• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

22 Қараша, 02:07:55
Алматы
+12°

"Қамшы" редакциясына Алматы облысы Ақсу ауданы Қызылағаш ауылының Камаш Нұрданбек есімді тұрғыны жоғалған жиырма ірі қараны іздеуге жергілікті полиция қызметкерлері құлық танытпай отырғанын айтып хабарласты. Оның сөзінше, полиция қызметкерлері о баста "жоғалған мал табылды, қылмыскерлер ұсталды" деп хабарлап, артынша сөздерінен тайқып, шатасқандарын жеткізген. "Жергілікті ішкі істер бөлімінен қайыр болмады" деген азамат ішкі істер министрі, бас прокурор және Алматы облысының әкімінен көмек сұрайды. Мәселенің толық мән-жайы оқырман хатында баян етілген.

ҚР Ішкі істер министрі Е.З. Тұрғымбаевқа;

ҚР Бас прокуроры Ғ.Д. Нұрдәулетовке;

Алматы облысының әкімі А.Ғ. Баталовқа

АРЫЗ

Мен Камаш Нұрданбек – Алматы облысы Ақсу ауданы Қызылағаш ауылындағы Далғабаев көшесі №17-үйдің тұрғынымын.

2019 жылдың 22 шілдесінде менің қорамнан жиырма бас ірі қара ұрланды. Менің шағымым бойынша аталған дерек №191932031000401 қылмыстық іс ретінде Ақсу аудандық полиция бөліміне тіркелген. Алайда полиция қызметкерлерінің жасаған жұмыстарының  нәтижесі оңды болмай отыр. Олар алдымен "мал табылды, ұрылар ұсталды" деп алып, көп ұзамай сөздерінен жалтарып, "малды таппадық, шатасыппыз, табылған мал басқа біреудікі екен" деп отыр. Артынша іздеу жұмыстары мүлде тоқтатылған.

Малымызды "табылды" деп алып, артынша сөздерін қайтып алуы түрлі бөтен ойларға жетелейді. Елімізде мал ұрлығы бойынша заң қатаңдатылып жатқанда, жергілікті полицейлердің бұл әрекетін түсіне алмадық.

Мал ұрлығы үшін жазаны күшейтуді мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың өзі 2019 жылдың қазан айында тапсырған болатын.

Тоқаев жазбасынан

Ал 27 желтоқсанда Президент қол қойған бірқатар заңмен бірге "Мал ұрлығына" қатысты бап та бар. Мәселен, қылмыстық кодекстің 188-бабына төмендегідей өзгеріс енген:

188-1-бап. Мал ұрлау

  1. Мал ұрлау, яғни бөтеннің малын жасырын жымқыру – мүлкі тәркіленіп, үш мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, не бес жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге, не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады;
  2. 2) ірі мөлшерде жасалған мал ұрлау – мүлкі тәркіленіп, үш жылдан жеті жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
  3. 2) тұрғын үй-жайдың, кәсіпорынның, ұйымның, мекеменің, мал қораның, қашаның немесе өзге де қойманың ауласына кірумен жасалған мал ұрлау –  мүлкім тәркіленіп, бес жылдан он жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
  4. 2) 2) аса ірі мөлшерде жасалған мал ұрлау – мүлкі тәркіленіп, жеті жылдан он екі жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.

Көріп отырғанымыздай заң қатаңдатылған. Ауылда малы ұрланып, жер сипап қалған жалғыз мен ғана емес. Біз заңның күшейуіне байланысты қылмыскерлер полиция қызметкерлерінің "аузын майлап", істі жылы жабуға күш салып отыр ма деп алаңдаймыз. Әрине, біз полицейлеріміз адал қызмет атқаратынына сенгіміз келеді. Десек те, құны 5-6 миллион шамасындағы 20 бас ірі қара табылса да, сыбайластықпен жоқ болып кету қаупі бар.

Азын аулақ малымызбен жан бағып, күн көріп отырған біз сияқты қарапайым шаруаларға осы заң ғана медет беріп отыр. Сіздерден тиісті құзырлы мекемелер арқылы жоғарыдан тексерістер жүргізіп, көмек көрсетулеріңізді сұраймыз!

Құрметпен: Камаш Нұрданбек

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір