29 Қазан, 2019 Барлық аймақтар
Мемлекеттік «Еңбек» бағдарламасы»: еңбек етуге құлшыныс күрт артты
Абай атамыз «Еңбек етсең, ерінбей, тояды қарның тіленбей» деп бекер айтқан жоқ
Дәл қазіргі уақытта Қазақстанның еңбек нарығында жағдай тұрақты. Жұмыссыздар саны барған сайын азайып келеді. Бұл қуанарлық жағдай. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі көп балалы аналарға қатысты және атаулы әлеуметтік көмекке байланысты ақпаратпен халықты жеткілікті түсіндіруде. Атап өтетін бір жағдай, дәл қазіргі жағдайла осы атаулы көмекті түсіндіру аса маңызды болып тұр. Мемлекет халықтың, әсіресе әлеуметтік жағынан аз қорғалған топты және көп балалы аналардың жағдайын көтеруге барынша ұмтылуда.
Жалпы мемлекет қашан да халықтың жағында. Ата Заңымыз Конституциямызда әлеуметтік мемлекетті құрудың принциптері, сондай-ақ құқықтары атап көрсетілгенін айта кеткен жөн. 2010-2020 жылдарға арналған құқықтық саясат тұжырымдамасында да «халықты жұмыспен қамтамасыз ету мен әлеуметтік қорғау» қажеттілігі атап көрсетілген. Онда «нарықтық экономика жағдайында еңбек нарығының және халықтың жұмыспен қамту проблемаларының болуы еңбектің құқықтық қатынастарының өзекті мәселесі болып табылады. Осыған байланысты еңбек заңнамасын жүйелі талдау негізінде оның қолданылу практикасын жүйелі талдау әрі осы саладағы халықаралық тәжірибені ескеру қажет» деп атап көрсетілген.
Демек, мемлекет немесе қазіргі уақытта үкімет жұмыссыздықты азайту мақсатында жүйелі жұмыс істеуге көшті. Жұмыссыздықты азайтып қана қоймай, сонымен қатар, мемлекеттік тұрғыда бағдарлама дайындады. Ол «Еңбек» бағдарламасы деп аталады. Ал оның тиімділігі мынада: бұл жұмыс істеуге мүмкіндігі бар азаматтарды тартып, нәтижелі түрде жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту болып табылады.
Ал аталған бағдарламаның тиімділігі қандай? Мемлекет жұмыс істеуге ықыласты адамдарды осы аталған бағдарлама арқылы жұмысқа орналастырады. Ал «кәсіп көзін ашамын» деген азаматтарға мемлекеттік қазынадан арнайы грант бөледі. Тіпті «бизнесін кеңейтемін» деген жандар болса, алдымен «Бастау бизнес» бағдарламасы арқылы қысқа мерзімдік курста оқытады, тіпті бизнес жоспарын жасауға көмектеседі. Сөйтіп, грант немесе микронесиелер алып береді. Қазіргі уақытта «Еңбек» бағдарламасына қатысып, тұрақты жұмысын тауып, бала-шағасын асырап отырған қазақстандықтар өте көп. «Еңбек» бағдарламасы 2017-2021 жылдарды қамтитынын айта кеткен жөн.
Халық бұл бағдарламаға сенеді, Сондықтан да аталған бағдарлама арқылы жұмысқа орналасушылардың саны артты. Оның ішінде тұрақты жұмысын тауып, тіршілігін жалғастырып жатқандар өте көп.
Жалпы «Еңбек» бағдарламасының қандай мүмкіндіктері бар?
- Аталған бағдарламаға қатысушылар қысқа мерзімдік курстан өтеді. Қатысуға келген адам қандай кәсіпті таңдайды, соған байланысты мамандар оларды оқытып, арнайы сертификат береді.
- Бұл елімізде жаппай кәсіпкерлікті дамытуға арналған бағдарлама. Өйткені кәсіп ашайын десе, істің көзін таппай жүрген адамдар жеткілікті. Қысқа мерзімдік курс барысында мамандар тірлік еткісі келген адамға жол көрсетеді, бағдар бере алады, оларға жол сілтейді.
- Бұл халық үшін жасалынып отырған, мемлекет жүзеге асырып отырған арнайы бағдарлама. Мұндағы мақсат не? Халықты жұмыспен қамту және еңбек нарығын дамыту екені сөзсіз.
Ал аталған «Еңбек» бағдарламасына кімдер қатыса алады?
Біріншіден, 29 жасқа дейінгі жастар;
Екіншіден, Жұмыссыздар;
Үшіншіден, өзін-өзі жұмыспен қамтып, тұрақты іспен айналысқысы келетін азаматтар..
Ең бір қуанарлық жағдай, еліміздегі мүгедек жандар да қазір бұл бағдарламаның жемісін көруде. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметі ұсынған деректерге назар аударар болсақ, бүгінгі таңда «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы мүмкіндігі шектеулі жандарға да тиімді болып отыр. Дерекке жүгінсек, елімізде 9,6 мың адам жұмысқа орналастырылған. Оның ішінде 3,9 мыңы тұрақты жұмыс орнын тапқан. Бұл мүмкіндігі шектеулі жандар екенін айта кетейік. 2019 жылы да мүмкіндігі шектеулі жандардың «Еңбек» бағдарламасына құлшынысы артқан. Өйткені ол соңғы екі-үш жылдан бері тиімді жұмыс істеп келе жатқан бағдарлама. Дәл қазіргі уақытта Қазақстанда 690 мыңдай мүгедектігі бар адамдардың барын ескерсек, бұл бағдарламаның оларға берері көп.
Біріншіден, «Еңбек» бағдарламасы мүмкіндігі шектеулі адамдардың өмір сүру сапасын жақсартады.
Екіншіден, мүгедектігі бар азаматтардың еңбек нарығында құқы қорғалады.
Үшіншіден, олар мүмкіндігі шектеулі болса да басқа адамдарды жұмысқа тартады, сөйтіп, тұрақты жұмысқа орналастырады.
Демек бұдан шығатын қорытынды не? Азаматтарды неғұрлым жұмысқа көбірек тарту және азаматтардың өзін -өзі асырауға мүмкіндік беру.
Расы керек, әлі де болса мемлекетке масыл болып отырған жандар кездесіп қалады. Мемлекеттің «Еңбек» және «Бизнес бастау» бағдарламасы жастардың, жалпы халықтың көкірек көзін ашады. Бүгінгідей еңбек нарығы күрделенген тұста екі қолды бос қойып, үйде бос отыруға болмайды. Сондықтан халықтың күйін күйттеген осындай бағдарламалар өте керек. Аталған бағдарламалар арқылы да жұмыс көзін табуға болады. Ал жаңадан ашылған өндіріс орындары да халыққа жұмыс тауып беріп отыр. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметі берген мәліметке сенсек, 1 қазанға дейін республика бойынша жаңадан 332 мың жұмыс орны ашылған.. Оның 146 мыңнан астамы ауылдық жерде болып отыр. Әрине, бұл көрсеткіш жылдың аяғына дейін тіпті жақсара түсетіне сөзсіз.
2010-2020 жылдарға арналған құқықтық саясат тұжырымдамасында да «нарықтық экономика жағдайында еңбек нарығының және халықтың жұмыспен қамту проблемаларының болуы еңбектің құқықтық қатынастарының өзекті мәселесі» екендігі атап көрсетілген. Осыған байланысты министрліктің еңбек инспекторлары жалақылық қарызын алмаған жұмысшылардың құқын үнемі қорғап отырады. Олардың проблемасын ешқашан назардан тыс қалдырған емес. Бір ғана мысал, инспекторлар 2019 жылы 36 мыңнан астам жұмыскердің құқығын қорғаған. Сөйтіп, олардың 5,6 миллиард теңге жалақылық қарызы қайтарылып берілген. Жұмысшылардың жалақысын уақытында төлемеген кәсіпорынның басшыларына 123,3 миллион теңге айыппұл салынған. Олар жалақысын уақытысында төлемеген 1594 кәсіпорынның басшылары болып шықты. Демек, ең басты нәрсе, қазіргі уақытта еңбек нарығында халыққа жұмыс тауып беру мен жұмыс істеп жүрген жұмысшылардың құқын қорғау ең басты мәселе. Мұны прокуратура өкілдерімен бірігіп, Еңбек және халықты әлеуметтік жағынан қорғау министрлігінің мамандары үнемі назардан тыс қалдырмай отыр. Бұл өте қуанышты жайт екенін айта кеткен дұрыс.
Абай атамыз «Еңбек етсең, ерінбей, тояды қарның тіленбей» деп бекер айтқан жоқ. Еңбек ер атандырады. Еңбек етіп, халқына танымал болып, өзін өзі асырап, тіпті бүкіл ауылдың экономикасын көтеріп отырған кәсіпкерлер бүгінгі таңда аз емес. Сондықтан кәсіп көзін ашуға мүмкіндік беретін осындай мемлекеттік бағдарламаларды оқып, үйреніп, оны өмірде, кәсіпте пайдалану керек деп ойлаймыз.
Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.
Пікір қалдыру
пікір