• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

22 Қараша, 00:38:50
Алматы
+12°

Түрмеде туған толғаулар

Қазақ елінен жырақта ғұмыр кешкен ақын­дар­дың шығармашылығы рухани­ бай­ қазы­на­мыз­дың бөлінбес бөлшегі болып саналады. Туып-өскен, тірлік еткен қоғамдық орта­сы­­ның сипаты әртүрлі болғанына қарамастан олар сөз өнері арқылы біздің әдебиетімізді барынша дамытты. Атамекенінен тысқары жерді жай­ла­ған алыстағы ағайынның орта­сын­да көркем сөзіміз өзгеше үрдіс­пен ілгерілегені рас. Елге де­ген­ сағыныш пен шексіз махаббат­ қан­дас­та­ры­мыз­дың ақындық өнеріне ерекше­ серпін бергені анық. Қазақтың қай­ма­ғы бұзыл­­маған шұрайлы тілін шека­ра­ның­ арғы бетіне алып өткен олар сол тілді бойтұмардай қас­тер­леп­ сақтады. Сол тілмен жыр кестелеп, өлең өрді. Сөй­тіп, жырақта түтін түтеткен қалың қазақ­тың арасынан айтулы ақын­дар көптеп шықты. Солардың ішін­дегі шоқтығы биік сөз жүй­рік­те­рі­нің бірі – Таңжарық Жолдыұлы.

Біздің елімізде Дулат Бабатайұлы, Шортанбай Қанайұлы, Мұрат Мөң­ке­ұлы, Шәкәрім Құдай­­бер­ді­ұлы және басқа ақындардың шығар­­ма­­ла­­­рын­­ жа­­рия­­лауға ұзақ уақыт тиым салын­ғаны баршаға белгілі. Олардың өлең-толғау­ла­рын «қапасқа қамалған қазына» деп ата­дық. Сондай-ақ, әдебиет тарихында жазған дүние­лері ғана емес, өздері де қапасқа қамалған ақындар бар. Егер ақынның жырлары ғана емес оның өзі де ұлт қазынасы десек, жаңағы тір­кесті Таңжарықтың тұлғасы мен тағдырына қатыс­ты қолдануға да болар еді. «Өмірге кел­­ге­­ніне биыл 110 жыл толғалы отыр­ған тума талант, қайсар қаламгер Таң­жа­рық шығар­маларының 80-90 пай­ы­зы түрмеде жазыл­ған. Ақын – өз шығармашылығымен өмір­­бая­­нын толық жазып кеткен адам», – дей­ді­ ақын өмірі туралы айтулы шығарма жаз­ған жазушы Тұрлыбек Мәмесейітов. Таң­жа­рық­тың­ ақындық тағдырының өзгеше екен­дігі осыдан-ақ көрінеді.

Таңжарықтың тар қапаста туған өлеңдері елге арнау, ұлтқа үндеу, жақсыларға сәлем жол­дау түрінде жазылды. Көбіне-көп оның жыр­ла­ры­ның бірқатары кәдімгі хат үлгісінде болып келеді. Ол түрменің тар бөл­ме­сінде қазақ жырының бесігін тер­бетті. Азабы көп абақтының өзін ұлт намысын қайрайтын ұлағатты сөздің ұстаханасына айналдырды. Қатал жүйе оның өзін қинағанымен өлеңін өлтіре алмады. Ақынға қорлық пен зорлық көр­сет­кен азап мекені оны ширықтырып, жүрегінен жыр саулатты. Түрмеде туған жыр­лар төрткүл дүниеге тарап жатты. Сөйтіп, сол кезе­ңі­нің сипатын дәл танытатын, өзгеше жағ­дай­да туған, мазмұны бөлек, рухы биік өлең нұс­қа­лары өмірге келді. Сондықтан, Тұрлыбек Мәме­сейітов мысалға келтіріп жүр­ген «түрме әде­биеті» деген ұғым­ды қаперге алып, бұл тақы­рыпты зерттей түсуге жол ашқан жөн болар.

