16 Қыркүйек, 2020 NEWS

Нұрлан Нығматулин: Әнді жанды дауыста айтқан дұрыс

Фото: qamshy.kz

Мәжілістің жалпы отырысында мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова музыкалық шығармаларды орындаушылар фонограмма қолданатынын көрерменге хабарлауға міндетті екенін атап айтты.

Министр концерт, ойын-сауық іс-шараларын өткізу кезінде туындайтын бірқатар проблемалар бар екенін атап өтті.

– Орындаушылар тарапынан концерттер өткізу кезінде әдепсіз мінез-құлық көрсету, сахнада мас күйінде өнер көрсету үрдісі , жоспарланған концерттерді бұзу, әдепсіз сөздері бар репертуар таңдау, көрермендерді хабардар етпей фонограмманы пайдалану фактілері болды. Осы орайда, Заң жобасы аясында орындаушылардың осындай мінез-құлық көрсетуіне жол бермеу үшін бірқатар міндеттемелерді енгізу арқылы осы мәселелерді реттеуге тырыстық. Олардың ішінде маңызды нормалардың бірі – музыкалық шығармаларды орындаушылардың фонограммаларды қолдануы туралы көрерменді хабарлауы. Фонограммаларды пайдалану тәртібі заңға тәуелді актіде айқындалатын болады. Барлық жарнамалық өнімдерде және кассалар жанында міндетті түрде фонограмманы пайдалану бойынша хабарлама беріледі. Бұл көрерменге фонограмманы пайдаланумен өтетін концертке билет сатып алу немесе одан бас тарту таңдауына мүмкіндік береді және билеттің құнына да әсер етеді, – дейді Райымқұлова.

Палата төрағасы Нұрлан Нығматулин мәдениет және спорт министрінің бұл ұсынысына пікір білдірді. 

– Меніңше, нағыз өнер ол – айтыс. Айтысқа фонограммамен шығып көріңізші. Онда ешқашан, ешқандай фонограмма болмайды. Сол үшін шығар, халқымыз осы айтысты жақсы көреді. "Қисық арба жол бұзады" деп халқымыз айтқандай, өнер әрқашан да таза болуы керек. Әнді жанды дауыста айтқан дұрыс. Ал фонограмма болса, онда оны алдын-ала ескерту қажет және билеттің бағасы да соған сәйкес болуы тиіс. Одан кейін халық ол концертке баратынын не бармайтынын өзі шешеді. Әрине, концерт жанды дауыста болса әншіге халықтың бағасы да, құрметі де жоғары болады, – деп атап айтты мәжіліс төрағасы. 

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Баннер

Пікір қалдыру

пікір