• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

22 Қараша, 11:27:45
Алматы
+12°

Абырой – шенеунік үшін маңызды фактор. Лауазымды тұлғаның атына кір келсе, одан сорақысы - жемқорлық дауына тап болса, ол қоғам арасындағы беделінен әп-сәтте айырылады. Халықтың мемлекеттік өмірге араласуын қамтамасыз ететін қоғамдық бақылау деген осы.

Мұндай пікірді жуырда ғана Мәжіліс депутаты атанған саясаттанушы Ерлан Сайыров айтты. Сонымен бірге, ол құқық қорғау органдарының жазалаушы тетіктерді заңсыз пайдалануы - кінәсіздерді қудалауға әкеп соқтырған кезде сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес тиімсіз күреске айналмауы керек екенін айтты.

- Ерлан Бияхметұлы, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес кейбір тұлғалар үшін тек ұрандатып айтылатын іс-шараға, яғни саяси ұпай жинау тәсіліне айналған сияқты, себебі мұндай мәлімдемелер көбіне құр сөзбен аяқталып жатады…

- Бүгінде әрбір екінші адам сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің маңыздылығын айтуда. Бұл тақырып жастардың тілімен айтқанда хайпқа айналып барады. Меніңше, бұл мәселеде бірінші кезекте азаматтардың санасын өзгерту жұмысымен тереңірек айналысу керек. Жемқорлықпен айналысатын адам ел мен оның азаматтарының болашағын ұрлап, мемлекеттің негізін бұзатынын нақты түсінуі керек. Біз адамдардың санасына осындай дүниелерді бала кезінен сіңдіруіміз керек. Бұл жерде айтарлықтай ерекше қағида жоқ. Айыппұл жазбау үшін полиция қызметкеріне пара ретінде берілген мың теңге миллиондаған соманы жымқырумен теңдей көрініс екенін ұғындыру керек.

Экономикалық, әлеуметтік және өзге де бағыттағы жемқорлықтардың алғышарттарын болдырмау үшін алдын алу шараларын жасаған жөн. Яғни, адамдар жайлы өмір сүру үшін. Бұл ең бастысы. Азаматтардың материалдық әл-ауқаты артқан кезде, олардың өмірі халықаралық әлеуметтік стандарттарға сәйкес болған жағдайда, адамдар шын мәнінде осындай тұрмысты сақтап қалудың маңыздылығын түсінеді. Қарапайым тілмен айтсақ, бүгінде күнделікті табыс тауып, отбасын асырау мақсатымен жүрген азаматтардың ел болашағын сақтап қалу және өз халқының тағдыры үшін жауапкершілік алу туралы ойлануға мүмкіндігі жоқ.

Тағы бір мәселе - бюджет қаражатын тиімсіз игерумен күресуге қатысты. Сыбайлас жемқорлық – бұл тек парақорлық қана емес. Сыбайлас жемқорлық – бұл өз міндеттеріне немқұрайлы қарау, бюджет қаражатын тиімсіз жұмсау және мақсатсыз пайдалану.

Соңғы 30 жылда мемлекетіміз ауыл-аймақтарды ауыз сумен қамтамасыз етуге 1 триллион теңге жұмсады. Бірақ мәселе шешілген жоқ. Осыдан кейін, тағы бір мәселе туындайды, ол - халықтың мемлекетке деген сенімінің жоғалуы. Кедейшілік пен жемқорлық салдарынан әлі күнге дейін сусыз отырған ауыл тұрғындары шенеуніктерге сенуден қалған. Бұдан бөлек, алдағы уақытта су ресурсы жаһандық тапшылыққа тап болуы мүмкін деген де болжам бар.

Яғни, «сыбайлас жемқорлықпен күрес» тіркесінің ауқымы үлкен. Бұл жемқорлықты жаппай қабылдамау, мемлекеттік қаражатты тиімді пайдалану және мемлекеттік басқарудың сапасын арттыру. Ал қоғам осыларды қадағалауы тиіс.

- Қоғамдық бақылау және тиісінше, сөгіс. Шенеуніктердің бір ғана жалақыға өмір сүрмейтінін барлығы біледі, келісесіз бе?

- «Ұлттық компанияның қызметкері мен шенеуніктер қандай ақшаға өмір сүреді?» деген сұраққа аталған лауазымдағы тұлғалар әрдайым жауап беруге дайын болуы керек.

