• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

22 Қараша, 05:30:11
Алматы
+12°

Лаура Лесбек – блогер, SMM маман. Оқырмандары оны "ақылды блогер" атап кеткен. Лаура 18 жасынан SMM саласында білім алған. Ол өз жұмысын 2 бизнес және 1 жеке парақша жүргізуден бастаған. Instagram парақшасында 400 оқырманы болса да 200 мың теңге табыс тапқан. 19 жастағы Лаура Лесбек Қамшы тілшісіне әлеуметтік желі арқылы қалай табыс тапқанын және блогер болуда алғашқы қадамды неден бастау керектігін айтты.

− SMM саласын таңдауыңызға не түрткі болды?

1-курсты бітіргеннен кейін жұмыс істеп, өз-өзімді қамтамасыз етемін деген ниетпен Алматыға келдім. Өзім секілді даму жолында жүрген жастардың ісінен шабыт алдым. Оқушы кезімде журналист болғым келген. Ақпаратты тез қабылдап, практикада қолданатынмын. Осы қабілетім маған көп көмектесті. Журналистикаға тікелей түспегеніммен, өзімді әлеуметтік желіде сынап жүрмін. Бұл сала маған қызық. Сондықтан SММ бойынша арнайы курс оқыдым.

− Бүгінде нақты немен айналысасыз?

Курсты бітіргеннен кейін бірден іске кірістім. Алғаш домбыра мектебінің, кейін хостелдің және жеке тұлғаның Instagram парақшаларын жүргіздім. Жүре келе, теориядан да маңызды көп дүниені түсіндім, қателерімді жөндедім. Бүгінде алған білімім мен тәжірибемді жинақтап, "Блогер болғым келеді" курсын өткізіп жүрмін. Осы уақытқа дейін барлығы 150-ден астам адам оқып шықты. Оның 10-нан астамы әлеуметтік желідегі парақшаларын белсенді түрде дамытып, өз жобаларын жасап жүр. Қатысушылардан көмегімді аямаймын, олардың жетістігімен мақтанамын. Курсымнан бөлек, "Жина-like" атты онлайн тұлғалық даму ортасын да құрдым.

Бүгінде SММ-ді, блогер болуды үйрететіндер көп. Әркімнің дәрежесі, деңгейі, ақпаратты бере алатын өз жолы бар. Мен өзіме қарсылас ретінде ешкімді көрмеймін. Өйткені бұл жолымды ешкім қайталамайды. Өнімімді, ақпаратымды ұрлап беруі мүмкін. Алайда дәл мен секілді ұсына алмайды.

Сондай-ақ "үйде отырып ақша табуды үйретемін" деп уәде бермеймін. Бұл – маркетологтың әлсіз әдісі. Өзімді сауатты маркетолог ретінде ұсынамын. Адамның үйде отырып ақша тапқанынан гөрі фрилансер болып, тұрған жеріне қарамастан табыс тапқанын қалаймын. Басты идея – осы.

Сіз қай блогерді үлгі тұтасыз және кімдерді оқисыз?

− "Ұстаздарым" деп ресейлік блогерлерді айтамын. Өйткені олар әлі Қазақстанға жетпеген жаңалықты жарыққа шығарады. Әр жобасында саннан гөрі сапаны, құндылықты жоғары қояды. Бұл нәрсе Қазақстанға, қазақша аудиторияға әлі жете қоймады. Блогтағы жаңалықты елге алғаш болып біз әкелеміз. Сол себепті көршілес елдің блогерлерінен үйренерім өте көп. Сондай-ақ маған рухани пайда әкелетін қазақстандық бірнеше блогер бар. Марғұлан Сейсембай ағамыз және Ұлықбек Шәріпов, Бейбіт Әлібеков сынды бизнес блогерлер ұнайды. Ал жас буыннан оқырман саны аз болса да сүйсініп оқитын блогер бар.

− Айлық табысыңыз қанша?

– Көп ақша табу үшін күні-түні жұмыс істеудің керегі жоқ деп үнемі айтамын. Тек баспен әрекет ету қажет. Бұл шынымен де солай. Дегенмен әркімнің қиындық шкаласы әртүрлі. Біреу моральды түрде, біреу физикалық түрде қиналуы мүмкін. Жалпы қандай ақша тапсаң, ол сенің әлемге беріп жатқан пайдаңның нәтижесі. Бұл тұста менің айтатыным, қай істің де қуанышы мен қиындығы қатар жүретінін ұмытпаған жөн. Адам ішкі мәселесін реттеп, түпкі мақсат пен нәтижені түсінсе, материалдық тұрғыда жетістікке жете алады.

Менің қазіргі айналысып жүргенім – рахат сезімін сыйлайтын жұмыс. Оны енді түсініп жатырмын. Сондықтан болар, аса шаршамаймын. Хоббиің сені бақытты ететін бизнеске айналады екен. Карантинде 1 айдың өзінде 500 000 теңгеден аса табыс таптым. Мен өз жолымды тапқаныма қуанамын.

− Парақшаны жүргізуде неге мән беру керек? Неден бастаған жөн?

− Мен өз блогымды қалай құрдым? Ең алдымен, өзім кімді көргім келді, соған мән бердім. Неге? Себебі телефонның ар жағынан болса да блогер ісін қандай ниетпен жасап жатқаны байқалып тұрады.

Менің оқырмандарым өте белсенді. Маған фидбэг (кері байланыс) алу, өзімнің көмектесіп жатқанымды түсіну – алға жылжуға әсер етеді. Оқырманның пікірі мен лүпіліне тәуелді болып қаласың деп айтып жатады. Алайда қазіргі кезде блогердің аудиториясымен қарым-қатынасы қандай болса, парақшаның белсенділігі де сондай. Пікір жазып, лүпіл баспайтын жанның өзі жекеме алғысын жазады. Бұл – менің еңбегімнің жайдан-жай емесінің дәлелі.

Кез келген адам блогер бола ала ма?

– Көбі 100 мың не 1 млн оқырманы бар жанды ғана блогер деп санайды. Мен үшін блогер – ең бірінші постын жазып бастаған адам. Өз басым блогерлерді ешқашан Instagram-дағы атағына, оқырман санына қарап бөлмеймін. Кімде-кім әлеммен өз қалауын бөлісе алса, сол блог жүргізеді. Ешқандай шектеу жоқ. Шектеу – сіздің ойыңызда.

Блог – адамның жан рахаты мен жүрек қалауы үшін жасалатын нәрсе. Мұны көп адам түсінсе екен деймін. 

SMM саласына қызығушылық танытып, блогер болғысы келіп жүргендерге не айтасыз?

– Блогты жаңа бастап жатқан блогерлерге айтарым: әркімнің өз жолы бар екенін түсініңіздер. Бір бағытта бірнеше адам болғанмен, әркімнің өмірдегі оқиғасы, қабілеті мен таланты бөлек. Бастапқыда еліктеуің немесе көшіруің мүмкін. Бірақ түпкі мақсатың, идея өзіңдікі болмаса, жасап жатқан ісің саған эмоциялық күйзеліс алып келеді. Шабытың сарқылады. Сол себепті блогер өзін адам ретінде танығанын қалаймын.

– Сұхбатыңызға рахмет!

Сұхбаттасқан Құндызай Әмірбекқызы

 

 

 

 

Құндызай Өтеген

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір