• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

21 Қараша, 15:41:51
Алматы
+12°

Коммунистік идеяны қолдайтын, жуырда ғана атауын өзгерткен "Қазақстан халық партиясы" кандидаттар тізімінде Алматы қаласы қоғамдық кеңесінің мүшесі Әлібек Шәпенов те бар. Ол бүгін facebook парақшасына Ресей депутаттарының Қазақстан тарапына қарата айтылған даулы сөздерін айыптаған Қазақстан Халық партиясы орталық комитеті саяси бюросының мәлімдемесін бөлісті.

Мәлімдемеде партия "ресейлік өресі тар саясаткерлердің, журналистердің және танымал тұлғалардың Қазақстанға деген жауапсыз және қауіпті мәлімдемелеріне өзінің наразылығын білдіретіні", "теріс пікірлерге талдау жүргізу, құқықтық баға беру және олардың Қазақстан Республикасы аумағына кіруіне тыйым салу, тіпті қылмыстық жауаптылыққа тарту секілді шаралар кешенін қабылдау қажет деп санайтыны" жазылған.

Алайда Әлібек Шәпеновтың өзі 6 желтоқсанда Қазақстанның мемлекеттілігі мен оның жері туралы даулы мәлімдеме жасап, сынға ұшыраған. Ол facebook парақшасында Ресей империясының 1914 жылғы бірінші дүниежүзілік соғыс қарсаңындағы картасын жариялап, "картада ұлттық мемлекеттер қайда? Қазақстан қайда? Қазақ капиталистік республикасы қайда? Қазақ хандығы қайда? Қазақ аймағы, Қазақ облысы немесе губерниясы қайда?" деген жазба қалдырған.

Әлібек Шәпенов жазбасының алғашқы нұсқасы

Жазба желіде біршама шу шығарып, көптеген адамдар наразы пікірлерін білдіріп жатты. Бірнеше күннен кейін Шәпенов жазбасына өзгерту енгізіп, өз тарапына түрлі сөздер айтылғанын, әлдекімдер өзін жаман жақтан көрсетуге тырысқанын мәлімдеді.

Әлібек Шәпенов жазбасының өзгертілген нұсқасы

Сондай-ақ ол даулы жазбада қазақ мемлекеттілігі Ресей империясының құрамына енгеннен кейін жоғалғаны туралы, үлкен территориясына қарамастан қазақтар Ресей империясының түрлі әкімшілік құрылымдарына бытыратылғанын айтпақ болғанын жеткізді.

Жазбаға сараптама жасаған тарих ғылымдарының докторы, академик Хангелді Әбжанов "Шәпенов жазбасына өзгерту енгізу арқылы өзін ақтауға тырысып отыр, онысы даулы мәлімдемесінің тігісін жатқызып, наразы адамдардың көңілін аулауға бағытталған" деген пікірде.

– Мәселенің түйіні интонация – екпін деген деген бар ғой, соған келіп тіреледі. Бір сөздің өзін түрлі мағынада, түрлі екпінмен айтуға болады. Шәпенов жазбасының алғашқы нұсқасында "қазақтың жері жоқ, елі жоқ" деген нұсқада айтып отырғандай әсер қалдырады. Екінші, толықтырылған нұсқада тарқатып, тігісін жатқызып, тарихтан аздап хабары бар екенін көрсеткен. Қалай болғанда да мемлекет, жер мәселелері үлкен тарихи дау-дамайға ұрындыруы мүмкін мәселелер. Ол мысқылы да бар, мақұлдап та тұрғаны белгісіз мағынада сөйлемеуі керек еді. Ал картаны қарайтын болсақ, Шәпенов жоққа шығарып тұрған Орал облысы, Торғай, Ақмола, Сырдария, Жетісу облыстары тұр. Қазақтың бүкіл жері тұр. Екінші Ақмола облысы, екінші Торғай жер бетінде жоқ қой. Сондықтан "қазақ елі қайда" дегеніне жол болсын. Мүлде дерек келтірмесе, "мына азамат біздің жерімізді білмейді екен ғой" деуге болады. Ал мында батыстан Алтайға дейін көрсетіліп тұрғандықтан, манағыдай сөз айту жақсы ниеттен, жақсы сөзден шықты деп айта алмаймын. Жұрттың ренжуіне негіз болып тұрған осы. Оның о бастағы пиғылы түзу болмаған. Тек қарсылық көбейгеннен кейін ғана ақталғандай әрекет жасады. Егер Шәпеновтей адам депутат болып жатса, парламентіміз жетіскен нәтижеге қол жеткізбейді. Былыққан үстіне былыға береді. Мұндай азаматтардың парламентке өтуіне үзілді кесілді қарсымын, – дейді академик.

Әлібек Шәпенов сұқбаттарының бірінде бұрын құқық қорғау органдарында істегенін, аудандық ішкі істер бөлімі басшының орынбасары қызметіне дейін өскенін, отставкаға шыққан соң партия жұмысына араласып, Қазақстан коммунистік халық партиясы Алматы қалалық комитетінің бірінші хатшысы болғанын айтқан.

Депутаттыққа кандидат facebook-тегі парақшасын белсенді жүргізеді. Атаулы күндер туралы жазып, 30, 40 жыл бұрын Кеңес одағында болған оқиғаларды еске алып отыратын әдеті бар. Жазбаларының барлығы дерлік орыс тілінде.

Меліс Сейдахметов

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір