Ашық дереккөз
Шымкент маңындағы әскери бөлімнен қашқан Абылай Балғынбаев туралы оның туыс ағасы мәлімет берген. Бұл туралы tengrinews.kz хабарлады.
Нұрдәулет Балғынбайдың айтуынша, Абылай өз үйінің тұңғышы, соңынан ерген қарындасы және үш бауыры бар. Жауынгердің отбасы Шымкент қаласының маңындағы Қайнар ауылында тұрады.
– Бүгін таңертең оның ата-анасын Бадамның тәртіп сақшылары алып кетті. Олардан жауап алу үшін алып кеткен болуы керек. Абылайдың ата-анасы жұмыс істемейді, үй шаруасындағы адамдар. Сонымен қатар, оның құрылыста жұмыс істейтін тағы бір бауыры бар, – деді Нұрдәулет Балғынбаев.
Нұрдәулеттің сөзінше, Абылайдың арнаулы орта білімі бар. 2015 жылы Шымкенттегі Автотехникалық колледжді бітірген. Сондай-ақ ол Абылайдың Бадамдағы әскери бөлімде біраз жыл қызмет еткенін және оның адамдармен ешқашан жанжалға келмегенін айтты.
– Ол өте ашық-жарқын, жақсы жігіт. Ешкіммен қатты жанжалға келген емес. Соңғы рет онымен сөйлескенімде, реніш туралы әңгіме болған жоқ. Негізі өз проблемаларын менімен бөліскен емес. Біз айтарлықтай жиі сөйлесіп тұрмайтынбыз. Қазір ғаламторда ағам туралы әңгімелер тарап жатыр. Соңғы бір тәулік ішінде ол менімен байланысқа шыққан жоқ, – деді Нұрдәулет.
Сондай-ақ Абылайдың мінезі туралы оның сыныптасы да айтты.
– Иә, біз мектепте бірге оқыдық. Ол менің сыныптасым. Өте сабырлы, ешқашан төбелеске араласпаған, 4 пен 5-ке оқыған бала еді. Оның ешқандай өзгешелігі болған жоқ және әскери бөлімде қызмет етіп жүргенін естідім, – деді сыныптасы.
Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.
Пікір қалдыру
пікір