Біздің қоғамда парақорлардың беделін барынша түсіріп, оларға қоғамдық теріс қарау дүниетанымын жасау қажет. Мұндай мәселені өзіміз де нақты түсініп, жас ұрпаққа дұрыс жеткізуіміз керек. Парақор – ол барлығын шешетін адам емес, ол қарапайым ұры.

Екінші жағынан, үкімет мемлекеттік қызметшілерді лайықты жалақымен қамтамасыз етуі керек. Біз шенеуніктерден көп нәрсені талап етеміз, ал көпшілігі қарапайым пәтерінің ақшасын төлей алмай, жалақыдан жалақыға дейін өмір сүріп жүр. Бұл әділетсіздік.

Әрине, бүгінде мемлекеттік қызметте ауқатты отбасыдан шыққандар да бар. Олар да ел қатарлы жүріп-тұруы тиіс. Бізге жалпы өз жастарымызды дұрыс тәрбиелеу керек. Көпшіліктің назарына өз байлығын көрсету қоғамдағы теріс құбылысқа айналуы тиіс. Білім мен рухани құндылықтарға басымыдылық берілу керек.

– Ал бүгін сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бағытында өзгерістер болып жатыр ма?

- Біз сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің жұмысы түбегейлі өзгергенін көріп отырмыз. Қоғаммен және сарапшылармен барлық деңгейде сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бойынша ауқымды және жүйелі жұмыс жүргізілуде. Агенттік бастамасымен қолға алынған «Адалдық алаңы» жобасы нәтижесін беруде. Осыдан екі жыл бұрын, Алик Шпекбаев бұл тетікті іске қосқан кезде, алғашқыда кездесулердің, форумдардың барлығы ресми шаралар болып көрінді. Бірақ қазір жаңа құрылымдар пайда болып жатыр. Жемқорлықтың алдын алу бойынша жүйелі жұмыс істейтін қоғам белсенділерінен құралған топ пайда болды. Олар «Өзіңнен баста» қағидаты бойынша әрекет етеді, сондай-ақ, бүгінде олар - «сыбайлас жемқорлықсыз өмір сүру және жұмыс істеу» жаңа моралінің басты миссионерлері.

Қоғамда қалыптасқан стереотиптерді бұзу өте қиын. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің осы бағытта атқарып жатқан жұмыстары нәтижелі болатынын түсіну керек.

– Сіз «Өзіңнен баста» принципі туралы айттыңыз. Кейбір қарсыластарыңыз қайбір жылдары Сізге қатысты қылмыстық істі ескере отырып, осы қағиданы Сіздің өзіңізге меңзеп айтады.

- Заңсыз айыптаулар да сыбайлас жемқорлықтың элементі. Сондықтан біз сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және оған қарсы күрес туралы айтқанда, сот төрелігінің әділдігі турасында да айтуға тиіспіз. Соттар мен прокуратураның өз жұмыстарында формалист болмай, мәселенің түбіне үңілуі өте маңызды, өйткені олар адамдардың тағдырын шешеді! Бұл қоғамда мемлекетке деген сенімді қалыптастырудың негізгі тетігі.

Менің жағдайымда өкінішке қарай, тергеу тобы мен сот жасанды белгілерді (формальные признаки) соңына дейін тексерген жоқ. Мен 10 жыл бойы адал атым үшін күресіп, оны заң аясында қорғап шықтым. Бұл біздің елімізде әділеттілік бар екенін дәлелдейді. Егер сен заң алдында кінәсіз болсаң, онда ешқашан қол қусырып отыруға болмайды.

Мәселенің мән-жайы мынада, 2010 жылы біз Моңғолиядағы қазақ ұлтының өкілдері тұратын Баян-Өлгей аймағына қазақтың ұлттық аспаптарын алып бардық. Біз осы керемет өлкеге бірнеше ғылыми экспедиция ұйымдастырдық. Органдар біздің бұл аспаптарды ол жаққа апаруға құқығымыз жоқ екенін айтты. Сот шешімінде де солай жазылды. Бірақ біз барлығы заң аясында болғанын дәлелдедік.

Бүкіл жоба демеушілер есебінен болды, бұл қандай да бір мемлекеттік, яғни бюджет ақшасына қатысты болмады. Мен ол жобадан бір тиын да алмадым. Өйткені, өз пайдасын ойлау - заң бойынша сыбайлас жемқорлықтың басты белгісі.

