21 Тамыз, 2019 Әлеумет
Қазақ елі алдағы бес жылда мигранттарға әбден тәуелді, сырттан келген жұмыс күшіне кіріптар мемлекет атануы мүмкін. Бұған қоса, елдегі «екі қолға бір күрек іздеген» жастарымыздың да сырт елдерге нәпақа іздеп кету үрдісі жиілейді. Себебі қазірдің өзінде елде жұмыссыздардың шынайы дерегі ресми деректе көрсетілгеннен екі есе жоғары. «Нақ қазір елімізде екі адамның біреуі жұмыссыз екені есептеліп отыр.
Бұл бір жұмысшыға, бір жұмыссыздың барын айғақтаса, бес-алты жылда жұмыссыздықпен күрестің бағытын өзгертпесек, үш адамның екеуі жұмыссыз қалып яғни халықтың үштен екісі жұмыссыздық синдромына ұшырауы мүмкін» дейді мамандар. Сондықтан "Барометр" талдау орталығының мамандарының пайымдауынша, болашақта қазақты нәпақасыз қалдырмауымыз үшін мемлекеттік маңызды шешімдер қабылдануы керек. Ал ол қандай шешімдер болуы қажет? Мәселені шешудің тетігін алдымен қай саладан бастағанымыз жөн? Енді осыны сарапталық.
Алдымен денсаулықты түзеу керек
Болашақта біз жұмыссыздық феноменінен шығар жолды айшықтаймыз десек, алдымен денсаулығымызды түзегеніміз абзал. Бұған қатысты деректерді келтірсек, мәселен, елімізде 2015 жылдан бері денсаулық саласына бөлінген қаржы 10 есеге өскен. Бірақ Қазақстан әлем бойынша дімкәс елдердің алдыңғы сапын әлі де құрап тұр. Ал ТМД елдері бойынша, қатерлі ісік, қант диабеті, жүрек ауруы тәрізді дерттерді ауыздықтауда дертті емдеп жазуда Ресей, Беларусь, Украина, Қырғызстан бізден оқ бойы озып тұр.Мұндай деректерді алға тартқан сарапшыларымыз дертті халықтың жұмысқа қабілетсіздігі де басым болатынын ұмытпауды баса айтып отыр.
«Денсаулық саласына қатысты жағымсыз жайттарды екшелеп, сол мәселені шешіп алмай, халықтың жұмысқа қабілетін арттыра алмасымыз анық. Осы салаға бөлініп жатқан қаржы жыл сайын өсім беріп отырады. Демек, халықтың денсаулығына салынған қаржы өзін-өзі ақтауы тиіс. Егер біз алдымен денсаулықты түзеуден бастамасақ, халықтың өсімі жайлы да ауыз аша алмай қаламыз. Соңғы жылдары елімізде демографиялық көрсеткіш анағұрлым өсім бермей отыр. Бұл күні ертең өсім болмаса, еңбекке қабілетті адамдардың да қартая беретінін көрсетеді. Қазірде бейресми деректер елдегі жұмыссыздық санының көрсетіліп жүрген деректерден екі есе жоғары екенін айқындайды. Болашақта бұған қатысты салмақты шешімдер қабылдануы керек. Халыққа қызмет көрсететін медициналық мекемелердің қызметінің сапасы артуы қажет. Әлеуметтік қызмет түрлерін жетілдіргеніміз жөн. Өзіңіз білесіз, біздегі нақ осы салалардың жұмысы ақсап жатқаны белгілі. Ендеше, алдымен халыққа әлеуметтік қызмет көрсету саласының жүйесін жетілдірген абзал,-дейді, «Барометр» орталығының сарапшысы Арман Мусин.
Кәсіби жұмысшылар қайда?
Бұдан соң мамандардың байыптауынша, елде ұлттық кәсіби жұмысшы табын қалыптастыруға күш салған жөн.Мысалы, бізде қазір гастарбайтерлерге қатысты «арзан жұмыс күші» деген ұғым бар. Осыған байланысты болар, елге енетін мигранттардың саны күн санап өсіп отыр. Мамандар осы гастарбайтерлердің жұмысына қатысты «жұмыстары арзан болса, олар несіне біздің елді жағалайды? Олардың дені құрылыста жүретіндіктен, істейтін жұмыстарының құны да қомақты» деседі.Жалпы, бұған қатысты деректерге жүгінсек, 2010 жылы біздің елімізді 800 мыңға тарта мигрантты қабылдап алғаны үшін халықаралық көші-қон ұйымы әлемдегі «мигрантқа мейірім танытқан» елдердің алдыңғы сапына қосып жібергені белгілі. Ал сырттан ағылған жұмыс күшінің дүмпуі осындай болғанда біз қалайша ұлттық кәсіби жұмысшы күшін қалыптастыра аламыз?
Бұл ретте экономист-ғалым Атамұрат Шәменов:
« Қазір бізде қарапайым ғана құрылыс мамандары тапшы. Кәсіби құрылысшы, дәнекерлеуші, сылақшы дегендер мүлде жоқ десе де болады. Біздің қазақ үй салдырса, отандық жұмыс күшіне жүгінбейді. Бірден Өзбекстан жұмысшыларына қолқа салады. Сонда қазақтың құрылысын қашанғы өзбек салуы керек? Бір ескеретіні, сол өзбек ағайындарға үй салдыртқың келіп, арзан баға ұсынсаң да дереу келісім береді. Өйткені олар құрылыс материалдарын үнемдеп, сапасыз қызмет көрсетіп, қажет болса, үйге қажетті деп алынған құрылыс материалының 80 пайызын сатып жіберіп, бір көргенге жап-жақсы баспана тұрғызып береді. Ірі құрылыс орындарында да жүрген сол оқымаған, білімі жоқ құрылысшылар. Осыдан барып салынған құрылыс қайдан сапасыз болмайды? Қайдан сапа болады? Ал аңқау қазақ құрылысының тез біткеніне қуанып, артынан сапасыз құрылысты қайта жөндеп, екі-үш есеге шығындалып жатады. Сырттан келген жұмыс күшінің мақсаты – сапалы қызмет көрсету емес, қалтаңызды қақшу. Бізге осыны ескеретін кез жетті. Олардың елімізге келіп тауып жатқан табысы қомақты. Сондықтан заңды қатайту керек. Қолданыстағы заңды қатайтпасақ, мигранттардан тазара алмаймыз. Негізінде, қазақты жұмыссыздықтан алып шығудың ең төте жолы – кәсіби-техникалық ұлттық жұмыс күшін пайдалану. Ол үшін бұрынғы кәсіптік-техникалық училищелерде жастарды оқытуды қолға алып, қазаққа орта кәсіпті меңгертуге мемлекеттік тұрғыда күш салынуы керек»,- деді.
Қазақты «жалқау халық» дегенмен келісуге болмайды
Негізінде, жұмыссыздық туралы сөз еткенде, қайсыбір қауымның «қазақтың өзі жалқау, халық өзі тырбанып еңбек еткісі келмейді. Халық нарыққа бейімделе алмай отыр» дескен пікірлерді өрбітеді. Дегенмен «бұл жерде халықтың алдындағы мемлекеттің борышы ұмыт қалмауы керек» деседі мамандар.
«Біздің елімізде халықтың өмір сүретін аймақтары қолайлы және қолайсыз аймақтар болып бөлінеді. Оның бірі егіні бітік, сулы-нулы жерлер болса, енді бір аймақ – қуарған, шөл және шөлейт жерлер. Ол жерлер – жатқан бір қу дала. Осы аймақтарда халық тұрып жатыр. Сол халықтың ішерге суы жоқ, малының жейтін азығы жоқ, азығы өз алдына, малдың басын көбейтейін десе, оны өрістетіп жаятын жайылымы жоқ. Міне, жағдай қандай! АҚШ-та, Канадада, басқаны қойғанда, «бізден дамуы артта қалды, ғылымы жетілмеді» деп, біз мұрын шүйіріп, менсінбейтін Оңтүстік Африкада құнарсыз, суы тапшы, нәрсіз жерлерде тұратын жандарға жалақысына қоса, үстеме төлемақы төленіп тұрады. Бұл үрдіс жағдайы төмен деңгейдегі Үндістанның өзінде жүзеге асып отыр. Бұл – бізге сабақ болатын дүние. Қазір қазаққа қойылатын басты айыптардың бірі – қазақты «жалқау халық» дейді. Мұнымен келісуге болмайды. Өмір сүруіне қолайсыз аймақта тұрып жатқан халықты жалқау деуге болмайды. Құзырлы орындар бұл мәселені мықтап ойланып, халықтың алдындағы борышын ұмытпауы керек. Ішкі миграция мәселесін оңтайлы ойластырып, шөл және шөлейт аймақта тұратын, қолайсыз ауылдарды мекен еткен халыққа жұмыс істейтін орындар, өндірістер ашылуы керек. Болашақта халықты болашағы бар елді мекендерге ауыстыру ісін жеделдеткен жөн. Олай етпесек, 5-6 жылдан соң, шынымен де, бұқараның жұмыссыз қалуы үдейді. Мемлекеттің нақ қазір алаңдауы тиіс дүниесі осы болуы керек»,-дейді Атамұарт Шәменов.
Міне, осылайша, қазір жеріміздің 67 пайызы – шөл және шөлейтті аймақтар. Бұларды ғылым тілінде «адамның күн көрісіне мейлінше қолайсыз аймақтар» дейді. «Өнеркәсіп дамытпақ түгіл, ол аудандарда күн көру – тауқымет» деп есептейтінін алға тартқан мамандар, келешекте атқарушы биліктің бас ауыртар мәселесінің бірі – осы ішкі миграцияны да жүйелеу екенін баса айтуда.
Авторы: Қарлығаш Зарыққанқызы
Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.
Пікір қалдыру
пікір