• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

29 Наурыз, 02:26:17
Алматы
+35°

Бүгін мәжілістің жалпы отырысында Nur Otan партиясының фракция мүшелері, депутаттар Жанарбек Әшімжан мен Жұлдыз Сүлейменова білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовке депутаттық сауал жолдады. 

Депутаттар алдымен педагог мамандардың тапшылығы, өтпелі кезеңде жақсы оқыған түлектердің педагогикалық мамандықтарға бармайтыны туралы айтып, педагогикалық жоғары оқу орындарындағы студенттердің ауыл мектептеріне келмейтініне назар аударды. Осы тұрғыдан ауыл мектептерін үздік тәмамдаған түлектерді педагогика мамандықтарына үгіттеу жұмыстарын жүйелендіріп, жандандыру қажеттігін сөз етті.

– Екінші, педагогика мамандықтарындағы студенттердің теориялық білімін, педагогикалық методикамен ұштастыру мақсатында педагогикалық тәжірибені автономды негізде бір апта, екі апта, алты апта емес, 2 жылға, яғни ІІ, ІІІ, ІҮ курстарда міндетті бірыңғай әрі үздіксіз педагогикалық тәжірибесін енгізуді қарастыруды ұсынамыз, – деді Жұлдыз Сүлейменова.

Депутаттардың айтуынша, ЖОО-ны бітірген түлектерде әдістемелік білім деңгейінің жеткіліксіздігі байқалады.

– Үшінші, көпжылдық тәжірибе көрсеткендей, педагогикалық университеттер түлектерінің көпшілігінде орта мектептерде пәндік және әдістемелік білім деңгейінің жеткіліксіздігі байқалады. Осы ретте академиялық адалдық қағидаттарына негізделген тәуелсіз негізде педагогикалық жоғары оқу орындары бітіруші түлектерінің пәндік білім деңгейін тексеру тетіктерін ойластыру керек, – делінген сауалда. 

Депутаттар ЖОО-да жаңа әдіс-тәсілдерді үйрету үшін жаңашыл ұстаздардың авторлық курстарын ұйымдастыру керегін ұсынды.

– Төртінші, педагогикалық жоғары оқу орындарында қазіргі замандағы жаңа инновациялық-педагогикалық технологияны, әдіс-тәсілдерді студенттерге тиімді үйрету мақсатында онлайн негізде еліміздегі новатор ұстаздардың авторлық курстарын ұйымдастыруды ұсынамыз, – деді депутаттар.

Сондай-ақ депутаттар мектептердегі жаратылыстану-математика бағыттарындағы пән мұғалімдерінің тапшылығын азайтуға септігін тигізетін ұсынысты да айтты.

– Бесінші, педагог мәртебесі туралы заңның педагогке кәсіби қызметке рұқсат беру деп аталатын 10-бабының жалпы бейіні сәйкес келмейтін педагогикалық немесе кәсіптік білімі бар адамдарға, сондай-ақ педагогикалық білімі жоқ, бірақ даярлықтың тиісті бағыты бойынша жоғары, жоғары орыннан кейінгі техникалық және кәсіптік білімі бар адамдарға тиісті педагогикалық қайта даярлаудан өткеннен кейін педагог ретінде кәсіби қызметпен айналысу құқығы беріледі деп көрсетілген 3-тармағын орындау механизмдерін облыстық, қалалық және аудандық білім бөлімдері бірлесе отырып жетілдіру қажет деп ойлаймыз. Бұл норма өз кезегінде бүгінгі таңда мектептердегі жаратылыстану-математикалық бағыттардағы пән мұғалімдерінің тапшылығын азайтуға септігін тигізеді деген ойдамыз, – делінген депутаттар сауалында.

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір