37 жастағы Бағашар Мәлікұлы 2017 жылы қаңтарда Қытайдың Шыңжаң өлкесінен Қазақстанға қашып келгенін айтты. Ол желтоқсанның 19-ы күні Алматы облысы көші-қон полициясына босқын мәртебесін сұрап, арыз жазған. Көші-қон полициясының өкілі Ерлан Райымбеков Азаттыққа Бағашар Мәлікұлының арызы қабылданғанын, 15 күннің ішінде жауап беретіндерін айтты.
Бағашардың сөзінше, ол 2015 жылы Қытайдың Шыңжаң өлкесі Моңғолкүре ауданынан Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданына қоныс аударған. Осы елде "Оралман куәлігі" мен Қазақстанда уақытша тұруға ықтияр хат алған. Бағашар үш баласының екеуі Қазақстанда дүниеге келгенін айтады. Үлкені 11 жаста. Кенжесі - екі айлық сәби.
Шыңжаң қазағының айтуынша, ол 2016 жылы қараша айында Қытайда қалған әке-шешесіне бару үшін "Қорғас" кеден бекетінен өткен, сол кезде Қытай полициясы ұстап, "құжаттарын алып қойған".
- Өзім туып-өскен ауылға жеткен соң полицейлер он күн бойы тергеуге алып, Қытайға не үшін келгенімді, Қазақстанда кімдерді білетінімді сұрады. Кейін кенже інімді кепілдікке қойып, босатты. Екі ай өткеннен кейін құжаттарымды сұрап бардым. Олар құжатымның берілмейтінін айтып, "егер жиі келе берсең сотталасың" деп қорқытты. Сол күндері Қазақстанда қалған үй-ішіммен сөйлескен едім. Әйелім "үй суық, отын жоқ, жағдайымыз өте нашар" деді. Шынымды айтсам, Қытайға әке-шешемнен ақша сұрауға барған болатынмын, - дейді ол.
Бағашар "2016 жылы Шыңжаңда ұйғырлар мен қазақтарға қысым көрсетіле бастаған еді" деп еске алады. Ол өзі тұрып жатқан ауылдан екі айда он шақты адамды ұстап әкеткеніне куә болғанын, лагерьге қамаламын ба деген қауіппен кейін "Қазақстанға қашу жолын іздей бастағанын" айтады.
"ЕКІ КҮНІ ДАЛАҒА ҚОНЫП, НАРЫНҚОЛҒА ЖЕТТІМ"
Бағашардың сөзінше, 2017 жылы қаңтар айының 17-сі күні Моңғолкүре ауданынан Қазақстанға қарай жаяу шыққан.
- Далаға екі қонып, үшінші күні Нарынқол ауданына жеттім. Күндіз демалып, түнде жүріп отырдым. Демалған кезде ұйықтамауға тырысып, қарағайды тепкілеп, аяқ-қолымды жылытамын. Шыққанда екі бөтелке су мен екі нан алған едім. Бірақ ауылдан көп ұзамай жатып суым мұз болып қатып қалды. Нан да тастай болды. Қармен қарнымды жұбатып отырдым, - дейді ол.
"Жолда өкпесіне суық тигізіп, қол-аяғын жартылай үсітіп алғанын" айтқан Бағашар "Қытайдан келген соң үйден шыға алмай үш ай емделіп жаттым" дейді. Жазылғаннан кейін де "елдің көзіне түсуге қорыққанын" айтады.
Бағашар қазақ-қытай шекарасын заңсыз кесіп өтіп, сотқа тартылып, кейін Швецияға кеткен Сайрагүл Сауытбайдың ісін "жіті қадағалаған". Ол Қазақстанның Сауытбайға босқын мәртебесін бермей қойғанынан секем алғанын айтады.
Бағашардың сөзінше, 2019 жылы қарашада белгісіз адамдар қоңырау шалып, әкімдікке шақырған. Айтуынша, содан кейін ол Қытай қазақтары мәселесімен айналысып жүрген "Атажұрт еріктілері" ұйымының Алматыдағы кеңсесіне барып, көмек сұраған.
- Кейін ҰҚК Шекара қызметінің өкілдері Алматы облысы Талғар ауданында ұстап тергеді. Желтоқсанның 12-сі күні Алматы облысы Нарынқол ауданына апарып, қазақ-қытай шекарасының арасында жүріп өткен жолымды видеоға түсірді. "Сот бола ма?" деп сұрап едім, "болуы да мүмкін, болмауы да мүмкін" деді. Сот болмаса, онда мені Қытайға депортациялап жібереді ғой деп қорықтым. Сол себептен ақпарат құралдарына хабарласуды ұйғардым, - дейді ол.
ҰҚК Шекара қызметі Бағашар Мәлікұлы айтқан тергеу жайлы ресми хабар таратқан жоқ.
Бағашар Мәлікұлы отбасымен қазір Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданына қарасты Қызылшарық ауылында үй жалдап тұрып жатыр. Сөзінше, әйелі мен балалары 2018 жылы Қазақстан азаматтығын алған, өзі құжатсыз жүр.
- Осы күнге дейін күніне екі мың теңгеге жалданып әртүрлі жұмыс істеп жүрмін, - дейді ол.
"ҚАЗАҚСТАН ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ЗАҢ ТАЛАБЫН ОРЫНДАУЫ КЕРЕК"
Құқық қорғаушы Айна Шорманбаева "Қазақстан Бағашар Мәлікұлының оқиғасын жай қалдырмайды" деп топшылайды.
- Оны қылмыстық жауапкершілікке міндетті түрде тартады, өйткені шекараны заңсыз бұзып өткен. Сонымен бірге, Қазақстан Пекинмен жасалған келісім бойынша, елде заңсыз жүрген Қытай азаматтарын кері қайтаруға міндетті. Бірақ ондай жағдайда оларға өлім қаупі бар немесе денсаулығына зиян келтіру, отбасынан ажырау қаупі бар. Ал халықаралық заңдар бойынша, адамға өлім қаупі төнсе, оны кері жібермеу керек. Қазақстан – халықаралық конвенцияларға қол қойған ел. Осы халықаралық заң Қазақстан мен Қытай арасындағы өзара келісімнен жоғары тұрады. Қазақстан оны қылмыстық жазаға тартса да, Қытайға қайтармауы керек. Сондықтан оған босқын мәртебесін сұраудан өзге еш шара қалмады, - дейді құқық қорғаушы.
Бұған дейін бірнеше этникалық қазақ "Шыңжаңдағы қысымнан қашып, шекара бұзғандарын" айтқан.
Қазақстан соты "Шыңжаңдағы қысымнан қашып, қазақ-қытай шекарасын бұзған" Сайрагүл Сауытбайды елде қалдырған, бірақ оған босқын мәртебесін беруден бас тартқан. Ол кейін Швециядан пана тапқан.
"Шекара бұзған" тағы бір Қытай қазағы Қайша Ақанның үстінен қозғалған іс бойынша қазір Алматы облысында сот өтіп жатыр.
Ал "Шыңжаңдағы қысымнан қашып, шекара бұздық" деген Қастер Мұсаханұлы мен мен Мұрагер Әлімұлының үстінен тергеу жүріп жатыр. Олар Шығыс Қазақстан облысында қамауда отыр.
Қытай Шыңжаңда лагерьлер ашып, оған ұйғырлар, қазақтар және басқа да мұсылмандарды қамап жатқаны жайлы ақпарат 2017 жылы тарай бастаған.
Пекин басында лагерьлердің барын жоққа шығарса, кейін оларды "терроризм мен экстремизммен күресетін және кәсіп үйрететін орталық" деп атаған. Былтыр БҰҰ "Шыңжаңдағы лагерьлерде бір миллионға жуық ұйғыр, қазақ және басқа да мұсылман отыр" деп мәлімдеген.
Биыл желтоқсанның 9-ы күні Пекинде Шыңжаң өлкесінің басшылары жиын өткізіп, аймақтағы "қайта тәрбиелеу орталығындағы" кей адамдар "оқуын аяқтағанын" айтып, халықаралық ұйымдардың "лагерьлерде 1-2 миллион ұйғыр, қазақ және мұсылмандар отыр" деген мәлімдемесін жоққа шығарды.
Қарашаның 24-і күні Журналистердің халықаралық зерттеу консорциумы (ICIJ) "Қытай билігіне тиесілі" құпия құжатты жариялаған. "Телеграмма" деп аталатын құжатта Пекиннің Шыңжаңдағы лагерьлерге қамалатын адамдарды анықтау жолы, саяси тәрбиелеу орталықтарының қалай басқарылатыны жазылған.
"Құпия" белгісі соғылған құжатта "Лагерьдегілер қашып кетпеуі тиіс. Сондықтан олардың әр қадамын тәулік бойы видеокамерамен бақылау керек. Оларды жататын жерде, сабақ өтетін сыныпта, тіпті түскі ас кезінде де бақылауда ұстау қажет. Қытай тілін меңгеру – басты талап" деп жазылған.
Қарашаның 16-сы күні америкалық New York Times басылымы Қытай билігіне тиесілі құжаттарды жариялаған. Онда мұсылмандар тұратын аудандарды ұдайы тексеру қажеттігі айтылады. Құжаттар арасында отбасы мен туыстары лагерьлерге қамалған, өздері шетелде және ішкі Қытайда оқитын студенттерге шенеуніктердің не деп жауап беру керегі де көрсетілген.
Қытай билігі бұл екі құжатты да "жалған" деп атады.
Пікір қалдыру
пікір