16 Маусым, 2020 NEWS
Ашық дереккөз
«Nur Otan» партиясының Саяси менеджмент мектебі партияішілік праймериздің әлеуетті үміткерлеріне арналған алғашқы онлайн-семинарын өткізді. Елдегі жетекші саяси партияның Павлодар мен Қостанай облыстарындағы 300-ден астам мүшесі белгілі мемлекет қайраткері Ермұхамет Ертісбаев, Қоғамдық саясат институтының директоры Юлия Кучинская, коучер Жанель Сариева және журналист Ғазиза Райымбекпен бірге бейнеконференция байланысы арқылы өткен іс-шараға қатысты.
Партиялықтармен өткен вебинар барысында Ермұхамет Ертісбаев барлық уақытта да шындықты айту – депутат үшін ең маңызды қасиет екенін атап өтті. Оның пікірінше, халық қалаулысы өз сайлаушыларының өмірін жақсы жаққа қарай өзгерту үшін қолынан келгенінің бәрін істеуге тиіс. Бірақ халықпен тұрақты ашық байланыс орнатылмаса, жұмыс жемісті болмайды, деп есептейді спикер.
Сондай-ақ ол «Nur Otan» партиясындағы халық қалаулыларының барлық жерде шын мағынасындағы нағыз халықтың лидерлері бола біліп, ел үмітін ақтап, қалың бұқараны соңынан ертіп әкете алуы керек екеніне тоқталды.
– Қазір аймақтық лидерлердің уақыты туды, сіздердің әрқайсыңыз ауданның, қаланың, облыстың лидерлеріне айналып, адамдарды өз маңайларыңа топтастыра білулеріңіз керек. Бұл – жаңа саяси тренд, – деді Ермұхамет Ертісбаев.
Партияішілік іріктеуді өткізудің ережелері мен праймериздің механизмі туралы Қоғамдық саясат институтының директоры Юлия Кучинская әңгімелеп берді. Спикер праймериз өткізу кезеңіндегі үгіт-насихат жұмысына баса назар аударды. Өз кезегінде коучер Жанель Сариева жеке басының беделін қалыптастырудағы тәжірибесін айтып берсе, журналист Ғазиза Райымбек шешендік шеберліктің құпиясы туралы ойымен бөлісті.
Вебинарды ұйымдастырушылардың айтуынша, күнделікті тұрмыста пайдалануда дағды болып кеткен қалыпты шешімдер қазір жұмыс істемейді.
– Көпшіл тұлғаның қандай бейнесі сізді табысты саясаткер етеді, ал қайсысы ондай ете алмайды, бұл туралы сіздер біздің семинарымыздан біле аласыздар, – деді Саяси менеджмент мектебі директорының орынбасары Сәуле Бақтымбет.
Еске сала кетейік, Елбасы, «Nur Otan» партиясының лидері Нұрсұлтан Назарбаев биылғы 17 тамыздан 3 қазанға дейінгі аралықта праймериз өткізу туралы Қаулыға қол қойған болатын.
Праймериздің басты мақсаты – алдағы болатын Мәжіліс пен барлық деңгейдегі мәслихаттар сайлауына партиялық тізімдерді одан әрі қалыптастыру үшін бәсекелестік күрес негізінде жаңа лидерлерді анықтау.
Жаңа пішіндегі партияішілік іріктеуге әр партиялықтың қатысу мүмкіндігі қарастырылған. Саяси менеджмент мектебінің онлайн-семинарлары биылғы 7 тамызда аяқталады.
Белгілі саясаттанушылар, мемлекет және қоғам қайраткерлері, психологтар мен жаттықтырушылар вебинардың спикерлері болады, олардың ішінде Ермұхамет Ертісбаев, Айдос Сарым, Расул Жұмалы, Андрей Чеботарев, Саясат Нұрбек және басқалары бар.
Оқыту бағдарламасы төрт модулден тұрады: партияішілік іріктеу - праймеризді іске асырудың механизмі, праймериз өткізудің халықаралық тәжірибесі, биліктегі депутаттың рөлі мен орны, депутаттың бейнесі, имидж бен мінез-құлықтың тиімді моделін жасау және саяси риторика. Сонымен қатар интерактивті талқылау, топтарда практикалық жаттығулар мен шығармашылық тапсырмаларды орындау қарастырылған.
Сабақтар барлық тілек білдіруші партияластар үшін тегін жүргізіледі.
Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.
Ұсынылғандар
Пікір қалдыру
пікір