Бүгінге дейін Таңжарық ақынның мұрасын елімен қауыштырып, ақын­дық­ тұл­ға­сын кеңі­нен­ танытуға Құр­манәлі Оспанұлы, Бұқара Тыш­қанбаев, Оразанбай Егеубай, Омар­ға­зы Айтан­ұлы, Қасымхан Уатханұлы, Ғалым Қана­пия­ұлы, Тілеужан Сақалов, Тұрлыбек Мәме­сейіт­ов, Дүкен Мәсімхан сияқты ақын-жазу­шы­­лар мен зерттеуші ғалымдар үлкен үлес қосты. Бірі әдебиеттануда, екін­ші­сі көркем әде­биет­те, үшіншісі кино өнерінде ақынның бол­мыс-бітімін жан-жақты тұлғалады. Сондай-ақ­ Жәди Шәкенұлы, Біләл Қуаныш, Ербол Ал­шын­­бай секілді қаламгерлер де бұл тақырыпқа бір­қа­тар мақалалар жазды.

Таңжарық шығармашылығын қазақ жұр­ты­на кеңінен таныстыруға әйгілі жазушы Сәбит Мұқанов ерекше еңбек сіңірді. Өткен ғасыр­дың­ елуінші жылдарының аяғында Қытай сапарынан оралған Сәбең халыққа шыңжаңдық Таңжарық ақын туралы тың мәлімет берді. Ол сол сапарында жанында еріп жүрген Бұқара Тышқанбаевтан жазып алған ақын өлең­де­рін оқырманға ұсынды. Жазу­шы сапарнама үлгі­сін­де жазылған «Алыптың адымдары» атты кіта­бын­да­ «Халық бостандығы үшін күрес­кен адамдардан қолына түскен кісіге Шэн­ Ши-цай бандаларының қандай азап көр­сет­кеніне Шыңжаң ақыны Таңжарық Жол­ды­ұлының төмендегі өлеңдері куә», – деп түйін­деп, ақын­ның ұзақ толғанысын мысалға кел­ті­реді. Ақын­ның мұрасына ғана емес, тағ­дыр-талайы­на, өмір тарихы­на­ жіті үңіледі. «Бұ­қа­ра­ның әйелі Сара – Таңжарықтың туған қызы екені есі­мізде. Ол бұдан тоғыз жыл бұрын опат бол­ған­ әке­сінің абақтыда жатқан ауыр халін де, одан құтылған қуа­ны­шын да есіне түсіргендей, жылап тұр­ды», – дейді С.Мұқанов.

Сәбең Таңжарық ақынның ғұмыр кешкен өлкесін аралап, жыр жам­по­зы туралы деректерге молынан қаны­ғады. Оның ақындық қуаты, азамат­тық­ тұлғасы, адами танымы жөнін­де өзіндік ой түйеді. Жыр жүйрігінің тағ­ды­ры­на да, туындыларына да баса көңіл ауда­ра­ды. Жазушының осы толғанысы кіта­бын­да былайша сипат­талады: «Бірер күн бай базар­ды­ да,­ Сайрам маңындағы қазақ пен қал­­мақ ауылдарын да аралап, қызық-қызметін көр­­ген­нен кейін, біз Құлжаға жүріп кеттік. Сай­рам­ды қор­ша­­ған таудың Құлжаға түсер асуын­ «Талқы» дейді екен. Өзі биіктен төмен­ге құлдырай түседі екен. Жол бере­тін жыра­ның аты – «Кең сай». Оның өн бойы қалың орман. Талқы асуының қыр арқасына түсер­де Бұқа­ра­ машинаны тоқтатты да маған:

– Егер рұқсат етсеңіз, Таң­жа­рық­тың Шэн Ши-цай азабынан құты­лып келе жатып, осы Талқы асуын көргенде жазған өлеңін оқып берейін, – деді. – Хұп, – дедім мен. Ол оқи жөнел­ді».

Ол заманда қазақтың ең көп оқы­ла­тын қаламгерінің бірі болған Сәбит Мұқановтың назарына ілінген Таң­жа­рық өлеңдері ел ішіне одан әрі тарала түсті.

Көз – қарауыл, қол – нөкер

Әуелі ауыл молдасынан хат танып, кейін Қытай мектебінде, Қазақстанда Кеген, Нарын­қол­ аудан­да­рында жеті жылдық мектепте оқы­ған Таң­жа­рық ақынның Абай Құнанбаев, Шәкәрім Құдайбердіұлы, Ыбырай Алтынс­а­рин,­ Міржақып Дулатов шығармашылығымен жақсы таныс болғаны туралы айтылып та,­ жазы­лып­ та жүр. Оның ақын ретінде қалып­­та­­суына әсіресе Абайдың ықпалы басымырақ болғаны өлең-жыр­ла­рынан айқын байқалады. Өлең өлкесінде кімді үлгі тұтып, не үшін қадір­ле­генін Таңжарықтың өзі де анық айтады («Сөздері басқа ақынның маған мәлім, Құрт салған шайдай іріп, былғанады. Бәрін де Абай сөзі басып түсер, Бір парша шеттен алып, қырнағаны»), сондай-ақ оның ұлы ақынға еліктегені жыр өріп, сөз саптауынан да сезілмей қалмайды («Сөзі бар басқалардың жыр­тық жамау, Жүректен әрең шығар тыр­на­ғаны»). Бұдан Абайдың белгілі жыр жүй­рік­терін сынға алған өлеңі Таңжарыққа үлгі бол­ғанын көреміз. Өз дәуірінің қайғысы мен қасіретін жүрегінен өткізген ақын Абайша толғанып, Абайша торығады. Таңжарықтың мұң­-зары елінің мұң-мұқтажымен толық үндес­тік табады:

Бауыры бүтін, басы аман, Жыламаған пенде жоқ. Ішім жалын өртенген, Қайғым қатты зертеңнен, Табылар шипа ем де жоқ.

Ақынның шығармаларынан сөз өнеріне деген­ талабы өте жоғары болғаны бай­қа­ла­ды. Ол сөзіне құлақ түретін алқалы топты­ қадір­лей­тінін («Айтуға дәмсіз сөз­ді­ қор­ға­на­мын, Болмаса тұрғаным жоқ бұлдағалы»), өлеңнің өткірлігі өзін де құлшындыратынын («Терең сөз таппаған соң шерім шықпай, Ашылмай жүрегімде кір қалады»), ел алдында әрдайым кішілік танытатынын («Сөзіммен қате болса,­ айып етпе, Шешеннен сөз, шеберден мін қалады») үнемі аңғартып отырады. Таңжарық поэзиясы кестелі тілімен, көр­кем­дік нәрімен ерек­ше­ленеді. Тың теңеу­лер,­ тосын тір­кес­тер, бедерлі баламалар, соны сурет­теу­лер ақын жырларын айшықтай түседі. Тұғырлы тіл мен мағыналы мазмұнның үйле­сім­ді­лігі жыр жүйрігінің беделін биіктетіп тұрады. «Тауы – алтын, тасы – күміс, ағашы – жез­,­ Сула­ры еркек қойдың сорпасындай» неме­­се «Өмірлік дос өзіңе еңбек етер, Аяқ – ат,­ көз­ – қарауыл, қолың – нөкер. Ми – орда, ой – планшы, бастаушы – ақыл, Сенімді сері­гің­ жоқ­ одан өтер» деген өлең тіркестері арқы­лы Таң­жа­рық тынымсыз ізденіп, тынбай ілгері­лей­ті­нін көрсетті. Соның арқасында өзін ар­дақ­ тұт­қан ел-жұртына өзгеше өлең өрімдері мен ой орамдарын үкілеп ұсынды:

Білетін сайтан тілін қайран жастық, Жын тілі – салған әнің, шерткен күйің. Осының бәріменен қош айтысып, Тапқанда ақылыңды сонда сүйін.

Таңжарық мұрасының назар ауда­руға тұрар­­лық тағы бір тұсы – оның замана тура­лы­­ ой­­-тол­ғам­дары. Ғабит Мүсіреповтің «Заман­ деген бір күнде орнап, сол күні-ақ бар­ маз­мұ­нын айқындап беретін базар емес, ұлы да ұзақ сұрыпталатын кезең. Оның ділін-ді­ні­нен бастап философиялық мазмұнын бір күнде ұғыну қиын», – деген тұжырымына сүйенсек, ақынның өз дәуірінің табиғатын дәл танытуы өмірлік тәжі­ри­бе­сі­мен және тағдыр-талайы­мен сабақ­та­сып жатқанын көреміз. Бүкіл ғұмы­рын ұлт мұраты үшін күрес­ке ар­на­­ған­ Таңжарықтың көр­ген­­ қиын­ды­ғы мен кешкен азабы оның замана сипаты туралы нақты түсінігін қалып­тас­тырды. Оның айналадағы дүние туралы ұстанымы («Дүние бір диірмен тұр­ған зырлап, Адамзат сол зауатқа кел­ген­ қонақ»), тір­ші­лік заңдылықтары тура­лы­ тұ­жы­ры­мы («Жүгірсең жазығында мүдірместен, Жатасың қиясында және құлап»), қуаныш мен қай­ғы­ның арасалмағы туралы көзқарасы («Біреулер сайрандаса тамашалап, Біреулер азап шегіп өтті жылап») берік орныққан. Ол өмірдің құбылыстарын өзінше зерлеп-зер­де­леп,­ өзгеше ой түйеді:

