Видеодан скриншот
Біріккен Ұлттар Ұйымының (БҰҰ) өкілі Қазақстанның терроризмге қарсы іс-қимылына жоғары баға беріп отыр. Жуырда Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберди БҰҰ Бас хатшысының орынбасары – Терроризмге қарсы іс-қимыл дирекциясының басшысы Владимир Воронковпен бейнеконференция арқылы келіссөздер жүргізді.
Кездесу барысында тараптар терроризмге қарсы іс-қимыл саласындағы ынтымақтастықты дамыту жоспарларын, оның ішінде Қазақстанның бастамасымен жасалған терроризмнен азат әлемге жету, сондай-ақ әскери қақтығыстар аймақтарынан оралған азаматтарды, ең алдымен балаларды оңалту және реинтеграциялау бойынша алдыңғы қатарлы қазақстандық тәжірибені насихаттауға бағытталған бірлескен жобаларды жүзеге асыру үшін әдеп кодексін ілгерілетуді талқылаған болатын.
БҰҰ өкілі біздің еліміздің халықаралық терроризмге қарсы іс-қимыл саласындағы қызметін және Сирия мен Ирактан азаматтарымыздың оралуы бойынша «Жусан» және «Русафа» гуманитарлық операцияларының нәтижелерін жоғары бағалады.
Қазақстан БҰҰ-ның Орталық Азиядағы терроризмге қарсы жаһандық стратегиясын іске асыру және БҰҰ-ның Алматы хабының негізінде аймақтық ынтымақтастықты нығайту жөніндегі аймақтық іс-шаралар жоспарының төртінші кезеңін әзірлеуге және іске асыруға белсенді қатысуға ниетті екенін білдірді.
Қазақстан терроризмге қатысы бар деген күдікпен өз азаматтарын Сирия мен Ирактағы қақтығыс аймақтарынан бірінші болып қайтарған елдердің қатарында. Азаматтардың көпшілігі әйелдер мен балалар, бірақ оралғандар арасында террористік топтардың мүшелері, оның ішінде кісі өлтірушілер мен жазалаушылар да бар. БҰҰ Бас Ассамблеяның 75-ші сессиясы аясында өткізілген іс-шара барысында Қазақстан да өз тәжірибесімен бөлісті.
Еркежан Арын
Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.
Пікір қалдыру
пікір