• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

24 Қараша, 13:39:03
Алматы
+12°
Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов facebook парақшасында педагогтер мен ғылыми қызметкерлерге марапаттар тағайындаудың жаңа талаптарын жазды.
 
– Жұмыста міндетін өте жақсы орындаған кез келген маман тиісті түрде ынталандырылуы керек. Бұл қызметтегі өсу ғана емес, белгілі бір жетістіктер үшін берілетін ақшалай сыйақылар немесе грамоталар мен төсбелгілер болуы мүмкін. Тіпті жұмыстың сапалы орындалғаны үшін басшылық тарапынан айтылатын алғыстың өзі үлкен мотивация береді. Осы ретте көтермелеу жүйесінің маңызы зор екені белгілі.
 
Біз марапаттарды тағайындау үдерісінің барынша объективті, ашық және меритократия қағидаттарына толығымен сәйкес болуына ұмтыламыз. Осы мақсатта білім және ғылым министрлігінің ведомстволық наградалары мен марапаттау жүйесіне қатысты жаңа өзгерістерді енгізуге негіз болатын бұйрық дайындадық. Бұл министрлік тарапынан ұсынылатын дипломдарға, грамоталарға, төсбелгілер мен алғыс хаттарға қатысты мәселе. Әріптестерімнің арасында аталған марапаттарды берудің объективтілігіне қатысты бірнеше рет сұрақтар туындағанын жасырмаймын. Осыған байланысты барлық күмәнді жою үшін біз педагогтер, оқу ісінің меңгерушілері, мектеп директорлары, әдіскерлерден тұратын жұмыс тобын құрдық. Бұйрыққа енгізілген ұсыныстарды да дәл осы жұмыс тобы әзірледі. Бұл құжаттың бұған дейін қолданыста болған бұйрықтан айырмашылығы айтарлықтай көп, – деп жазды министр.
 
Марапаттарды беруге қатысты қойылған жаңа талаптар бар.
 
"Қойылған жаңа талаптардың бірнешеуін атап өтейін:
– жұмыс көрсеткіштерінің нақты тізбесі көрсетіледі;
– көрсеткіштер маңыздылығына қарай әртүрлі балмен бағаланады, бәсекелестік болуы үшін марапат көп балл жинаған адамға беріледі;
– көтермелеудің жаңа түрлері енгізіледі (деңгей бойынша білім беру ісінің үздігі құрмет грамотасы);
– марапаттау реттілікпен беріледі (бірден ең жоғары марапат берілмейді, реттілік сақталуы тиіс);
– марапат алатын тұлғалар бойынша ақпарат цифрландырылуы, есепке алынуы және ашықтық қамтамасыз етілуі тиіс.
 
Аталған бұйрыққа сәйкес марапаттарды тағайындау тәртібі нақты ретке келтірілген. Мұның барлығы марапатқа үміткерлерді әділ және ашық іріктеуге, субъективті тәуекелдерді айтарлықтай азайтуға бағытталған. Жаңа талаптар еліміздегі педагогтер мен ғалымдарды объективті әрі ашық марапаттау тәртібін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді деп санаймыз. Үміткерлердің жұмыс ерекшелігін ескере отырып, олардың қандай да бір марапатқа ие болу мүмкіндігін теңестіру үшін біз мектепке дейінгі, бастауыш, орта, орта білімнен кейінгі білім беру, ТжКБ педагогтерін, ЖОО оқытушылары мен ғылыми қызметкерлерді саралау бойынша шешім қабылдадық. Осылайша, мұғалімдердің немесе ғалымдардың әр жеке санатында бәсекелестік болады. Жыл сайын біздің бастамамыз бойынша педагогтер мен ғылыми қызметкерлердің нормаланған саны марапатталатын болады. Бұл ретте басшылық міндеттерін атқаратын азаматтар саны (директорлар, меңгерушілер және т.б.) 20 пайыздан аспауы тиіс" делінген министрдің әлеуметтік желідегі жазбасында.
 
"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір