• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

21 Қараша, 16:42:25
Алматы
+12°

Президент сайлауынан кейін өзін "реформатормын" деп атаған Қасым-Жомарт Тоқаевтың реформалары мен оның билігі тұсындағы қоғамдық-саяси өмірдегі оқиғаларға көзқарас әртүрлі. Бір тарап Тоқаевтың бағыты елдің тұңғыш президенті Назарбаевтың саясатымен сабақтастықта Қазақстандағы демократияны эволюциялық түрде дамытып келеді десе, келесі тарап Тоқаев өзіне берілген тарихи мүмкіндікті пайдаланбай, елдегі демократияның дамуына тежеу салып отырғанын айтады.

Соңғы уақытта елде үкіметтік емес ұйымдардың қызметі бірінен кейін бірі шектеліп жатыр. Әдеттегі тексеріс болып көрінген шараны ұйым басшылары "саяси астары бар әрекет" деп бағалайды. Атап айтқанда, салық есептеріндегі шикіліктер үшін 25 қаңтарда Қазақстандағы адам құқығы жөніндегі халықаралық бюро мен "Халықаралық құқықтық бастама" ұйымының қызметі 3 айға тоқтатылды. Үкім әзірге күшіне енген жоқ. Бұған дейін "Еркіндік қанаты" "Эхо" бірлестігінің қызметі үш айға шектелген. Сондай-ақ "Қадір-қасиет", "MediaNet" және "Құқықтық медиаорталық" ұйымдарының істері де салық есебіндегі қатеге байланысты қаралмақ. Аталған ұйымдар адам құқығын, сайлау және сөз еркіндігін бақылаумен айналысады.

Бейбіт митинг туралы президент Тоқаевтың "қоғам да, мемлекет те бұқараның өз ұстанымын білдіруіне адекватты қарайтын кезге жетті" дегеніне қарамастан, наразыларды ұстау, қамау жалғасып келеді. Парламент мәжілісі сайлауы өткен 10 қаңтарда алаңға шыққан азаматтарды арнайы жасақ "Кеттлинг" әдісімен сағаттап қоршап тұрды. Ас-су ішуге, дәретханаға баруға жібермеді.

Сол күнгі парламент мәжілісі сайлауының нәтижесі 2016 жылғы сайлау нәтижесіне ұқсас болды. Тәуелсіз бақылаушыларды қудалау, оларды сайлау уческелеріне кіргізбей қою, хаттамаларды бермеу секілді әрекеттер тіркелді. Заң бойынша, сайлаудан кейін отставкаға кетуге тиіс үкіметтің екі мүшесі ғана ауысып, қалғаны орнын сақтап қалды.

Тәуелсіз сарапшылар сайлауға дейін қабылданған саяси партиялар туралы, сайлау туралы, бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы заңдар бұрынғы заңнан айтарлықтай айырмашылығы жоқ деп санайды. Қоғамдық талқылау кезінде білдірілген ұсыныстар ескерусіз қалғанын, қоғамдық өмір үшін маңызды заңдардың карантин кезінде қабылданғанын сынайды. Жаңа нормалар шынайы саяси реформаға бастамайтынын, "саяси реформа имитациясы" ғана екенін мәлімдеді.

Осы заңдардың қабылдануына бастамашыл болған ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің кей мүшелері депутат атанса, кей мүшелері "кеңес арқылы реформа жасау мүмкін еместігіне көз жеткізгендерін" айтып өз еркімен одан шығып кетті.

Депутат атанған кеңес мүшелерінің бірі, саясаттанушы Ерлан Саиров Тоқаев ұстанған бағыт Назарбаев саясатымен сабақтасатынын атап өтіп, сенім кеңесінің таяуда болатын отырысында саяси реформалардың кезекті пакеті ұсынылатынын жеткізді.

Саясаттанушы Ерлан Саиров

– Президентіміз қызметіне кіріскен уақытта тұңғыш президент Нұрсұлтан Назарбаев ұстанған бағытқа сабақтас саясат жүргізетінін айтқан. Бүгін соның көрінісін көріп отырмыз. Қазақстанда демократияның эволюциялық тұрғыда дамып жатқанына куәміз. Президент жолдауында ауыл әкімдерін сайлау мәселесін көтерді. Жуырда сайлау бюлетеніне "барлығына қарсымын" графасын енгізуді, партиялар үшін мәжіліске өтудің төменгі шегін 7 пайыздан 5 пайызға төмендетудің қажеттігін айтты. Бұлар – өте маңызды бастамалар. Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің алдағы отырыстарында саяси реформалардың жаңа пакеті ұсынылады. Сондай-ақ ақпарат және қоғамдық даму министрлігі қоғамдық бақылау туралы заң жобасын әзірлеп жатыр. Оның аясында азаматтардың құқығын қорғау, құқығын кеңейту мәселелері қамтылады. Десе де әлемде қазір түрлі қарамай-қайшылықтар болып жатыр. Әділет, теңдік ұғымдарының түсінігі өзгерген. Бұған Қазақстан ғана емес, әлем елдері дұрыс жауап берудің жолдарын іздеу үстінде, – дейді саясаттанушы.

Ерлан Саиров үкіметтік емес ұйымдарға қатысты туындап жатқан мәселеде саяси астар жоқ деп санайтынын, түйіткіл салық қызметіне байланысты техникалық қателерден туған деп есептейтінін жеткізіп, таяуда мәселе ұйымдардың пайдасына шешілетініне сенім білдірді.

Ал саясаттанушы Мұхтар Сеңгірбай "сайлау өткен соң реформа жасауға ұсыныс тастау – бұрыннан бар әдіс. Себебі келесі сайлаудың ауылы алыс, оған дейін демократия ойынын ойнай тұруға болады" деген пікірде.

Саясаттанушы Мұхтар Сеңгірбай

– Өкінішке қарай, Қазақстан әр сайлау сайын демократиядан, халықпен санаса отырып шешім қабылдау механизмдерінен айырылып, авторитарлық режимді нығайтып барады. Алдыңғы сайлаулардағыдай қуыршақ кандидатты қатыстыру әдісі де қауіпті екені байқалған соң, оның өзі режимнің тұрақтылығына қатерлі деп саналатын болды. Сонымен бірге бұрынғы репрессиялық әдістерді көрмеген, технология, инстаграм мен тикток заманының қоғамы өсіп келеді. Билік оларға ескі әдістермен ықпал етеміз деп ойлайды. Қоғам мен билік арасындағы осындай алшақтық бұрынғыдан да анық байқалып келеді, – деген саясаттанушы Тоқаевқа қатысты тәуелсіз саяси тұлға туралы айту қиын екенін жеткізді.

– Қазақстандағы саяси режимде өзгеріс болған жоқ, оның үстіне, бұрынғы президент әлі де түрлі жолдармен президенттің шешім қабылдауына ықпал етіп отыр. Екіншіден, Тоқаев осы жүйенің ішіндегі адам, ол кісі билікке басқа бір бағдарламамен, басқа саяси топ атынан келген жоқ. Сондықтан бұл жерде қандай да бір өзгеріс күтудің өзі артық болар еді. Әрине, Қазақстан қоғамы институттардан емес, жеке адамдардан, тұлғалардан үміт күтеді, саясат жеке тұлғаларға негізделген. Бірақ дәл осы саяси реформалар мәселесіне келгенде, көпшілігінің ұстанымы бір арнаға тоғысады, – дейді ол.

Саясаттанушы, ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі Расул Жұмалы әлсін реформалардың тиісті деңгейде орындалуына атқарушы биліктің өзгергісі келмейтіні себеп болып отыр деп санайды.

Саясаттанушы Расул Жұмалы

– Қалай десек те Тоқаевтың келуімен Қазақстанда өзгерістер болып жатыр. Әрине, әлдекімдер қалағандай шапшаң емес шығар. Бұған халықтың барлығы қанағаттанбайтын да шығар. Бірақ өзгеріс жоқ емес. Соған қарамастан Қазақстанда өзгертуді қажет ететін мәселе жетерлік. Мәселен, адам құқықтарын қорғайтын ұйымдардың қудалануы жағымды құбылыс емес. Салық есептерінің дұрыс еместігі тек сылтау ғана деп санаймын. Меніңше, бұның саяси астары бар. Тағы бір айтарлығы, әлсін өзгерістердің өзінің орындалуы баяу. Оның себебін президенттің өзінен немесе оның командасынан іздеуге болатын шығар. Анығы – билікте реформаға көзқарас біртұтас емес. Реформаларды қаламайтын орта бар. Ескіше қалғанын қалайтындар, баспасөзді бақылап отырғысы келетін, балама көзқарастың болмағанын қалайтын орталар аз емес. Мысалы, орта деңгейдегі шенділердің қабылданған заңдарды толық орындағысы келмейтінін көріп отырмыз. Шерулерді алайық. Құлақтандыру тәртібі заңмен бекітілді. Бірақ жеме-жемге келгенде бұрынғы шектеулер сақталып отыр. Сонда президент тарапынан рұхсат берілгенімен, атқарушы органдар, құқық қорғау органдары ескі сарынға салып отыр. Бұл басқарушы элита, саяси элита тарапынан реформаға қарсылықты білдіреді. Реформалардың ойдағыдай іске аспай жатуының бірден-бір себебі осы, –  деп атап өтті саясаттанушы.

Оның айтуынша, қоғамға саяси өмірге араласуға мүмкіндік беріліп жатыр.

–  Партия құруға қажетті адам саны төмендетілді. Иә, 20 мың қол да аз емес, бірақ бұл Қазақстан халқының 0,1 пайызы ғана. Жақтастарын жинап, саяси қозғалыс құрам деген адам үшін 20 мың қол жинау бағындыруға болатын меже. Азаматтық қоғам баспасөз арқылы, әлеуметтік желі, қоғамдық қозғалыстар арқылы үнін білдірсе, билік реформаға мәжбүр болады. Соңғы бір-екі жылдағы әлсін-әлсін өзгерістер – осыған дейін айтылып келген қоғам сұранысын билік орындауға мәжбүр болып отырғанының көрсеткіші. Жағдай өзгермесе, қоғам жарылатынын, ол қауіпсіздікке нұқсат келтіретінін билік те түсінеді. Мені жақсы ойға жетелейтіні – Тоқаев "саяси реформа бастаймын" деді, бастап жатыр. Сөз бен істің сабақтастығы бар. Көпшіліктің барлығына бірдей ұнап отырмаған болуы да мүмкін. Бірақ саяси сала – өте консервативті сала. Реформа жасауда асығыстыққа баруға да болмайды. Қырғызстанды алайықшы. Кезінде асығыс-үсігіс президенттік жүйеден парламенттік жүйеге өтіп кетті. Арты революцияға, қантөгіске ұласты. Енді қайтадан президенттік жүйеге өткелі жатыр. Сондықтан реформаны дайындықсыз, оның салдарын болжамай жасауға асықпаған жөн. Айта берсем, менің де келіспейтін тұсым, сыни көзқарасым жетеді. Ұлттық кеңестен шықпай отырғанымның бірден бір себебі – елде үрдіс байқалады. Қозғалыс бар. Түк шықпайды деп отыра берсек, тоқырау үстіне тоқырай береміз. Ал тоқыраудан кейін қайтадан еңсе тіктеу оңай болмайды, – дейді ол.

Саясаткер, журналист Әміржан Қосанов Тоқаев Қазақстанда реформа жасау үшін осыған дейінгі қателіктерді мойындауы керек, ал мойындаса, Назарбаевқа тиіп кете ме деп тартынатынын жеткізді.