Куәші талай ғасыр өтті сырғып, Жылды жеп, айды асап, күнді турап. Адамзат ғасыр бойы қуғанымен, Жеткізбей келе жатыр дүние зырлап.

Баянсыз дүние, опасыз жалған сарыны Таңжарық өлеңдерінде сәт сайын ұшырасады. Тағдырдан көрген теперіші, өктем жүйеден көрген қорлығы мен зорлығы оған ұстараның жүзіндей аударылған дүниенің болмысын былайша кейіптетті: «Дүние алса сені уы­сы­ңа,­ Сияр ма аз несібең ыдысыңа». Ал оның «Аумалы, опасы жоқ – жалған дүние, Біз тұрмақ бұрын­ғыдан қалған дүние» тұжырымы со­нау­ жы­рау­лар дәуірінен тамыр­ тартып келе жатқан «Біз түгілі бұрын­ғыдан қалған қоныс» ұғы­мын еске салады.

Заманнан көңіл тарығып…

Таңжарық Жолдыұлы шығар­ма­шы­лы­ғында өзі өмір сүрген зама­на­ның бейнесі айқын көрініс тапты. Әрбір ақын бастан кешкен­ дәуірін өз қабылдауы бойынша­ түйсінеді. Оған тағдырының теперіштері мен өмірінің өткел­деріне орай баға береді. Шортанбай мен Әбубәкір секілді қиындық қыспағында қал­дыр­ған заманды ақырзаманға теңеу үрдісі Таң­жа­рық­та да ұшырасып қалады. Бірақ Таңжарық олар секілді діни байламдарды көп тиянақ ете бермейді, «заман ақыр» сөзін ауыр­т­палық, бейнет мағынасында қолданады:

Түскенде басқа сонда заман ақыр, Маңына жан жуымай, болып пақыр.

Нұрымға қалды түсіп ақыр заман, Баласынан айырылып болды жаман.

Қия жолға жақындап келе жатыр, Боран шықты болғандай заман ақыр.

Замананың зауалын қалың тұманға теңеу – қазақ ақындарының біра­зын­да бар үрдіс. Абай «Көк тұман – алдымдағы келер заман, Үмітті сәуле етіп көз көп қадалған» десе, Әбубәкір Кердері «Тұман басты заманды, Біз заманға не қылдық?» деп күйінеді. Замана­ дағ­да­рыс­қа түскен сәттегі «тұман» және «адасу» ұғым­дары Таңжарық поэзиясын да айшық­­тай­ды.­ Ол «Біздің күн – қара тұман, жыға-жылау, Ағызып екі көздің жасын бұлау», – деп ел қасі­ре­тін танытады, «Орнаған тұман бастағы, Тұра ма түнеп, көше ме?», – деп белгісіздік ахуа­лын ұқтырады. Таңжарықтың «Дүние әле­міне созамын қол, Адасқан мен бір ғаріп таба алмай жол. Торланып біздің басқа түсті тұман, Айықсын алдағы күн, тілегім сол», – деген толғамы Мәшһүр Жүсіптің «Ашылмай басы­мыз­дан тұман басты, Сол үшін жол таба ал­май­ жұрт адасты», – деген өлең жолдарымен үндеседі. Сондай-ақ, ақын жырларында замана бейнесі «аумалы заман» («Көз көріп есті­ген­ді келе жатыр, Аумалы заман екен кел­ген­ бұл­ бір»), «айбат заман» («Бір айбат келе жатқан заман еді, Тұрды да болып кетті үстін-асты»), «көбіктей көлбеңдеген заман» («Көбіктей су бетінде көлбеңдеген, Қалып тұр­ көңіл шіркін заманадан»), «көкірекке шер­ бай­ла­ған заман» («Көп заман көкірекке шер­ бай­ла­нып, Еріксіз елден алыс жерді айна­лып»), «тапшы заман» («Асылдың кім­ та­ны­мас нақ сыйлығын, Заманның көріп тұр­мыз­ тап­шы­лы­ғын), «келмеске кеткен заман» («Ол заман келмеске енді кетті деймін, Тоқтатып ақылға көн кепті деймін») тіркестері арқылы сипат­та­лады.