Екіншіден, әкелінген аспаптардың орнына біз қазақтың рухани мәдениетінің қазынасын елге қайтардық, көне заманнан келе жатқан күйлер, термелер мен әндер туралы компакт-дискілер мен кітап шығардық. Моңғолияда олар таспада сақталған екен. Қазақстанға келгеннен кейін біз барлық материалдарды цифрландырдық. Ал жарты жылдан кейін сол таспалар жарамсыз болып қалды. Яғни, біз тарих пен әлемдік қоғамдастық үшін Қазақ ұлттық мәдениетінің бірегей бөлігін сақтап қалдық. Егер де сол жарты жылға кешіккенімізде мұндай құнды дүниені мәңгіге жоғалтып алар едік. Мен бұл жобаны мақтан тұтамын.

Айтпақшы, цифрландыру қорытындысы бойынша дайындалған кітап жұртшылыққа таныстырылды, бүгінде қазақстандық және халықаралық сарапшылар «Телқоңыр» партитурасы қазақ халқының ең бірегей қазыналарының бірі болып табылады деп санайды. Олар бұл жобаның ерекше екенін сол кезде де айтты, бірақ біздің тәртіп сақшылары олардың айтқанын түсінбеді.

Біз 10 жыл бойы әділдік үшін күрестік. Бас прокуратураның наразылығы бойынша Жоғарғы сот Медеу аудандық сотының шешімін жойды. Содан кейін Медеу сотының өзі де шешімнің күшін жойды. Бүгінде прокуратураның да, сот органдарының да маған қатысты шағымы жоқ, олар мені 100% ақтады.

Менің ойымша, барлығы шынайы болуы тиіс, сондықтан мен бұл процесс туралы әлеуметтік желілерде ашық айттым. Сот бойынша барлық құжаттар интернетте қол жетімді және кез келген қолданушы таныса алады.

– Бірашама уақыт өткеннен кейін Сіз айтқан моңғолиялық әріптестеріңізбен сөйлестіңіз бе?

– Біз олармен үнемі байланыстамыз. Бұл жобамен айналысқан адамдар Моңғолияның ең жоғары наградасымен марапатталды.

- Сізде реніш жоқ па?

- Жоқ. Ең бастысы, мен адал атымды ақтадым және қазір оған философиялық көзқараспен қараймын. Менің жағдайымда жүйеде қате кетті. Бұл менің тағдырымды түбейгейлі бұзуы мүмкін еді, бірақ бұл оқиға керісінше менің бұдан да мықты болуыма әсер етті. Алайда елімізде тағдыры менің жағдайыма ұқсас адамдардың бар екенін байқап жүрмін. Көбі өз құқығын қорғай алмағандықтан, аяғына дейін күресе алмайды. Өйткені, бүгінде көптеген азаматтар құқық қорғау жүйесінің диірменіне түскеннен кейін, одан шыға алмайтындай күйге тап болады. Тергеушілер мен прокуратура айыптау үкімінің барлық жолдарын қарастырады, өйткені олардың сыйақысы мен қызметтік өсуі соған тікелей байланысты. Сонымен қатар, олар ақталу үкімдері үшін жазаланады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев қылмыстық процесте адвокатура мен прокуратураның мүмкіндіктерін теңестіруді тапсырған кезде дәл осыған назар аударды. Өйткені, сот төрелігін айыптау да сыбайлас жемқорлықтың элементі болып табылады.

Осылайша, біздің елімізде сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресте, оны қоғамдық ортада қабылдамаудан басқа, тергеу мен прокуратура органдарының бейтараптығы, сондай-ақ сот төрелігінің әділдігі түбегейлі маңызды деп айтуға болады.

- Жақында сіз Мәжіліс депутаты атандыңыз. Жұмыс өте қарқынды басталды. Жаңарған Мәжіліс алдағы жұмысына нендей жоспар құрып отыр?

- Бүгінде бүкіл әлемде қоғамдық процестерді қайта форматтау жүріп жатыр. Әлеуметтік және қоғамдық процестердегі қақтығыстардың әлеуеті артып келеді. Біздің еліміз де сол қатарда. Бізде де қоғам мен мемлекет, азаматтар мен билік қатынастарының жаңа қағидаттары пайда болады.

Мен «Nur Otan» партиясы атынан депутат болып сайландым. Партиямыздың көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев жаңа трендтерді ескере отырып, партия мүшелеріне халықпен кең диалог негізінде партия қызметін түбегейлі қайта қарау және қайта қарастыру міндетін қойды. Бұл аспектіні партия Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек бастаған партияның Саяси менеджменті сәтті бастады. Өткен жылы ұйымдастырылған праймериз және «Біз біргеміз» әлеуметтік акциясы барлық прогрессивті күштерді партияның айналасына топтастыруға жағдай жасады. Партия ішінде жаңа әлеуметтік лифтілер әзірленді, азаматтық белсенділердің басым бөлігі партияға қосылды, өңірлерде мәслихаттар ашықтықтың жаңа қағидалары бойынша жұмыс істей бастады.

Партияның арқасында жергілікті жерлерде және орталықта азаматтардың пікірін есепке алудың және халықпен консультациялар жүргізіу негізінде әлеуметтік проблемаларды шешудің тиімді жүйесі құрылды деп айтуға болады. Бұдан басқа, өңірлер үшін 216 сайлауалды партиялық бағдарлама әзірленді. Олар іс жүзінде әрбір облыстың, қаланың, ауданның алдағы 5 жылға арналған даму бағытының «жол карталарын» қамтиды: «Өзгерістер жолы: Әр азаматқа лайықты өмір!».

Партияның сайлауалды уәдесінің толық орындалуын және «Nur Otan» партиясының халықпен ашық диалог жүргізуін жария бақылау - VII сайланған «нұротандық» депутаттардың жұмысындағы басты жаңашылдық болмақ. Яғни, мен және менің депутат әріптестерім қоғамның барлық өзекті мәселелеріне, соның ішінде әлеуметтік желілерде көтерілген мәселелерге басым ден қоюға тырысамыз. Олар бойынша министрлерге сұрақтар жолдаймыз. Заң жобалау қызметі барлық мүдделі тұлғаларды тарта отырып, барынша ашық өтеді.

- Ерлан Бияхметұлы, биыл елімізде Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығы аталып өтеді. Осы уақыт ішінде Қазақстан мен қазақстандықтар не нәрсеге қол жеткізді?

– Біз өте жақсы елде тұрамыз. Бізде талантты және мейірімді адамдар бар. Бізде бір әдет бар: анау жоқ, мынау жоқ деп кедей-кепшіктің күйін жиі айтамыз. Ал егер талдайтын болсақ, осы 30 жыл ішінде Қазақстан іс жүзінде өз тәуелсіздігін нөлден бастап құрды. Біз астанамызды және өзіміздің барлық әлеуметтік міндеттемелерімізге жауап беретін тиімді экономикамызды аяққа тұрғыздық. Бізде бизнес бар. Әрине, шешілуі қажет көптеген проблема да жоқ емес, бірақ ең бастысы, бізде егенмендік бар және біз оны сақтап, кейінгі ұрпаққа табыстауға тиіспіз.

Біздің әлеуметтік-экономикалық жүйемізді жақсарту керек, бірақ ол бір орында тоқтап тұрған жоқ. Бір мысал келтіре кетейін. Пандемия кезінде әлемдік экономика 10 триллион доллар шығынға батты. Көптеген елдерде ЖІӨ-нің төмендеуі – 7-8%, ал Қазақстанда бар болғаны 2,6%-ды құрады. Сондықтан біраз мемлекеттер әлеуметтік міндеттемелердің көбін орындай алмады. Біздің мемлекет осы күнге дейін өз жоспарын орындап келеді.

Праймериз кезеңінде біз бүкіл елді – Атыраудан, Ақтаудан бастап Шығыс Қазақстанға дейін араладық. Мен 1997 жылы Орал - Ақтөбе тасжолымен жүріп өткенмін, ол жол 350 шақырымды құрайды. Біз сонымен 24 сағат жүрдік. Жол жоқ еді. Биыл біз діттеген жерімізге 2,5 сағатта жеттік. Онда халықаралық үлгідегі трасса салынған. Бізде мұндай автожолдар республика аумағының барлық жерінде бар.

Бірақ, әрине, біз одан әрі жұмыс істеуіміз керек. Бізге ғылымды дамыту керек, біз технология бойынша артта қалып отырмыз. Біз қазірдің өзінде экономиканы жоғары деңгейіне көшуіміз керек, өйткені шикізатпен әрі қарай дами алмаймыз. Мұның бәрі – келер ұрпақтың мәселесі. Біз оларды тәрбиелеп, олардың осы елде жұмыс істеуге мүмкіндігі болуы үшін жағдай жасауымыз керек. Адал еңбек ету керек.

Біздің мемлекетіміз керемет, халқымыз да талантты. Олар бұдан да зор табыстарға жететінін айтып өткім келеді.

 

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір