• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

28 Қараша, 05:38:40
Алматы
+12°
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстан коммунистік халық партиясы Ауған соғысы ардагерлерінің мәселесін көтеріп, «Ардагерлер туралы» заңға түзетулерді енгізуді ұсынбақ, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
 
Елордада Қазақстан коммунистік халық партиясы мен Қазақстанның интернационалист-жауынгерлерінің ардагерлер ұйымдары орталық кеңесінің жиыны өтті. ҚКХП ОК хатшысы, ҚР Парламентіндегі аталмыш партия фракциясының жетекшісі Айқын Қоңыров жиынның не үшін ұйымдастырылып отырғанын айтып берді.
 
«Елімізде «Ардагерлер туралы» заң қабылданды. Бүгінгі күні оған қол қойылып, құжат негізінде жұмыс басталып кетті. Алайда осы жылдың жазында біздің облыстық құрылымдарға интернационалист-жауынгерлер жүгініп, аталмыш заңға түзетулер енгізу туралы ұсыныстарын жеткізді. Талдау барысында Қазақстан коммунистік халық партиясы осы түзетулерді қолдау туралы шешім қабылдады. Тиісінше біз ардагерлердің әлеуметтік қорғалуын, баспанамен қамту, қосымша жәрдемақымен (ауған соғысы ардагерлерін) қолдау, түптеп келгенде мәртебесін айқындау бастамасын көтеруді жөн көрдік», - деді ол ҚКХП Нұр-Сұлтан қалалық комитетінің кеңсесінде өткен отырыста.
 
Ауған соғысы ардагерлері орталық кеңесінің мүшесі Қайрат Елубаевтың айтуынша «Ардагерлер туралы» заң бойынша ауған соғысының ардагерлері Үкіметпен бірге 2007 жылдан бері жұмыс жүргізіліп жатыр.
 
«2020 жылы заңды талқылау кезінде ауған соғысы ардагерлері ұйымдарының мүшелері шақырылмаған. Ол заңда біздің ұсыныстар қабылданбады. Сол себепті біздің орталық кеңестің шешімімен бұл заңды жетілдіру керек деп санаймыз. Жалпы ауған соғысы ардагерлерінің мәртебесін дұрыстап айқындау керек. Заңды талқылау кезінде ауған соғысының ардагерлері әлеуметтік желі болсын, видеоөтінім болсын өздерінің наразылықтарын айтып келе жатыр», - дейді ол.
 
Қайрат Елубаев ауған соғысына 22 мыңнан астам қазақстандық қатысқанын, соның бүгін де 16-17 мың адамы қалғанын айтады.
 
«18-20 жас аралығындағы жастар сол уақытта соғысқа барды. 30 жыл бойы бізге нақты «соғысқа қатысушы» деген мәртебе беруді сұрадық. Бірақ ұсыныстарымыз ескерілмей келеді. Халықтың, Президенттің және Парламенттің алдына осы мәселені қайта көтерейік деп жатырмыз», - дейді ол.


Барлық құқықтар қорғалған. inform.kz белсенді сілтемені пайдаланыңыз https://www.inform.kz/kz/kommunistik-partiya-augan-sogysy-ardagerlerinin-maselesin-koterdi_a3693020

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір