарық көреді. Мысалға, 2018 жылдың тамыз айында біз "NationalGeographic Қазақстан" журналымен және шетелдің үздік фотографтарын жинап, "Солтүстік Қазақстан: ғажайыптар өлкесі" атты экспедиция ұйымдастырдық. Журналдың бір номері қазақ және ағылшын тілдерінде жарық көрді.
Жалпы халықтың әл-ауқатын көтеру бағытында алдағы уақытта жұмыстар жалғаса береді.
– Сұхбатыңызға рахмет!
Әңгімелескен Маржан Сәбет
Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.
Ұсынылғандар
Пікір қалдыру
пікір