Таңжарық кейіптеген заман – қайғы-қасі­рет­тің («Заманнан көңіл тарығып, Қайғы мен күнім кеше ме?»), дағдарыс пен­ шара­сыз­дық­тың («Заманың қандай болды, қайран халқым, Жүректі кернеп алды сары­су жалқын») кезеңі. Қорлық пен қарсылық, кек пен көнбістік, төзім­ді­лік пен дәрменсіздік ақын жырларының өн бойынан анық аңғарылады. Таңжарықтың зары жеке бастың зары деңгейінен шығып, халықтық зарға ұласып кетеді: «Зарласам қан­ша егіліп, Кім есіркеп, кім ұғып, Кім естиді үнімді?!».

Қазақ поэзиясындағы зар заман ақын­да­ры­ның­ үлгісімен өткенді аяулы, кешегіні қадірлі етіп көрсету үрдісі Таңжарықта да бар. Өткен өмірін ойға алып, жер-су аттарын санамалап, сағы­нышпен жырлаған толғаулары Мұрат Мөң­ке­ұлының әйгілі «Сарыарқа» дастанын еске түсіреді. Қоныстың қайғысын бедерлеген Мұрат ақын мен елдің ахуалын зерделеген Таңжарық ақынның үндес толғауларынан үйлесімділік табылады. Зар заманның айтулы жыр­шы­сы: «Тайсойған, Орал бойы өскен жерім, Кіндігім, кірім жуып, кескен жерім. Құр­бы­мен жағаласып бірге жатып, Жарты құрт тату күнде жескен жерім», – деп терме­лет­се, Таңжарық ақын: «Ақ ирек, Қара шат пен пен қайран Қайнар, Балшығын шалпылда­тып кешкен жерім. Сары ағашты, Сары шоқы, Ескі қора, Кендірін аршып алып, ескен же­рім»,­ – деп­ тол­ға­нады. Мұрат: «Күз болса қонушы едік Қаракөлге, Ащылы екі жағы жай­лы­ жерге» деп өткенге ой жіберсе, Таңжарық: «Іздеп жүріп, кекілік, қырғауылды, Кетуші ек кейбіреуін ұрып алып», – деп өзінің жастық шағының сәулелі сәт­те­ріне үңіледі. Ақынның: «Одан да Күнес тіпті ары қалды, Қас, Текес,­ Қарабура, бәрі қалды», – деп қапа­ла­нуы да қоныстың құтсыздығын ойлап күйзеліске түс­кен­ зар замандық тұжы­рым­дарға жақын келеді. Мұның бәрі – халықтық жыр дәстүрінің, өлең үлгі­сі­нің біркелкілігінің және заманды сезіну ортақтығының көріністері.

Замананың зауалы көмескілеген тұлғаны іздеу («Өсірген сөйтіп бағып ана қайда? Қор­ға­ған бауырын­да пана қайда?»), оны өткеннің аяулы көрінісі деп бағалау («Жақсы екен сол заманым енді ойласам, Мұңаям, уа дариға-ай, елді ойласам. Қасірет, қалмас қайғы, таусылмас дерт, Көңілге кетпес болып келді ойласам») – Таңжарыққа тән бай­лам­-байыптамалар. Бұл – өзіндік ай­шы­ғымен дараланған ақынның пара­­сат­­ты поэзиясының қазақ тари­хы­мен тамыр­лас­ты­ғының, қазақ әде­бие­тінің ішкі даму үрдісімен тығыз байланыстылығының айқын көрінісі.

Ел болып есіңді жи, енді қазақ

Таңжарық шығармашылығында замана ыңғайында өсіп-жетілген дәуір адамының да бейнесі бар. Ақын елді жолға салуға тиіс серкелерден түңіледі («Дүние неше түрлі өзгеріп тұр, Бастаушың жалған, жала сөзге еріп тұр»), олардың жұртты қанап отырғанына налиды («Бұл күнде біз қайғыда, қулар аман, Халық­тың май қайнатқан төбесіне»), өз тағд­ы­ры­на күйінеді («Кез болды азат басым, мұн­дай­ халға, Еріксіз жетектеді ұқсап малға»), төңі­ре­гін­дегі сөз ұғатын ағайынға зарын айтып шағы­на­ды («Жалғанда біздей мұңлы адам бол­мас,­ Айырылып елден тірі байланған шер»).

Ақын өз ұлтының кемшілігін көріп жаны ашиды, оларды ағартушылық идеяны ұстанған қазақ ақындарының ой-тұжырымдарымен жігер­лен­ді­реді, Қазақтың намысын жырымен жаниды. Халқының рухын көте­руге ұмтылған Міржақыптың ұста­ны­мын еске салады («Жа­зыл­­ды­ Міржақыптан: «Оян, қазақ», Ескерді оны қашан ноян қазақ. Орнына оянғанның ұйқы салып, Қалдың ғой ши түбінде қоян қазақ»), Шәкәрімнің ұлтқа арналған ұлағатын ұқ­ты­руға тырысады («Таралды Шәкәрімнен «Қазақ айна», Қай қазақ оны оқып, алды пайда?»), Ыбырай Алтынсариннің оқу-білімге шақыр­ған өнегесін ойға түсіреді («Оқы деп Алтынсарин айтқанымен, Оқуды тастап қазақ ай­ран­ды алған»). Қазақты кейіп отырып сер­піл­ту, сынап­ отырып ширату жағынан Абай­мен­ са­бақ­та­сып жататын Таң­жа­рық келер күн­нен­ жақсылық күтеді. Торығуын тал­пы­ныс­қа, күй­зелісін ұмтылысқа жеңдіреді.

Бірі мен сол қазақтың жүрген азып, Құрғақтан су таба алмай құдық қазып. Түзеліп енді қазақ ел болар деп, Үмітпен асқар таудай кетем жазып.

Тығырықтан шығудың жолы сананы оя­тып,­ білімге жетелеуде деп білген Алаш ағар­ту­шы­ла­ры секілді Таңжарық та өз ұлтын бірлікке, ілге­рі­леуге шақырады. Оның бұл тура­сын­дағы «Таста да надандықты кел, қатарға, Ел бо­лып­­ есің­­ді жи, енді қазақ», – деген ой-тұжы­ры­­мы қазақ қоғамының дертін тамыршы­дай­­ тап басқан Ғұмар Қараштың «Ұйқы қан­ды, тұралық, Тұрып кеңес құралық», – де­ген­ ұл­ты­на арнаған ұла­ғатты ұранымен үн­дес­тік­ табады. Таңжарық шығармаларын жинап-бастырумен айналысқан Тілеужан Сақа­лов еңбектерінде де, ақын мұрасын ұлт-азат­тық­ бағ­дар­ аясында қарастырған Дүкен Мәсім­хан­ұлы­ның зерттеуінде де, еркіндікті аңсаудың, ел мүддесін қорғаудың мысалдары көптеп кел­ті­ріледі.

Қазақ әдебиетінің тұлғалы өкілі Таңжарық Жолдыұлының заман бейнесі, дәуір адамы туралы ой-тұжы­рым­дары өз тағдырымен де, ел тағды­ры­мен де берік сабақтасып жатыр. Оның өлең-жырларын өзге елде қоныс тепкен ағайынның көркем тілмен кестеленген шерлі шежіресі деп танығанымыз жөн.

Таңжарықтың тағдыры – тәуел­сіз­дік­ үшін тынбай күрескен тұғырлы тұлғаның тағдыры. Таңжарықтың тағдыры – ауыр азап, бітпес бейнет көрсе де қай­сар­лы­ғы­нан танбаған қазақ ақынының тағдыры. Таңжарықтың тағдыры – төске түссе де жан­шыл­май­тын, тезге түссе де­ сар­қыл­май­тын қасиет­ті қазақ жыры­ның тағдыры. Таңжарықтың тағдыры – мың өліп, мың тіріл­ген қазақтың өз тағдыры. Таңжарықтың тағдыры – өшпейтін өмірдің, өлмей­тін өлеңнің символы.

 "Астана ақшамы"

 

Bilal Quanysh

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір