11 Маусым, 2020 NEWS
Көрнекі сурет
Қазақстан ауыл шаруашылығы министрлігі соңғы күндері қоғамда кеңінен талқыға түскен "шошқа етін өндіруге субсидия беру" мәселесіне қатысты мән-жайды түсіндірді. Бұл туралы Ауыл шаруашылық министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Министрлік мәлімдемесінде соңғы жылдары Қазақстанда шошқа өсіруге бөлінетін субсидия мөлшері 2 есе азайғаны айтылған.
"Мемлекет әрқашан экономикалық тұрғыдан тиімді болу үшін көршілес елдердің сұранысына мән беріп, нарықтағы тұтынушы талабын ескереді.
Қазақстанда 2018 жылдан бастап шошқа етін өндіруді субсидиялау тоқтатылған. Бұл шошқа өндірісіне мемлекеттік қолдаудың жалпы көлемінің 2 есе азайғанын көрсетеді. Қазіргі уақытта салада тек екі субсидия бар: асылдандыру мен өсіруге кеткен шығындарды өтеу. Алайда өткен жылы бұл субсидияны тек бір шаруа қожалығы ғана пайдаланып, небары 6 бас мал алынды.
Салыстырмалы түрде, 1991 жылы Қазақстанда 2,9 миллион бас шошқа болған, ал 2018 жылы – 800 мың ғана. 2019 жылға қарай Қазақстандағы шошқа санының артуы, шошқа еті экспортының өсуіне әсер етті. Егер 2017 жылы Қазақстан шетелге 300 тоннаға жуық ет сатса, былтыр ол 800 тоннаға жетті. Осы кезең ішінде шошқа етінің ішкі тұтыну үлесі 8% төмендеді" делінген министрлік хабарламасында.
Бұған дейін "Qazaqstan" телеарнасының журналисі Мақсат Толықбай әлеуметтік желідегі парақшасында "мемлекет жылқы шаруашылығына тиесілі субсидияны шошқа шаруашылығына беріп, соның кесірінен жылқы шаруашылығы тұралап қалды" деген сарындағы видео үндеу жариялаған. Журналистің осы видеосы желіде шу тудырып, шошқа шаруашылығына көп мөлшерде субсидия бөлінгеніне қарсы адамдар көбейген еді. Бірақ Толықбай желіде жариялаған жазбасын кейін өшіріп тастады.
Ал ауыл шаруашылығы министрлігі асыл тұқымды жылқыларды сатып алуға, қымыз бен жылқы етін өндіруге субсидия түріндегі мемлекеттік қолдау 2011 жылдан бері бар екенін хабарлады.
Соның арқасында Қазақстанда бүгінгі таңда жылқы саны 2,9 млн басқа дейін өскен (жыл басындағы мәліметтер бойынша). Бұл 1991 жылғы жылқы санынан 1,7 есе, ал 2000 жылмен салыстырғанда 3 есе көп. Тиісінше, жылқы шаруашылығы мен бие сүтінің өндірісі дамып, асыл тұқымды жылқылардың саны артқан.
"Бүгінгі таңда мемлекет жылқы шаруашылығымен айналысатын отандық тауар өндірушілерге қолдау көрсетуді жалғастыруда. Атап айтқанда, олар үшін төмендегідей мүмкіндіктер қарастырылған:
- сатып алынған асыл тұқымды айғырлар үшін субсидиялау нормасы әр басқа 100 мың теңгеден;
- бие сүтін өндірушілер үшін әр литріне 60 теңгеден;
- асыл тұқымды жылқының аналық басын бағуға, жем-шөбіне жылына 20 мың теңгеден;
- жылқы шаруашылығын дамытуға арналған техникалар мен жем-шөп дайындайтын жабдықтарды сатып алғанда мемлекет 25 пайыздық өтеу үлесімен инвестициялық субсидия береді;
- несиелер мен лизинг бойынша пайыздық мөлшерлемелерді 10% субсидиялау.
Бұл қолдау шараларының барлығы жылқы фермалары мен салалық қауымдастықтардың ұсыныстары бойынша жасалған. Жалпы алғанда, 2019 жылы 4,7 мың жылқы фермалары мемлекеттік қолдау шараларымен қамтылды.
Сонымен қатар, жоғарыда аталған қолдау шараларына қосымша, жылқы өсірушілерге «жылқы сатып алуға» 10 жылға мерзімге дейін 6%-дық өсіммен жеңілдетілген несие беру қарастырылған. 2016 жылдан бері «Құлан» бағдарламасы жұмыс істеп келеді. 2018 жылы 12 мың бас мал сатып алуға 512 шаруашылық қаражат алды, былтыр 1440 шаруашылыққа 40 мыңнан астам жылқы сатып алуға жеңіл несие берілген. 2020 жылы қаржылық қолдау алушылардың саны едәуір артады деп күтілуде" делінген министрлік мәлімдемесінде.
Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.
Пікір қалдыру
пікір