Саясаткер, журналист Әміржан Қосанов

– Тұғырнамалық тұрғыдан алғанда, Тоқаев о баста Назарбаев тұсында жүргізілген саясатты жалғастырушысы болатынын ашық айтты. Бірақ 30 жыл бойына өз шешімін таппай, қордаланып қалған проблемаларды шешу керек қой. Ол үшін шынайы өзгерістер қажет. Бірақ Авгий атқорасын тазалау үшін, алдымен, сол атқораның таза еместігін мойындау керек. Ол мойындау, сөзсіз, осыншама жыл елді басқарған елбасына тиіп кетуі ықтимал. Ал бізде ол кісіге қатысты сын айтудың өзі қиын ғой. Міне, Тоқаев тіреліп отырған тарихи тұйық осы болар. Менің болжамым мынадай. Тоқаев сөз жүзінде Назарбаев саясатынан айнымайды. Бірақ ол келесі президент сайлауы алдында бар жауапкершілік елбасына емес, тек өзіне жүктелетінін біліп, біртіндеп өз өзгерістерін қолға ала бастауға мәжбүр болады. Ол реформация қандай болады – түбегейлі ме, әлде жеңіл-желпі ме – ол Тоқаев пен Назарбаевтың арасындағы біз біле бермейтін келісімдерге байланысты болар. Бейнелеп айтсақ, бүгінде Тоқаев атышулы аңыздағы "өгіз бен арба дилеммасы" алдында тұр. Не өгіз өледі, яғни қалыптасқан ахуалды сынға алып, реформаларды қолға алса, Назарбаев пен биліктегі консервативті күштер қарсы болады. Олар керек десеңіз, сарай төңкерісін жасап, Тоқаевты орнынан алып тастауы да мүмкін. Не арба сынады, яғни өзгерістерді қалап отырған қоғам қарсылық танытып, Беларусь пен Ресейдегідей бас көтеруі мүмкін. Екі тенденцияның, екі бағыттың, екі қозғаушы күштің қай жағына шығады – ол Тоқаевтың өз таңдауы болмақ... – деп санайды саясаткер.

Саясаттанушы, экс-дипломат Қазбек Бейсебаев "Тоқаев Назарбаевтың жолымен жүретінін айтқан, сондықтан Қазақстанда болып жатқан жағдайларға таңғалудың қажеті жоқ" деп есептейді.

Саясаттанушы, экс-дипломат Қазбек Бейсебаев

– Тоқаев Назарбаевтың жолымен жүретінін бір-екі рет айтты. Жақында жарияланған мақаласында қателеспесем, Назарбаевтың атын 5 рет пе, 6 рет пе атады. Бұл да оның тұңғыш президент салған жолмен жүріп келе жатқанын білдіреді. Сондықтан өзгерген ештеңе жоқ. Неге біздің билік үкіметтік емес ұйымдарға қысым жасалынуының себебін түсіндірмейді. Уәдені үйіп-төккен су жаңа депуттар неге үнсіз? Ұлттық кеңес неге мәселе көтермейді? Ұлттық кеңесті билік пен халық арасында байланыс орнататын құрал ретінде құрды емес пе? Жоқ. Ештеңе өзгерген жоқ. Тоқаев президент болғаннан бергі істелінген жұмыстарға қараңыз. Партия туралы заңды "үлкен қадам" деп жатқандар бар. Кешірерсіз, бізден 10 есе үлкен Ресейде партия құру үшін 500 адам жинау жеткілікті. Қажетті адам санын 40 мыңнан 20 мыңға түсіру "қадам" ба? Митинг пен парламенттегі әйелдер және жастардың үлесін 30 пайызға жеткізу туралы өзгерісті әлдеқандай қылып айтады. Мұнда да еш өзгеріс жоқ. Кеше үкіметтің кеңейтілген отырысы өтті. Жақсы сөздер айтылды. Бірақ біз ол сөздерді естіп келе жатқанымызға 30 жыл болды ғой. Оның үстіне, тұңғыш президент соңғы кезде белсенді болып кетті. Аптасына бір-екі рет министрлерді қабылдайды. Бұдан кейін халық арасында елді кім басқарып отырғаны туралы әңгіме тарамағанда қайтаді? – дейді экс-дипломат.

Меліс Сейдахметов

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір