15 Ақпан, 2020 NEWS
inbusiness.kz
Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев Қордай ауданына жұмыс сапары барысында құқық қорғау органдары басшыларының қатысуымен төтенше жағдайларды жою жөніндегі аймақтық штаб отырысын өткізді. Бұл туралы облыс әкімінің баспасөз қызметі хабарлайды.
Облыстық штабтың мәліметінше, Қордай жанжалына 185 азамат жарақат алған, оның 34-і ауруханаға жатқызылды. Сондай-ақ 39 тұрғын үй, 20 сауда нысаны және 47 автокөлік өртенген.
– 7-13 ақпан аралығында 23 131 адам Қордай, Қарасу, Аухатта, Сортөбе өткізу пункттері арқылы Қырғыз Республикасына кетті, 21 261 адам кірді, – деп хабарлады әкімдік.
Қазіргі таңда ауылдарды тазарту жұмыстарына 250 адам мен 53 техника жұмылдырылды, 680 тонна құрылыс қалдықтары шығарылды. Сонымен қатар 55 дүкен, 3 дәріхана, 14 жанармай құю станциясы және басқа да 30 сауда нысаны бар.
Жоғалған құжаттарды қалпына келтіру үшін Сортоба ауылдық округі әкімдігінің ғимаратында орналасқан жылжымалы халыққа қызмет көрсету орталығы құрылды. 54 туу туралы куәлік, 48 жеке куәлік, балаларға арналған 1193 куәлік, 15 жылжымайтын мүлік құжаты, 8 неке куәлігі, 1 төлқұжат берілді. Ал, зардап шеккен 778 отбасына азық-түлік және қажетті тауарлар түрінде 57,2 тонна көлемінде гуманитарлық көмек көрсетілді.
Кездесу нәтижесінде облыс әкімі Бердібек Сапарбаев тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, бүлінген нысандарды, мүліктерді, құжаттарды қалпына келтіру және елді мекендердегі қалыпты өмірді қалпына келтіру жөнінде бірқатар тапсырмалар берді.
Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.
Пікір қалдыру
пікір